Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша бүгінде партия қызметін жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осы бағытта бірқатар нақты стратегиялық жобалар қолға алынып, оларды жүзеге асырудың тиімді тетіктері де қарастырылған. Аталған жобалардың мәні мен маңызы туралы айтқан Мәулен Әшімбаев олардың ел дамуына тигізер оң әсерін де атап өтті.
«Партия қолға алған жаңа жобалардың қатарында цифрландыруды жүзеге асыру, шағын және орта бизнесті қолдау және «Рухани жаңғыру» бағдарламасына үлес қосуға бағытталған тың бастамалар бар. Бұл жобалар алдымызда тұрған ең басты мақсат – ең дамыған 30 елдің қатарына қосылуға және қазақстандықтардың әлемдік бәсекеге қабілеттіліктерін арттыруға өз септігін тигізеді», – деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.
М.Әшімбаевтың айтуынша, партиялық жаңғыру аясында алдағы уақытта елімізде балаларға арналған 1000 IT-сынып ашылып, онда жылына 150 мың мектеп оқушысы бағдарламалау және робот-техниканың негіздері жайында тереңдетілген білім алмақ. Сондай-ақ партияның бастамасымен жұмыс беруші ІТ-компаниялар мен ірі жоғары оқу орындарының базасында 20 ІТ-орталық ашылады. Онда жылына 35 мың қазақстандық ІТ-индустрияның қыр-сырын үйренетін болады. Осылайша «Нұр Отан» партиясы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп қазақстандықтардың цифрлы сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың әлемдік ірі жобаларға қатысатын бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына жағдай жасамақ.
Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында «Нұр Отан» партиясы «Атамекенмен» бірлесіп кәсіпкерлерге арналған Бірыңғай геоақпараттық онлайн қызмет ұсынатын портал құруды жоспарлап отыр. Оның басты мақсаты – кәсіпкерлік саладағы мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшіру, дамыған елдердің ең үздік үлгілерін енгізу және бизнестегі шығындарды азайту. Партия тарапынан өңірлерде мемлекет-жекеменшік әріптестігін одан әрі нығайтуға бағытталған жұмыстар да қарқынды жүргізілмек. Сол арқылы мектеп асханаларының жұмысы жанданып, спорт алаңдары қайта қалпына келтіріледі.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша да партия бірқатар басым бағыттарды қолға алған. Бұл ретте ауылдық жерлерде ағылшын тілін үйренуге қолайлы орта қалыптастыруға және елімізде еріктілер қозғалысын дамытуға басымдық беріліп отыр. Соған байланысты ағылшын тілін еркін меңгерген 500 қазақстандық және шетелдік жас ерікті ауылдық мектептерге жіберіліп, олар арнайы құрылған клубтарда жергілікті жастарға тіл үйрететін болады. Осы бағытта партияның бастамасымен отандық кітапханаларды заманауи білім орталықтары ретінде қайта құру ісі де қолға алынбақ. Соның нәтижесінде бірыңғай онлайн кітапхана жүйесі қалыптасып, еліміздегі барлық кітап қоры электронды форматқа көшіріледі. Кітапханаларда жастарға арналған қызықты лекциялар ұйымдастырылып, пікірталас алаңдары және тағы басқа игі бастамалар да жұмыс істейтін болады.
– Қазір бүкіл әлем қарқынды дамып қана қоймай, жедел өзгеру үстінде. Сондықтан біз де бүгінгі заман талаптарына сай бейімделуіміз керек. Осы мақсатта «Нұр Отан» партиясы нақты жобаларды қолға алып, жұмысты бастап кетті. Бұл жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері жан-жақты сарапталып, тиімді тетіктері алдын ала мұқият зерттелді. Партия осындай нақты жобалар арқылы Елбасы айқындап берген мақсат-міндеттерді табысты жүзеге асырып, стратегиялық бастамаларға белсене қатысатын болады, – деген Мәулен Әшімбаев мұндай ауқымды жұмысты партия мемлекеттік органдар, бизнес қауымдастық және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп атқаратынын атап өтті.
Сонымен қатар жиын барысында Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев Елбасы тапсырмасына сәйкес «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бекітіліп, 5 нақты бағыт анықталғанын тілге тиек етті.
«Олардың ішінде, адами капитал, цифрлы үкімет, цифрлы экономика, инновациялы экожүйе және цифрлы Жібек жолы немесе инфрақұрылымды дамыту бар. Олар халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға арналған. Олардың ең маңыздысы адами капитал. Адами капиталдың көмегі арқылы барлық бағыт жүзеге асырылады. Балаларға арналған тегін IT-сыныптардың көтерер жүгі салмақты болмақ. Бұл жоба аясында еліміз бойынша 1000 ІТ-сыныптың, жоғары оқу орындарының базасында 20 ІТ-орталық ашылатыны қуанышты. Біз мұндай бастамаларды қолдауға әзірміз», деді Асқар Жұмағалиев.
Өз кезегінде, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов те партиялық бастамалардың әлеуетіне назар аударып, осы жолда бизнес-қауымдастық тарапынан мейлінше қолдау көрсетілетінін айтты.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»