Қазақстан • 24 Сәуір, 2018

Елімізде президенттік басқару институтының құрылғанына 28 жыл толды

1107 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Өткен ғасырдың 90-жылдарына қарай Кеңес Одағының тоқырауға ұшырап, құр сүлдесі қалған кезі болатын. Ондаған жылдар бойы коммунистік партияның билік құрған дәурені аяқталып, ел өмірінің барлық саласы құлдырап, әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдай шектен тыс шиеленісіп кетті. Алайда билік жүйесінде сол кезеңде қалыптасып, қатып-семіп қалған әкімшілдік-әміршілдік жүйе, оның қасаң ұстанымдары мен басқару механизмдері орталық биліктің саясатының тиімділігін төмендетіп, КСРО-ны экономикалық, әлеуметтік және саяси қайта құрудағы қателіктерге ұрындырды. 

Елімізде президенттік басқару институтының құрылғанына 28 жыл толды

Сол сәтте Н.Ә.Назарбаев туындап отырған жағдайды ескеріп, оны терең және жан-жақты сараптай келе коммунистік партиямен аражікті ажырату, мемлекетті басқарудың жаңа түрін іздеу, Қазақстанның егемендігін нығайту секілді ең өзекті мәселелерді айқындап, оларды бірінші кезекте шешу керектігін алдына мақсат етіп қойды. Ол міндеттерді орындау үшін қалыптасқан ахуалға сай келетін, тиімді жұмыс істейтін, елдің экономикалық және әлеуметтік жағдайын қысқа мерзімде түзетіп, қоғамдық тұрақтылықты, яғни республиканың егемендігін нығайту мәселесін шешуге кепілдік беретін алғышарттар қалыптастыратын саяси институт қажет еді. Бұл саяси институт 1990 жылдың 24 сәуірінде, Жоғарғы Кеңес «Қазақ КСР Президенті қызметін тағайындау және Қазақ КСР Конституциясына (Негізгі Заңы) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңнан бастау алды. 

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1990 жылғы 28 наурыздағы қаулысымен Қазақ КСР-ның Президенті лауазымын құру туралы заңның жобасын дайындау жөніндегі 19 адамнан тұратын комиссия құрылды. Оның құрамына әдеттегідей кілең партия қызметкерлері емес, кері­сінше, Ұлттық академияның 5 ака­демигі, 4 заң ғылымының докторы мен кандидаттары енгізілді. Комиссияның төрағасы болып Республика Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы Н.Ә.Назарбаев бекітілді.

Арада бір айға жетер-жетпес уақыттан соң, 1990 жылдың 24 сәуірінде, Жоғарғы Кеңес «Қазақ КСР Президенті қыз­метін тағайындау және Қазақ КСР Конс­титуциясына (Негізгі Заңы­на) өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң қабылдады. Сол қысылтаяң кездің көкжиегінен қарасақ, қоғамды мүлдем жаңа тұрпатқа көшіру қиын шаруа болып шықты. Аталған мәселе бо­йынша Жоғарғы Кеңестегі тал­қы­лаудың өзі тым ұзаққа созыл­ды. Жасырын дауыс беруге қатыс­қан 335 депутаттың 317-сі заңды қолдаса, 18 депутат қар­сы дауыс берді. Нәтижесінде бекі­тілген Қазақ КСР Президенті қыз­метіне Н.Ә.Назарбаев ұсынылып, Қазақ­станның Тұңғыш Президенті болып сайланды.

Дауыс берушілердің көпшілігі президенттік институттың Қазақ­стан жағдайына қолайлы екеніне күдікпен қарады. Дегенмен ке­йінг­і даму жолымыз сол кездері жа­сал­ған таңдаудың балама­­сыз дұ­рыстығын дәлелдеп бер­ді. Жоғар­ғы Кеңесте қабылданған айту­лы заң, біріншіден, ел тәуел­сіз­дігіне апаратын, оның саяси жү­йе­сінің қалыптасуының негі­зі­не айналды. Екіншіден, жаппай жайлаған экономикалық және әлеуметтік дағдарысты тежеп, жағдайды тұрақтандыруға сеп­тесті, бірлік пен татулықты ор­нық­тырып, оны әрі қарай дамытып, нығайтудың дұрыс бағытын айқындауға мүмкіндік жасады.

