Алтын Орданың алғашқы сауда орталықтарының бірі болған Сарайшық қалашығы Атырау қаласынан 50 шақырым қашықтықта, Махамбет ауданының аумағында орналасқан. 1999 жылы сол кездегі облыс әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің бастамасымен «Хан ордалы Сарайшық» мемориалды кешені салынды. Мешіт пен кесене тұрғызылды. Содан бері мұнайлы мекенге алыс-жақыннан келетін қонақтардың ат басын бұратын бірден-бір орнына айналды. «Кешенге жылына 15 мыңға жуық адам келеді. Музей қорындағы қала орнынан табылған жәдігерлерді көруге қызығушылық танытатындар қатары көп», дейді Сарайшықтың шырақшысындай болған музей қызметкері Молдаш Бердімұратов.
2016 жылға дейін қаражат жеткіліксіз деген желеумен тарихи орынды өр суынан құтқарып қалуға аса мүдделі бола қоймағанымыз рас. Сол жылы облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың қолдауымен жергілікті бюджеттен 1,6 млрд теңге бөлініп, жағалауды бекіту жұмыстары басталды. Қорғаныс бөгетінің құрылысы биыл аяқталады. Жеті хан жерленген киелі орынды зерттеу жұмыстары да жалғасын таппақ.
Сүйінші жаңалықты халыққа есеп беру жиынында облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың өзі жеткізген еді: «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының сапар орталығының құрылысы биыл басталады», деді ол. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының тізіміне енген Сарайшықта қазіргі заманға сай барлық жағдай жасалған кешен бой көтереді. Әкімшілік ғимарат, қонақүй, шаруашылық-тұрмыстық үйі секілді бірнеше ғимарат салу жоспарланған. Екі қабатты әкімшілік ғимарат ішінде экспозициялық көрме залдары, қор қоймасы, конференцзал, зертханалық және қалпына келтіру үй-жайы, кітап қоймасы мен электронды мәліметтер базасы бар кітапхана орналасады. Арнайы алаңдар, ашық аспан астындағы музей мен этноауыл да тарихи орынның мән-маңызын арттырары анық.
Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы да Сарайшыққа бір емес, бірнеше рет барып, жағалауды бекіту жұмыстарымен, қазба орындарымен танысты. Әзірге қағаз бетіндегі жоба ғана болғанымен, сапар орталығының салынар орны белгіленетін күн де алыс емес. «Қалашықтың орталық бөлігі Жайыққа жұтылып кеткен жоқ, қазіргі Сарайшық ауылына қарай болуы керек» деген де пікірдегі ғалымдар бар. Осының бәрін ескере келе, «Сарайшық» музей қорығы маңындағы үйлерді көшіру мәселесі күн тәртібіне қойылды. Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Гүлбаршын Арыстанованың айтуынша, 2030 жылға дейін музей жанындағы 65 тұрғын үй көшіріледі. Ауылдың бас жоспарын жасаған кезде ескі Сарайшықтағы үйлерді көшіріп, орналастыруға арнайы жер бөлінген. Бұл өз кезегінде археологиялық қазба жұмыстарының кең көлемде жүргізілуіне мүмкіндік береді.
Бастысы, сең қозғалды. Тарихи шаһардың шежіресін жаңаша жазып шығуға мемлекет тарапынан қолдау бары анық аңғарылады. Өткен ғасырдың ортасынан басталған зерттеу жұмыстары Сарайшықтың сырын әлі күнге дейін толыққанды ашып болған жоқ. Әр қазба жұмысы жүргізілген сайын кем дегенде бір жаңалық табылады. Бабалар өткен жолды зерделеуге ниетті өскелең ұрпақтың да бұл мекеннен әлі талай ғажайыпты табары сөзсіз.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