23 Сәуір, 2018

Тажалға қарсы табанды күрес керек

482 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ашығын айту керек, есірткі мәселесі біздің елде өте күрделі. Ол небір отба­сының шаңырағын шайқалтып, айық­пас кеселге ұшыратып жатыр. Сондықтан да Елбасы «Таразының бір басында оны әкеліп, тарататын адамның өмірі тұрса, екінші басында соның  «көмегімен» қор болған есірткі тұтынушылардың ғұмыры тұр» деді.

Тажалға қарсы табанды күрес керек

Осыған байланысты елімізде есірткі­ге қарсы ұлттық деңгейде шаралар қабыл­дануда. Алайда жұлын құртқа айналған заңсыз есірткі көзін жою үлкен проблема болып тұр.

Бірақ солай екен деп қол қусырып отыруға болмайды. Өйткені есірткі заттарын тарататын криминалдық ортаның өкілдерінде тыным жоқ. Ұйымдасқан топтар арам ақша жолында түрлі қылмысқа барады. Олар есірткі заттарын жасырын таратады. Ұсталғаны ұсталады, бірақ сонда да қоймайды. Сондықтан мұндай келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін жыл сайын Шу алқабында «Көкнәр» жедел алдын алу шаралары өткізіледі. Ол аздық етсе, кең көлемді арнайы жедел шаралар да жүргізіледі. Бұл жедел шараға арнайы мақсаттағы бөлімшелердің қызметкерлері қатысып, сонымен қатар ыңғайлы жаңа көліктер, тікұшақтар т.б. заманауи техника түрлері пайдаланылады. Осылайша Үкімет тарапынан көрсетілетін қолдаулар мен бірлескен әрекеттер нәтижесінде бүгінде Шу алқабындағы жағдайды қадағалауға мүмкіндік туып отыр. Алайда мұнымен бар мәселе шешілді деуге келмейді. Өйткені жоғарыда аталған криминалдық ортаның өкілдері қылмыстық кәсіптерін жалғастыру үшін енді басқа жол іздеуде. Ондай жолды тауып та жатыр. Бұл қалай дейсіз ғой?

Бұған таңғалудың еш қажеті жоқ екенін құқық қорғау органдары қызметкерлерінің өздері де айтады. Қылмыстық топтар заңсыз есірткі кәсібін жолға қою үшін барлық айла-амалдарды қолдануда. Жоғарыда айтқанымыздай, Шу алқабында бақылауды күшейткенде олар оны қоя тұрып, еліміздің өзге де өңірлерінде, мәселен, Қызылорда облысында «Үнді қарасорасын» өсіруді қолға алған. Енді осындай келеңсіздіктер салдарынан елдегі нашақорлар санының да азая қоюы екіталай. Қаншама адам жазылмас кеселге ұрынуда. Өзгелердің тағдырын тәлкек ету арқылы баю не береді? Соңғы екі жыл ішінде ғана аталған өңірден 216 қарасора алқабы анықталған. Оның жалпы аумағы 32 гектарға дейін созылған. Ал содан жиналатын зиянды өнімнің, яғни қарасораның жалпы салмағы 124 тоннаны құраған көрінеді. Ал қылмыстық топ дайындап қойған марихуананың салмағы 24 тонна болған. Сонда мұны бір мәрте қолданар болса, ол шамамен 4 миллион 800 мың дана бір реттік доза болады екен. Ал енді оны есірткі нарығындағы бағамен есептер болсақ, 8,5 миллиард теңге немесе 27 миллион АҚШ долларына жетіп жығылады.

Демек қайткен күнде де бұл індетпен күресті тоқтатпау қажет. Бұл бағытта құқық қорғау органдарына ойланарлық және қылмыстық топтар іс-әрекеттерінің алдын алуда мән берер жағдаяттар бар. Соның бірі – есірткіні өсіруді қылмыскерлердің кәсіби деңгейде жүзеге асыра бастағаны. Тіпті әлгі өсімдіктерді күтіп-баптауға тамшылатып суару секілді жаңа технологияларды да қолданатын көрінеді. Ал бұл нені білдіреді? Бұл қылмыстық топтардың іс-әрекетіне ауыл шаруашылығын жетік білетін мамандардың немесе осы саланы жетік меңгерген жер өңдеушілердің қатысы барлығын білдірмей ме? Мұны сарапшылар да жасырмайды. Қылмыстық топтардың осындай келеңсіз, яғни марихуананы жасырын өсіру іс-әрекеттері Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды және Оңтүстік Қазақстан облыстарында байқалған.

Әрине бүкіл әлем болып есірткі тауқыметін жеңе алмай жатқанда бір елдің дәрмені келмес дейтіндер де табылар. Бірақ бұл мәселеге мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар барынша күш салса, кеселді біржолата жойып жібермесек те, көптеген қауіптің алдын алуға болатыны сөзсіз. Сондықтан да енді Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Заңның шексіз үстемдігін белгілеуге және занды орындайтын азаматтарды қылмыстан қорғауға тиіспіз. Бұған керісінше, билік пен заңның бар күшін заңсыз жолмен, шалқып өмір сүретіндерге қарсы қолдану керек» деген сөзі үнемі есте болса екен дейміз.

Александр ТАСБОЛАТ,

«Егемен Қазақстан»