Сонымен Қазақ КСР-ның Пре­зи­денті сайланды. Бұл оқи­ға­ны елімізде президенттік билік­тің бастауы болған кезең деп айтуы­мызға толық құқылымыз. Бірақ бұл мәселеге тереңірек үңіліп қарар болсақ, онда оның әлі де бол­са толыққанды «президенттік инс­титут» деңгейіне жете қойма­ғанын аңғару қиын емес еді. Өйткені, ең алдымен, Қазақстан әлі өз тәуелсіздігіне қолын жеткізе қой­­маған, Кеңес Одағының құра­мын­дағы республикалардың бірі болып қала берді. Екіншіден, ол кезде арнайы заңмен бекітілген шын мәніндегі тиісті мәртебесі мен өкілеттілігі бар Президент болып саналмады. Алғашқы болып сайланған Президент Қазақ КСР Президенті емес, тек Жоғарғы Ке­ңес бекіткен Қазақ КСР Президенті қызметіне сайланған тұлға болып есептелді. Бұдан әрі қарай өрбіген «прези­денттік институттың» эво­лю­циялық даму жолы бірте-бірте осы олқылықтарды жойып, оны ретке келтіруге бағытталды.

Қазақстанда Президенттің мәр­тебесі мен өкілеттілігін ай­қын­­дауда ерекше орын алған құ­жат – ол 1990 жылғы 25 қазанда қабыл­­данған Қазақ КСР-ның мем­­ле­кеттік егемендігі туралы Дек­­л­а­рация болды. Тұңғыш рет мем­­лекеттік биліктің бөлінуі мәсе­­лесін қолға алуға негіз салынды. Ол бойынша Жоғарғы Кеңес – заң ­шығарушы орган, Президент мем­лекет басшысы және жоғарғы а­т­қа­рушы-өкімді билікке ие болса, ал Жоғарғы сотқа – сот билігі берілді.

Осы жылдың 20 қарашасында Қазақ КСР-інде мемлекеттік би­лік пен басқарудың құрылы­мын жетіл­діру туралы заң қабыл­да­нып, вице-президент, Премьер-Министр және мемлекеттік кеңес­шілер лауазымдары енгізілді, Министрлер кабинетінің орнына Министрлер кеңесі, ал Президент жанынан Республика кеңесі деген консультативтік орган құрыл­ды. Жергілікті мемлекеттік ор­ган­дар­дың жұмысы да қайта құрылды.

1991 жылдың 16 қазанында Жоғарғы Кеңестің VI кезектен тыс сессиясында «Қазақ КСР Президентінің сайлауы туралы» заң қабылданып, сол жылдың 1 желтоқсанына президенттік сайлаудың күні белгіленді. Ел тарихында бірінші рет өткен бұл сайлауда қазақстандық­тар өзінің тарихи жолын ешкімге жалтақтамай өзі таңдап алды. Н.Ә.Назарбаевтың тұлғалық-бас­­қарушылық қасиеттерін баға­лаған халық оған сенім артып, ол сайлаушылардың 98,7% дауысын жинап, бүкілхалықтық қолдауға ие болып, Қазақстанның Тұңғыш Президенті атанды. Мем­лекет басшысының айтуы бойынша, ендігі жердегі басты міндет – адам­зат баласының тәжірибесін және республиканың көп ұлтты хал­­қы­ның мүддесі мен оның ерек­шелігін барынша ескеретін Қазақ­стан­ның даму жолын табу болатын. Осы міндеттерді орындауға Президент сол күні «Мемлекеттің атауын өзгерту туралы» заңға қол қоюдан бастады десек те болады.

1991 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақ­стан Республикасы Прези­дентінің қызметіне ресми кірі­суіне байланысты Қазақстан Рес­пуб­­ликасы Жоғарғы Кеңесінің сал­танатты отырысында сөйлеген сөзінде Н.Ә.Назарбаев бірінші кезектегі атқарылатын саясатта ұлтаралық қатынастар мен экстремизм мәселелеріне, құқықтық тәртіп пен заңдылықты сақтауды нығайтуға баса назар аудару қа­жет­тігіне тоқталды. Тек осындай саяси негіздің арқасында ға­на барлық экономикалық, әлеуметтік мәселелерді шешуге болатындығын ескертті. Бұл ел дамуының басты бағыттарын айқындап берген Тұңғыш Прези­дентіміздің алғашқы стратегиялық ұстанымдары болатын-ды. Оның дұрыстығы мен өміршеңдігін тарихи жетістіктеріміз дәлелдеп беріп отыр.

Араға алты күн салып «Қазақ­стан Республикасының мемле­кеттік тәуелсіздігі туралы» Конс­титуциялық заң, артынша Қазақ­стан Республикасының азамат­тығы туралы заң қабылданды. Президенттік институтқа негіз­делген жаңа саяси жүйе Қазақ­стан­дағы мемлекеттік биліктің сабақтастығын қамтамасыз етті. Одақтық басқа республикалардың кейбірінде орын алған ұлтаралық қақтығыстардағы сияқты бізде қантөгістер мен анархияға жол берілген жоқ.

