03 Желтоқсан, 2011

«Нұр Отаннан» басқа партиялар тізімдерін әлі ұсынған жоқ

297 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтіп, онда Орталық сайлау комиссиясы 1999 жылы қабылданған «Сайлау учаскелеріндегі, пункттеріндегі дауыс беруге арналған үйлерді жабдықтау туралы» қаулыға үй-жайларды дауыс беру күніне дайындау тәртібін неғұрлым анық реттеу мақсатында толықтырулар мен өзгерістер енгізді. Бұл мәселе жөнінде Орталық сайлау комиссиясының хат­шысы Бақыт Мелдешов хабарлама жа­сады. Комиссия хат­шысының хабардар етуінше, енгізілген түзе­ту­лер дауыс беру және дауыс­тар­ды санау үдерісін неғұрлым ай­қынырақ етуді, сай­лаушылар, бай­қаушылар, сайлау комиссия­ла­рының мүшелері мен бұқара­лық ақпарат құ­рал­дарының өкіл­дері үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етуді көздейді. Отырыста, сондай-ақ Ор­та­лық сайлау комиссиясы Жалпы­ұлттық социал-демократиялық  пар­тия­сы­ның Орталық сайлау комиссиясы учаскелік сайлау ко­миссиялары құрамына партия­лар­дың кеңесші дауыс құқығы бар өкілдерін жіберуі үшін белгілеген мерзімдеріне қатысты өтіні­шін де қарады. Комиссия төраға­сының орын­басары Владимир Фоостың ай­туынша, Орталық сай­лау ко­миссиясы партияның өті­нішіне қатысты хаттамалық шешім қабылдады. Қабылданған шешімге сәйкес учаскелік сайлау комиссия­лары құрамына партия­лардың ке­ңесші дауыс құқығы бар өкілдерін жіберуі мерзімі 2012 жылғы 15 желтоқсанға дейін ұзартылады. Ор­талық сайлау комиссиясы аумақ­тық сайлау ко­миссияларына сая­си партия­лар­дың кеңесші дауыс құқығы бар өкілдерінің сайлау туралы заң талаптарына сәйкес­тігін тексеруді жедел түрде, яғни 5 күн ішінде өткізуді ұсынды. Отырыстан кейін өткен БАҚ өкілдерімен брифингте Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов сайлау науқанының барысы туралы хабардар етті. Комиссия төраға­сы­ның атап өткеніндей, 30 қа­ра­шада Орталық сайлау комис­сия­сы­на «Нұр Отан» ХДП пар­тиялық тізімін ұсынды. Қазіргі уақытта тізімге енгізілген кан­ди­даттарды, олардың Конституция мен сайлау туралы Консти­туция­лық заң талаптарына сәйкестігіне тексеру рәсімі жүргізіліп жатыр. Басқа саяси партиялар Орт­сай­лау­комға өз тізімдерін әлі ұсын­ған жоқ. Ортсайлауком бекіткен Күнтізбелік жоспарға сәйкес пар­тиялық тізімдер бойынша сайла­на­тын Парламент Мәжілісі де­пу­тат­­тарының сайлауында кандида­т­аттар ұсыну 5 желтоқсанда аяқ­талады. Ал мәслихаттар депутаттары­ның сайлауына қазіргі кезде 489 кандидат ұсынылған. Олардың 63-і облыстық мәслихаттарға, 371-і аудандық мәслихаттарға және 55-і қалалық мәслихаттарға кандидат ретінде ұсынылып отыр. Мәслихаттарға кандидаттар ұсыну Қостанай, Шығыс Қа­зақстан, Маңғыстау және Ақмола облыстарында белсенді жүріп жатыр. Сайлау комиссиялары мү­шелерін оқыту жөніндегі жұ­мыстар да жалғасуда. Қазіргі уа­қытта учаскелік сайлау комис­сия­лары мүшелерін мейлінше қамту мақсатында аудан дең­ге­йінде бірлескен семинарлар елі­міздің барлық өңірлерінде өткі­зілу үстінде. Комиссия төрағасы брифинг барысында 2011 жылғы 16 қа­ра­ша мен 1 желтоқсан арасын­д­ағы кезеңде Орталық сайлау ко­мис­сиясына түскен өтініштерге де тоқталып өтті. Қуандық Тұр­­ғанқұловтың айтуынша, аталған кезең ішінде Орталық сайлау комиссиясына 12 өтініш түскен. Олардың 8-і саяси партиялардан, 1-еуі мәслихаттан, тағы 3-еуі бұ­қаралық ақпарат құрал­да­ры мен үкіметтік емес ұйым­дар­дан түс­кен өтініштер. Келіп түскен 11 өтініш сайлау заңна­ма­лары­ның ережелерін түсінді­руге қатысты. Олар бойынша қажетті түсінік­те­мелер уақы­­тын­да жолданған. Ал тағы бір өтініш Жал­пы­ұлт­тық социал-демократиялық пар­тиясынан түскен екен. Төр­аға­ның хабардар етуінше, ол Орта­лық сайлау комиссиясының оты­­рысында қаралатын болады. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.