Үкімет • 23 Сәуір, 2018

«Конституция және қоғамдық еркіндік: құқықтық үлгінің қалыптасуы» атты халықаралық конференция өтті

944 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы қаласында «Конституция және қоғамдық еркіндік: құқықтық үлгінің қалыптасуы (Қазақстан және Франция тәжірибесінен)» тақырыбымен халықаралық конференция өтті. Оған Конституциялық Кеңестің төрағасы Қ.Мәми қатысты.

«Конституция және қоғамдық еркіндік: құқықтық үлгінің қалыптасуы» атты халықаралық конференция өтті

Іс-шараны Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық уни­верситеті, Сорбонна-Қа­зақ­­стан институты және Фран­цияның Қазақстандағы елші­лігі ұйымдастырды. Оның жұ­мысына Франция елшісі Ф.Мар­тинэ, осы елден келген са­рапшылар, Жоғарғы сот, Жо­ғары Сот Кеңесі, құқық қорғау органдарының басшылары, сондай-ақ белгілі заңгер-ғалым­дар қатысты.

Өзінің құттықтау сөзінде Қ.Мәми: «Демократиялық жә­­не құқықтық мемлекетте Конс­­­ти­туция жеке бостандық пен қо­ғамдық қажеттілік ара­сын­дағы қарым-қатынас өл­ше­мін айқындайды. Ол бір жа­ғынан адамның бос­тан­дығын бекітеді, ал екінші жағынан ерекше қорғалатын конс­ти­ту­циялық құн­дылықтарды қорғаудың те­тіктерін білдіреді. Осы мәселеде олар­ды тиісінше қорғауды қамта­масыз етуге, сондай-ақ құ­қық үстемдігінің жа­л­пы қабыл­данған қағи­дат­тарына қол сұқ­пауға мүм­кін­дік беретін түрлі әлеу­меттік маңызы бар мүдделердің оңтайлы теңгерімін табу қажет. Құқықтар мен бостандықтарды құқықтық реттеу дәрежесі құқық қолданудың сапасы ретінде еліміздің даму дең­гейін, халықтың әл-ауқатын көр­сетеді, түптеп келгенде мемлекеттің әлемдік рейтингін айқындайды. Адами капитал кез келген мем­лекеттің дамуының діңгегі мен қоз­ғалыс факторы болып табылады. Өткен жылы Қазақстан Республикасының Пре­зиденті өзара байланысты екі жалпыұлттық жоба – «Рухани жаңғыру» бағдарламасына және конституциялық ре­фор­маға бас­тамашылық жасады. Соңғысы бүкіл құқық қорғау жүйе­сін одан әрі жаңғырту үшін құ­қық­тық негіз құрды. Адам­ның құ­қықтары мен бостан­дықтары саласында конс­титуциялық заң­ды­лықты қам­тамасыз етуде біз­дің еліміздегі маңызды рөл Конс­титуциялық Кеңеске тиесілі», деді.

Сондай-ақ Конституциялық Кеңес төрағасы қоғамның кемелдену дәрежесі берілген құқықтар мен бостандықтардың көлемімен емес, оларды адам­ның, қоғамның және мем­ле­кеттің игілігіне қолдана бі­луімен айқындалады деп атап өтті. Еркін қоғам – адам­зат өрке­ниетінің басты жетіс­тік­терінің бірі.

«Осы жылдар ішінде Қазақ­стан осы идеалға елеулі түрде бағыт алды және сол алған қар­қынын жалғастырып келеді», деп түйіндеді Қ.Мәми.

«Егемен-ақпарат»