Жоғарыдағы Конституциялық заңға сәйкес Президент мемлекет пен атқарушы биліктің басшы­сы болып есептелді. Тағы бір ескере кететін жағдай Президенттің ті­ке­лей және жалпы сайлауда сай­лануы оны сол кездегі Жоғар­ғы К­е­ңестен тәуелсіз мәртебемен қам­­­­та­масыз еткеніне қарамастан, ол ел­дің бірден-бір заң шығарушы және жоғары өкілетті органын та­ра­туға мүмкіндігі болмады. Оның үстіне Үкімет екіжақты есеп беру жағдайында, яғни Ми­нистр­лер кабинеті Жоғарғы Кеңес­тің, Пре­зи­денттің алдында жауап­ты және оларға есеп беру тәртібі сақ­талып қалған еді. Ендігі жерде Пр­ези­дент пен Жоғарғы Кеңестің өкі­лет­тіктерін шектеу мәселесін шешу қажеттілігі туындады. Олай болса, біз дәл осы кезде әлі де бол­са пре­зиденттік биліктен гөрі пре­зи­­дент­тік-парламенттік ба­с­қа­ру жү­йесінің басымдылығын көруі­мізге болады.

Бұл мәселені 1993 жылғы Конс­­ти­туция да толығымен шеше алмады. Ол биліктің түрлі тар­мақ­­тары арасындағы қарама-қай­шылықтарды болдырмаудың меха­низмдерін ұсынуға қауқарсыз болып шықты. Атқарушы билік мем­лекеттік биліктің дербес тар­мағына айналып, оның бірың­ғай жүйесінің қалыптасуына қадам жасалғанына және үкімет­ті қалыптастырудың тәртібінің өзгер­геніне қарамастан, мәселе толы­ғымен өз шешімін таппады. Жоғарғы Кеңестің жұмысы өтпелі кезең талаптарына мүлдем сай келмеді, ол елдегі экономика мен саяси даму процестерін қа­жет­ті заңдармен қамтамасыз ету тұрғысында өте баяу қимылдады. Осының нәтижесінде 90-шы жылдардың орта шенінде саяси дағдарыс орын алып, мемлекет жарты жылдан астам уақыт бойы парламентсіз өмір сүрді.

Айта кету керек, 1995 жыл­дың наурызы мен 1996 жыл­дың қаңтары аралығында Қазақстан Республикасы Президентінің конституциялық немесе әдеттегі заң күшіне ие 134 жарлығы жарияланды. Олар елдегі эко­но­микалық, әлеуметтік, мем­лекеттік салалар­ды дамытуға заң­дық негіз қалап, сол кездегі республика үшін өмір­лік қажеті бар нарықтық ре­фор­малар­ды тездетуге, бүгінгі жетіс­тік­терімізге қол жеткізуге бас­ты алғы­шарттарды жасап берді.

Сонымен өтпелі кезең жағ­дайында, жоғарыда көрсетіл­ген­дей билік тармақтарының бірінің дағдарысқа ұшыраған кезінде олардың үйлестірілген өзара іс-қимылының кепілі кім болу керек деген сұрақтың туын­дауы заңды нәрсе еді. Дәл осы тұста билік саласын реформалауды жалпы сипаттағы әңгімеден гөрі, нақты бір арнаға көшіріп, оны жылдамдату проблемасын күн тәртібіне өмірдің өзі шы­ғар­ды. Нәтижесінде қос пала­талы Парламент құру қажеттігі және сол процестегі пре­зиденттің рөлі туралы мәселесі ға­лымдар мен сарапшылардың, ма­мандар­дың арасында және қо­ғам­да қызу талқыланып, 1995 жыл­ғы Конс­титуцияда көрініс тапты.

Жаңа Конституция қоғамдық өмірдің барлық салаларындағы жүйелі реформалардың бастауында тұрды. Оның үстіне бұл 1995 жылғы 30 тамыздағы референдумда Қазақстан халқының жасаған тарихи таңдауы болатын. Сол таңдауымен бірге халық елдің Тұңғыш Президентіне сеніммен бірге өзінің жарқын болашаққа деген үмітін де артты, ата-бабаларымыздың де­р­бес мемлекет құру туралы арма­нын да аманат етті. Оның қолы­на Қазақ­станның тәуелсіздігін көзі­нің қарашығындай сақтап, демократиялық, құқықтық, әлеу­мет­­тік және зайырлы мемлекет құру­ға мандат берді. Олай болса, біздегі президенттік инс­титут­тың қа­лып­тасуында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ерік-жігері мен ниеті негізгі рөл атқарғанын да мо­йындаған жөн.

