Жуырда Майқайыңдағы жалпы білім беретін орта мектептің 11-сынып оқушысы Айзада Оралбаева Алматыдан оралды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Тарих, археология және этнология» факультетінде 10-11 сыныптарға арналған Республикалық олимпиада өтті. Олимпиада ІІІ кезеңнен тұрды. Ғылыми жетекшісі, тарих пәнінің мұғалімі Баян Рақымжанқызының айтуынша, Айзада онлайн түрінде өткен І кезеңде 86 ұпай жинап, екінші кезеңге жолдама алды. Ал наурыз айында өткен ІІ кезеңде «Қазақ тарихындағы күміс металдың маңызы» тақырыбында ғылыми жоба жазып, жобасын сәтті қорғап шығыпты. Үздік жоба ретінде танылып, жоғары ғылыми деңгей көрсеткені үшін арнайы дипломмен марапатталды. Жоба барысында Айзада күмістен жасалған зергерлік бұйымдардың емдік қасиеттеріне тоқталды. Тіпті Алматыға өзімен бірге әжесінің күмістен жасалған алқасын, жүзігін, сырғасын, білезігін көрмеге алып барыпты.
– Қазіргі жасалатын зергерлік бұйымдар әжемдердің кезіндегідей таза күмістен жасалмайтындығына көз жеткіздім. Халқымыз күмістің адам ағзасына пайдасы бар деп сеніп, күміс ыдыстан тамақ ішіп, күміс әшекейлер тағады. Сәби дүниеге келгенде нәрестені күміс теңге салынған суда шомылдырады. Емшілер күмістің қасиетін ерекше бағалаған. Қыс және күз айларында адам ағзасының тұмау және жұқпалы ауруларға төтеп бере алмауының себебі иммундық жүйедегі күмістің азаюынан. Жобамды жазу барысында күмістің ауру тудыратын элементтерді жойып, ағзадан зиянды токсиндер мен микробтарды шығаратынын білдім. Ағзадағы күміс жетіспеушілігінен адамның жұмыс істеу қабілеті төмендеп, қорғаныш қасиеті азайып, тез шаршау пайда болады, – дейді Айзада.
Жетекшісі Баян Рақымжанқызының айтуынша, Айзада жоба жазу барысында күмістің емдік қасиетін білу мақсатында облыс орталығындағы онкологиялық диспансермен байланыста болып, қатерлі ісік ауруларына шалдыққан адамдар санын алып, ем қабылдап жатқан адамдарға сауалнама жүргізіпті. Сондықтан Айзада жазған ғылыми жобаның ерекшелігі, оқушы қыздың зерттеулерінің дәлелді болуында екен.
– Анам Нұргүл еңбек ететін «Майқайың-Алтын комбинаты» АҚ-та алтын мен күміс металдары шығады. Комбинатқа барып сары балшық топырақ арасынан шығатын алтын, күміс қалай алынатынын көрдім. Онлайн-сынақтан 86 ұпай жинағаннан кейін, екінші кезеңде ғылыми жоба жазуға 12 тақырып ұсынды. Маған күміс металы туралы тақырып ұнады, оған кентімізде түрлі-түсті металл шығаратын комбинаттың болғаны әсер етті, –дейді Айзада.
Айзада «Қазақ тарихындағы күміс металдың маңызы» тақырыбындағы ғылыми жобаны бір айдай уақыт зерттеп, жазыпты.
– Жеріміз кенге бай. Алдағы уақытта 11-сыныпты бітіріп, техникалық білім беретін жоғары оқу орнына түскім келеді. Жобамды жалғастырып, күміс жайлы терең зерттейтін боламын, – дейді.
Талабың таудай болсын, Айзада!
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы,
Майқайың кенті
Суретті түсірген Мәншүк ТЫНЫСҚЫЗЫ