Алмаз Ержанның мүмкіндігі шектеулі, арбасыз бір қадам баса алмайтын жан. Бірақ тәнінің кемтарлығы болғанымен, жаны бай Алмаз өзгелер үшін пайдалы іс жасауды бастаған. Сөйтіп ол алдымен «ELAMAN» әлеуметтік инновациялық жобалар қорын ашады. Арбаға таңылған жандардың басындағы барлық проблемаларды түбірінен танитын Алмазға мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік ортаға бейімдеп, олардың бизнестерін ашып, қоғамдағы барлық мәселелерді шешуге үн қосатындай толыққанды азаматтық сезімді қалыптастыру қажет деген ой ұялайды. Осылайша талай есікті қағып, жақсы іске мұрындық болды. Оның қуанышына орай Астана қалалық әкімдігі қолдау көрсетіп, қаланың орталық көшесінің біріндегі жаңа үйдің бірінші қабатынан арбамен кіріп-шығуға қолайлы кеңсе берді. «Beeline Қазақстан» Алмаздың өтінішін жерге тастамай, «Шексіз мүкіндіктер» республикалық қайырымдылық жобасы шеңберінде Инклюзивті дизайн орталығын ашып, арбаға таңылған жандарды еңбекпен қамтуға және әлеуметтік ортаға бейімдеуге арналған ұйымды компьютерлермен және тегін ұшқыр интернетпен жабдықтады. Жаңа кеңседе оқу орталығы, шығармашылық бейімдеу клубы және психологиялық қолдау көрсетуге және мүгедектердің құқығы туралы ақпарат беруге арналған call-орталық бар екен. Ұйымның өзінің ақпараттық арнасы – www.inva.kz сайты мен «Инклюзия» YouTube-арнасын ашуға да қолұшын созыпты.
«ELAMAN» әлеуметтік инновациялық жобалар» ҚҚ төрағасы Алмаз Ержанмен осы бір қуанышты сәтте кездестім. Мүмкіндігі шектеулі адамдар кездесетін кедергілер өте көп. Қарапайым көпшілік оған тіпті мән де беріп жатпайды. Олар үшін еш проблемасы жоқ нәрселер, мысалы, қоғамдық көлікке отыру, әлдебір кеңсеге жұмысың бойынша кіріп-шығу, тағы да басқа толып жатқан елеусіз дүниелер арбасыз қозғала алмайтындар үшін үлкен қиындықпен келеді. Сондықтан біздің орталық осындай адамдар үшін жұмыс атқарады. Қанша мүгедек десеңіз де мүмкіндігі шектеулі адамдардың жақындарына масыл болғысы келмейді, әрі өздеріне жәрдемақы, зейнетақы беріп отырған қоғамға да пайдасын тигізгілері келеді. Бірақ көпшілігі не істеу керек, неден бастау керек дегеннен бейхабар. Мәселен, «Beeline Қазақстан» көмегі біз үшін нағыз таптырмайтын олжа болды. Енді біз YouTube-арнасы арқылы эфирге шығып, бір Астанадағы ғана емес басқа өңірлердегі осындай жандарға керек кеңесті, үлгі болатын істерді насихаттап отырмақшымыз.
Елімізде мүмкіндігі шектеулі миллионға жуық адам бар, біз солар кезігетін шектеулерді азайтуға үлес қоссақ дейміз, өйткені ол проблемаларды дәл біздей ұғынып, шешуге мүдделі болып ұмтылатындар аз. Қазірдің өзінде осы орталыққа мүмкіндігі шектеулі 6 адам жұмысқа алынды.
Мен өзім тәрізді адамдарға былай дегім келеді. Үйде жатып айғайлай беретін уақыт өткен, сөзден іске көшетін мезгіл әбден пісіп жетті. Барлық күш-жігерімізді, ақылымызды салып, рухымызды жанып, өзіміздің өмірімізді өзгертуге тиіспіз. Бұл орталық соның тек басы. Орталықтың «инклюзивті дизайн» атауы – Астанадағы мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз орта құрсақ деген мақсатымыздан туындады. Біз команданы жинап, кеңсені жалға алдық, арбаға таңылған жандардың қажеттіліктерін ескере отырып, оны жөндедік, бұған да біраз жанашыр жандар табылып, жөндеу жұмыстарын атқарып берді. Бұл ұзақ мерзімді жоба, алға қойған жоспарларымыз өте көп. Соның ішінде біз сарапшыларды, еріктілерді дайындау курстарын ашамыз, әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысқысы келгендерді тағылымдамадан өткіземіз, мүмкіндігі шектеулі жандарға тегін заңгерлік кеңес береміз. Beeline бізді технологиялық базамен қамтамасыз етті және бұл бізге тиімді жұмыс істеу үшін онлайн-курстарды, бейне-конференцияларды толыққанды жүргізуге, портал мен YouTube арнасын және басқа да ресурстарды дамытуға мүмкіндік беруде, сондықтан бір игі істің жақсы бастамасына қуанып тұрған жай бар, дейді.
Арбаға таңылған жандарға арналған жаңа ресурс орталығының бағдарламаға қосылуы туралы Beeline Қазақстанның корпоративті коммуникация жөніндегі директоры Алексей Бензді сөзге тартқанда: «Біздің компания үшін әлеуметтік тұрғыда әлсіз жандарға көмек беруде белгілі бір тәртіп бар. Біз ауру баланың операциясына қажет қаржыны аударып бере алмаймыз, ал мынадай жобаларға қолдау көрсетуге қуана келісеміз. Осыған дейін еліміздің барлық қалаларында балаларға арналған тегін интернетпен жабдықталған 25 орталық ашқан болатынбыз. Ал «ELAMAN» бойынша жағдай өзгеше. Жалпы, қайда да мүмкіндігі шектеулі жандардың проблемаларына қолұшын беретіндер аз. Алмаз жасап жүрген істі қол-аяғы балғадай, дені сау адам атқармайды. Мұндай жандар көпке үлгі. Қолым жоқ демей аяғымен сурет салып, ас ішіп, компьютер басып еңбек еткен жандарды көрдім. Аяғым жүрмейді деп отырып қалмай көп үшін көп есікті ашып, жағдай жасаған Алмаздың еңбегі зор десе осы компанияның корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік жөніндегі менеджері Анар Жұмағұлова: «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі туралы биік мінберлерден жиі мәселе көтеріледі. Оны Елбасы да айтты. Ал біздің компания бұл бағытта жүйелі жұмыс атқаруда. Негізі адамгершілік тұрғысынан алғанда да мүмкіндігі шектелген адамға жәрдем берген дұрыс. Сондықтан оны жабдықтағанда қолайлы болуы басты назарда ұсталды», дейді.
Шынында үстелдердің түрлі деңгейге көтеріліп, түсуі, жылжуы, арбаның айналып кіріп-шығуына ыңғайлылығының бәрі қарастырылған екен. Осылайша «ELAMAN» инклюзивті дизайн орталығының игілігі мүмкіндігі шектеулі жандарға есігін айқара ашты.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»