Экономикалық-әлеуметтік өз­­герістермен қатар Қазақстан­ның саяси жүйесін де қайта құру жұ­мы­­с­тары тұрақты түрде біріз­ділікпен өз жалғасын тауып, нәтижесінде 1998, 2004-2005, 2007-2008 және 2011 жылдары ел Конституциясы мен кей­бір заңдарға тиісті өзгертулер мен толық­тырулар енгізілді. Бұл қадам­­дардың президенттік инс­титутты қалыптастырудағы ық­па­лы соншалықты қомақты, ол тіп­тен мақала тұрмақ арна­йы моно­­графиялық еңбектің арқауы­на айналса да артық болмас еді.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев тоталитаризм­нен демократияға өтудің қиын­дық­тарын, өтпелі кезеңнің машақат­тарын біле отырып, ұғына отыра 90-жылдардағы сұхбаттарында демократияның парламенттік формасының артықшылығын да жоққа шығарған емес. Бірақ сонымен бірге Президент демо­кра­тияның бұл түріне біз әлі жетуіміз керек дегенді де тілге тиек еткен болатын. Бұл жер­де қарама-қайшылық жоқ. Кері­сінше, сол кезеңдегі нақты туын­­даған әлеуметтік-экономи­ка­лық, қоғамдық-саяси ахуалды ес­­керудің нәтижесінде пре­зи­дент­тік институттың қажеттілігін праг­ма­тикалық тұрғыда терең түсіну­ден туындаған қадам болатын. Яғни президенттік билік осы себеп­терге байланысты өтпелі кезең­дегі Қазақстан үшін, оның тәуел­сіз­дігін сақтап қалу, оны одан әрі қа­рай нығайту және халықтың әл-ау­қатын жақ­сар­татын жаңа тұрпат­тағы эконо­ми­калық реформаларды жүзеге асыру үшін керек болды.

Міне, бүгінгі таңда сол кезден бергі жалпы әлемдік демо­кра­тия­лық үрдістерден қол үзбеген Елбасы қатаң сынақтардан өтіп, аяғынан тік тұрған Қазақстанның тәжірибесін ескере отырып, өз өкілеттігінің біразын Үкімет пен Парламентке беретін уақыттың жеткендігін түсінді.

Алдын-ала ойластырылып, жоспарлы түрде іске асырыл­ған елдің Ата Заңын жетілдіру жұ­мыс­тары нәтижелі болды. Ол Қазақстанның саяси және эко­номикалық тұрғыда үйле­сім­ді дамуына, Елбасының стра­теги­я­лық идеялары, жоспарлары мен әлеуметтік бастамаларын іске асыруға өз ықпалын тигіз­гені сөзсіз. Расында да тәуел­сізді­гі­міз­дің 25 жылдан астам уа­қыты ішінде қол жеткізген та­быс­тарымыз мемлекеттілікті одан әрі нығайту және жаңа қазақ­стандық патриотизмге негіз­делген көп ұлтты және көп конфессиялы қоғамның бірлігі, қазақ­стан­дық демократияны дамыту мен дәйекті де болжамды сыртқы саясаттың, билік жүйесін қорғаныс пен қауіпсіздік сал­асын нығайтудың арқасында бо­лып отырған дүниелер. Бұл жетіс­тіктерімізді бүкіл әлем біледі.

Сондықтан Елбасы өткен кезең­дердегі атқарылған жұмыс­тарды қорытындылай келе, 2017 жылы кең көлемді саяси реформаларды бастап, оны жаңа деңгейге көтерді. Алғаш рет Конституцияға өзгертулер енгізу мәселесі бүкілхалықтық талқылаудан өтті. Сондықтан бұл іс-шараның маңызы ерекше, ол – тарихи және тағдыршешті сипат­тағы тиімді, тұрақты қазіргі заманғы билік жүйесін құруға негіз болатын нақты да жүйелі қадамдар. Н.Ә.Назарбаев биылғы Жолдауында атап өткендей, «Біз саяси тұрақтылық пен қоғам­дық келісімнің арқасында эко­номика­мызды, саясатымызды және санамызды жаңғыртуға кіріс­тік. Технологиялық және инфра­құрылымдық тұрғыдан дамудың жаңа кезеңіне тың серпін берілді. Конституциялық реформа билік тармақтары арасындағы балансты нақтылай түсті».

Көріп отырғанымыздай, Мем­лекет басшысының жаңа, Тәуел­сіз Қазақстанды құру барысында қабылдаған Қазақстанның болашағын өзгерткен дұрыс басқарушылық шешімдері мен салып берген «қазақстандық жолы» және оны әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосу­ға бағытталған стратегиялық ұс­танымдары мен оларды іске асырудағы тиімді, бірізді және нәтижелі саясаты мен нақты іс-әрекеттері президенттік билік жүйесін толыққанды етіп құру­ға мүмкіндік берді. Сондықтан Қазақ­стандағы президенттік инсти­тут өзінің өміршеңдігін дәлел­деп, табысты жұмыс істеп, еліміздің әлеуметтік-экономи­калық, саяси және рухани дамуы мен оның тұрақтылығын бұдан былай да қамтамасыз ете беретіндігі күмәнсіз.

Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,
саяси ғылымдар докторы