Бұған не қосуға болады? Ойды ой қозғайды. Сәуір айында Ақтөбе қаласында республикалық ақындайр айтысы өткізілді. Оған қатысқан жыр жүйріктері Ақтөбе спирт және арақ-шарап жөнінен де республика өңірлері арасында алдына ешкімді шығармай келе жатқанын өткір тілмен іліп жібергені бар. Әрине ақиқаттанаттап кете алмайсың. Айтыскер ақындар шындықты айтты. Айталық жыр жанпозы Болатбек Оразбаев ақтөбелік әріптесі Ершат Қайболдинге: әкіміне айтып, арақ зауыттарын жаптырмайсыңдар ма деп тап беріп еді. Ниет әрине дұрыс қой, әйтсе де шындықтың беті мен көзіне тура қарайтын болсақ, облыстық бюджетке салық төлемдерін төлеп отырған арақ өндірісінің жабыла қоюы екіталай. Оның үстіне спирт пен арақ өндірісінің иелері атымтай жомарттық танытып, жарты миллиардтан кем емес қомақты сомаға Мәдениет және спорт нысандарын тұрғызуға қаражат бөліп жатса, қайдан жабылады? Жабылмайды ешқашан. Сондай-ақ айтыскер ақын айтқандай мұндай өндірістерді жабу немес жаптыру жөніндегі тетік пен тұтқа облыс әкімінің қолында тұрған жоқ. Бұл тұста бір ғана мәселеге табан тіреуге болады. Арақ өндірісінің зиянды әрі улы қалдықтары атмосфералық ауамен қоршаға ортаға зиянын тигізбеуге тиіс. Бұл үшін озық технология мен арнайы қондырғының қажеттігі аян.
Облыс орталығында жаз айлары кезінде жағымсыз жәйттің тағы бір төркіні –сарқынды суларды тазарту деңгейінің төмендігінен туындайды. Екіншіден су бұру жүйелеріне сарқынды суларды ағызу тәртіптері мен нормативтері сақталмай жүргені де жоғарыда айтылғандай теріс көріністерге әкеліп соқтыруда. Сонда қалай болғаны? Зиянды қалдықтар тасқыны осылай жалғаса бере ме? Мұнда басы ашық сауалдар ірінші кезекте өндірістік кәсіпорындардан шығатын қалдық суды кәріз жүйелеріне тазартып ағызу қажеттігін көрсетеді.
Қалай дегенде де Ақтөбе қаласында табиғаттың ыстық маусымында жағымсыз иісті болдырмау мәселесі өткір күйінде тұр. Бұған байланысты бүгінгі күндері қандай іс-шаралар белгіленген деген мәселеге қарай ойыссақ –Ақтөбе облысы бойынша экология департаменті мен «Ақбұлақ» АҚ бірлесіп қолға алған жобалар ауызға бірінші оралады. Қазіргі кезде олар ай сайын сыртқа шығарылатын судан сынамалар алып, ондағы зиянды заттардың мөлшерін анықтау жұмыстарын жүргізуде.
Бұл жөнінде қалыптасқан тәртіп пен келісім бойынша мәселенің мәнісі талдау нәтижелеріне байланысты шешеілмек. Яғни зиынды заттар белгіленген шектен асып кеткен жағдайда, бұған жол берген кәсіпорындар өнеркәсіптік суды су бұру жүйесіне ағызуын тоқтатуға тиіс. Сонымен бірге аталған өндіріс орындары зиянды заттар мөлшерін азайту жөнінде де тиісті шаралар қабылдау қажет. Егер бұл қойылған талаптар орындалмай, аяқсыз қалатын болса, «Ақбұлақ» АҚ сол кәспорындарға көрсететін қызметін тоқтататын болады. Осы орайда Ақтөбе облысы бойынша экология департаментінен алынған нақты деректерге сүйенсек, облыс орталығында 2016 жылы 54 және өткен 2017 жылы 47 кәсіпорын зиянды заттарды мөлшерден тыс тастағанына көз жеткіземіз. Ал биылғы жылдың І тоқсанында Ақтөбе қаласында 43 кәсіпорын қоршаған ортаны ластауға жүздері жанбапты. Бұл деректің өзі мұнда зиянды қалдықтар тастаудың тасқыны тоқталмақ түгілі, одан әрі өсіп келе жатқанын көрсетеді.
-Оларға қолданыстағы нұсқаулықтарға сәкес экология департаменті тарапынан тиісті шаралар қолданылды. Сондай-ақ ауаны ластау мөлшерін төмендететін қондырғылар қондыруға нұсқамалар берілді, - деді газет тілшісіне Ақтөбе облысы бойынша экология департаменті жетекшісі Жақсығалыи Иманқұлов.
Мамандардың мәлімдеуінше бүгінгі әңгімеміздің басты арқауына айналған өнеркәсіпте пайдаланылған шайынды суларды су бұру жүйелеріне ағызудың өз тәртібі бар. Мұндай үдерістің алдында ластанған су тиісті тазартудан өткізілуі керек. Аталған қағида арнайы бұйрықпен бекітілген. Солай бола тұрса да бұған дейінгі жүргізілен сараптама қорытындылары қаладағы өндірістік орындардың басым көпшілігі бұл талаптарды белден басып жүргенін айқындап берді. Мұның ең басты күрделі жағы –зиянды заттардың кәрізге жиналатынында болып шықты. Соның салдарынан жаздың ыстық күндерінде кәріздер шіри бастайды екен. Мұндай жағдайда ауаға жағымсыз иіс таралмағанда қайтеді.
Түптей келгенде бұл айтылғандардың бәрі өндіріс технологиясын жаңғыртуға және сараптамалық жұмыстардың деңгейін тереңдетуге тіреле береді. Осы орайда жергілікті өкілетті органдар Ресейдің Қазан қаласындағы ғылыми-зерттеу институтының ұжымымен қоян-қолтық тығыз байланыста жұмыс жүргізуді көздеп отыр. Бұл ретте Ақтөбеде күкіртті сутекті залалсыздандыратын «ИВКАЗ» катализаторын пайдалану жолдары қарастырылған. Ал әзірге ресейлік мамандардың көмегімен бұл технологияның тиімді тұстары сарапқа салынуда. Алдағы уақытта аталмыш технология оң нәтиже көрсеткен жағдайда дереу қолданысқа енгізілмек.
Темір Құсайын,
"Егемен Қазақстан"
Ақтөбе