Аймақтар • 23 Сәуір, 2018

Өске­мендегі облыстық Ана мен бала орталығы заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтылады

349 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Соңғы екі жылда Өске­мендегі облыстық Ана мен бала орталығының екі гинеколог дәрігері Корея мен Франция елдеріне барып, біліктіліктерін шыңдап қай­тыпты.

Орталықтың неонатолог дәрігері Лондондағы әлемдегі бес озық балалар клиникасының бірінде тәжірибе жинақтады. Биыл мұндағы дәрігерлер қатары аса зәру 10 маманмен – акушер-гинекологтармен, педиатр-неонатологтармен то­лықпақ. Сонымен қатар орталыққа шетелден заманауи медициналық құрал-жабдықтар сатып алынуда. Жақында нейрохирургтерге қажетті нейронавигаторлар мен сал ауруы­на шалдыққан балаларға арналған роботтық жаттығу құралдары сатып алынбақ. Ана мен бала орталығының директоры Ермек Омар­бековтің айтуынша, ор­талық мамандарының шет мемлекеттерде білімін же­тілдіруіне, соңғы үлгі­дегі жабдықтармен қам­тылуына өңірдегі ірі кәсіпорын – «Қазцинк» компаниясы көмек қолын созып отыр. «Кәсіп­орын­ның қаржылай қол­дауы нәтижесінде орта­лық аналар мен сәби­лер­­дің денсаулығын сақ­тап, жақсартуға септігін тигізген заманауи құрал-жабдық, техникалармен жабдық­талды. 2018 жылы оқу орнын бітіріп, «Ана мен бала орталығына жұмысқа тұрған жас дәрігерлердің бәрінің көтерме ақшасын төлеуге де компания қа­ражат бөлуді жоспарлап отыр», дейді орталық директоры.

Ана мен бала денсау­лығына бейжай қара­май, қолдан келген көме­гін көрсетіп жатқан «Қазцинк» ЖШС-нің әкім­шілік мәселелер жөнін­дегі атқарушы дирек­торы Андрей Лазарев кәсіп­орын қаржысына сатып алынған құрал-жаб­дықтар орталықтың бөлім­шелерінде жұмыс істеп тұрғанын айтады. «Мем­лекет-жекеменшік әріп­тестігі негізінде компания қолдауына сүйене отырып, орталық дәрігерлері диагностикалық талдау­лар жасаудың, отаның жаңа түрлерін меңгеріп жатыр. Бүгінде орталықта лапароскопиялық хирургия тәсілдері қолданылуда. Ана мен бала денсаулығын жақсарту үшін қандай қамқорлық жасалса да ар­тық­тық етпейді. Бұл біздің әлеуметтік жұмы­сы­мыздың басым бағыт­тарының бірі», дейді ол.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН