Ең әуелі, қазіргі жалпы тіл білімі ғылымы, бір жағынан, «тіл мен ойлау бір-бірімен тығыз байланысты» дей отырып (бұл әдетте, бүгінгі тілдік құбылысқа қатысты айтылады), «тіл – кездейсоқ пайда болған құбылыс», «сөз – шартты белгі, оның аталатын затпен (денотатпен) еш байланысы жоқ» деген ақиқатпен мүлде сәйкес келмейтін көзқарастарды дәріптеуде: жоғары оқу орындарында осылай оқытып, ғылыми еңбектерде ғалымдарымыз осылай жазып келеді. Егер басынан бастар болсақ, қазіргі тіл білімі ғылымы тіл дыбыстарының да жаратылыс табиғатын дұрыс танып отырған жоқ.
Академик Құдайберген Жұбанов «Политехникалы мектеп» атты журналдың 1933 жылғы 7-8 сандарында жарияланған «Қазақ тілінің ғылыми курсы жөнінен лекциялар» атты еңбегінің «Қазақ тілінің фонетикасы» атты бөлімінде үнді-еуропалық тіл білімі ғалымдарын сынай келіп: «...Дыбысты тілдік қасиеттерден айырып алып зерттеді. Оның шығатын орнын, ... ауыздың кең ашылуы мен тар ашылуын, ерін мен езудің өзгеруін, таңдайға тілдің ұшы тиюі мен ортасы соғылуын, жұтқыншақтың қаншама дірілдеуін, іштен шыққан ауаның ауызбен кетуі мен мұрынмен кетуін – міне осыларды тексерді...» деп, тілден саясат жасаушылықты ғана емес, сонымен бірге тіл табиғатын физикалық немесе биологиялық құбылыс ретінде ғана танытып, бұрмалай зерттеуді де қатты сынаған болатын. Ол тіл дыбыстарын «сөз жасайтын кірпіштер» түрінде түсінетін ғалымдарды: «... тіл болмас бұрын дыбыстар, дыбыс болғанда да осы күнгі біз білетін а, б, ш болған сияқты көрінеді. Жеке, айырынды дыбыстар тілдің арғы атасы сияқтанады... Күні бүгінге шейін тіл мамандары тіл дыбыстарын осы түрде, осы грек дәуіріндегі атом түрінде танып келеді... Бірақ лаж нешік! Жәй, сауатты адам ғана емес, атақты деген тіл мамандарының өзі-ақ, ірі-ірі профессорлар-ақ университет кафедраларына шығып тұрып, ғылыми еңбектеріне жазып тұрып, тіл дыбыстарын грек дәуірінің атомдары қылып шығарса да, ешкім оған күлмеуіне, оны мазақ қылмауына таңданбай болмайды. Әрине бұл – таңданарлық күй емес, сүйегі бос көңілшектер қамығып, жігері жанған қайраттылардың жыны қозғандай хал... Міне, бүгінгі тіл ғылымы осындай дәрежеде...» деп ашына жазады.
Расында да, қазіргі жоғары оқу орындарында да тіл дыбыстарын таныту деңгейі әлі де осы дәрежеде ғана қалып отыр. Біздіңше, тіл дыбыстарының генетикалық табиғатын дұрыс танытатын, олардың пайда болуының жұп дыбыстық негіздерін жоғары оқу орындарында жаппай оқытатын кез келді. Өйткені қазіргі ғылымдағы түсінік бойынша, тіл дыбыстары – еш мағынасыз, атаумен еш байланыссыз, кездейсоқ пайда болған және тілде кездейсоқ қолданылған, яки шартты түрде ғана алынған бір бос материал ғана. Бұл түсінік бойынша, кез келген затты кез келген дыбыстық материалмен атай беруге болады. Ең сорақысы сол – тіл дыбысында мағына жоқ, ал сөзде мағына бар, – деп оқытып келеміз. Сонда мағынасыз дыбыстан мағыналы сөз қалай пайда болды? – деген сұрақ ешкімді ойландырмайтынына да таңғалып жатқан жан жоқ. Осыдан келіп, енді тілдегі сөздер де кездейсоқ атала салған атаулар болып шығады. Қысқасы, қазіргі қалыптасқан тіл білімінде, бұл тек қазақ тіл біліміне ғана тән жағдай емес, орыс және батыс тіл білімінде де солай – тіл және ойлау байланысы, тілдің пайда болуы, яки тіл философиясы өз шешімін таппай келді.
Қазақ тіл біліміне келсек, А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтында жалпы тіл білімімен айналысатын ғылыми бөлім де жоқ, өйткені кеңестік дәуірде бұл мәселемен ұлт тілдерінің өкілдері емес, негізінен, орыс тіл білімі мен философиясының көрнекті өкілдері ғана айналысатын да, олардың да белгіленген межеден артық кетуге мүмкіндіктері болмайтын. Қазіргі кездегі «Жалпы тіл білімі» деп аталатын кафедралары бар жоғары оқу орындары, негізінен, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және Абылайхан атындағы әлем тілдері және халықаралық қатынастар университеті ғана. Бұларда да бұл пәнді бұрынғы ескі сүрлеумен оқытып келеді. Мысалы, орыс тіліндегі «Жалпы тіл білімі» деп аталатын 1970 жылғы атақты оқулықта тілді «белгілік жүйе» деп атап: «Адамзат тілінің белгілік табиғаты (знаковый характер) оның негізгі ерекшеліктерінің және универсальды сипаттарының бірі болып табылады» деп көрсетеді. Ал біздің қазақ тіл білімінде мұны «тіл – таңбалық жүйе», деп түсіндіреді. Бірақ «знак» терминін «таңба» деп аударудың қаншалықты дұрыс екеніне мән беріп жатқан жоқпыз. Түркілік танымдағы таңба аса құпия, киелі (сакральды) ұғым емес пе еді? Мұны жай ғана қолданыла беретін «белгі» (знак) сөзінің мағынасы қалайша бере алады? Қазақ түсінігінде, бір рулы елдің тек бір ғана таңбасы болған. Ал орыс тіл біліміндегі «знак» дегеніміз – кәдімгі сөз ғана. Тіпті кейіннен сөз тіркесі, сөйлем, мәтін ұғымдарын да осы қатарға қосып жүр. Егер тілдегі әр сөз бір таңба болса, сонда бір тілдің өзінде сан мыңдаған таңбалар болмас па еді – мұндай жағдайда таңбаны айырып танудың өзі мұң болмай ма! Демек орыс тіл біліміндегі «знак» термині қазақ тілінде «таңба» болып орынсыз аударылып жүр.
Біз бұл бағыттағы жаңа ізденіс ретінде осы мақала авторының көп жылдық ғылыми ізденістерінің нәтижесі болып табылатын, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Ғылыми кеңесінің баспаға ұсынуымен жарық көрген «Тіл генетикасы: тілдік таңба-нышандық жүйе» (Алматы. «Үш Қиян» баспасы, 2014. 21,5 баспа табақ) атты монографиялық еңбегін ғылыми көпшілік назарына ұсынып келеміз. Еңбек Философия, саясаттану және дінтану институтында талқыланып, ғалымдар қолдауына ие болды. Сондай-ақ А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында талқыланып, бірқатар пікірлер айтылды. Әсіресе қазірде елімізде тіл ғылымының философиялық жағынан, яғни жалпы тіл білімі тұрғысынан зерттелуі мүлде назардан тыс қалып отырғанына, ал тілдік құбылысты философиядан тыс зерттеудің болашағы бұлдыр болатынына назар аударылды. Еңбек бұл тұрғыдан өзінің жаңашылдығымен көрінетіні атап өтілді. Бұл тұрғыдан осы еңбектің негізгі қағидаларының Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университеті маман ғалым-ұстаздарының тарапынан қызу қолдау тапқанын атап айтқымыз келеді.
Еңбекте адамзат тілі пайда болуының философиялық мәселелері де, таза лингвистикалық жайлары да жан-жақты қарастырылған. Біздің зерттеуімізде тіл «белгілер жүйесі» емес, «таңба-нышандық жүйе» ретінде түсіндіріледі. Таңба мәселесі мұнда мүлде жаңаша тұрғыдан қарастырылады. Тілдік таңбалар ең ілкі тілжасам дәуірі адамдарының ғаламтанымдық сипаттағы ойлауы нәтижесінде пайда болған және олар базистік сипаттағы ғаламтанымдық деңгейдегі логикалық ұғымдарды бейнелеп, тілдік дыбыстық-материалдық элементтер арқылы қолданысқа түседі. Бұл тілдік таңбаларды геометриялық фигуралар түрінде сызбалар арқылы бейнелеуге болады. Бұлар тілдік қолданыста нышандық сипатта көрінеді де, бір ғана тілдік таңба бір тілдің өз ішінде де, әр басқа тілдерде де сан мыңдаған сөздер жасауға қабілетті болып келеді. Яки мұнда жалпыадамзат тілінің пайда болуына негіз болған ғаламтанымдық тұрғыдағы негізгі ұғымдар – базистік сипаттағы логикалық ұғымдар көрінеді. Бұл таңба-нышандық жүйе арқылы қазіргі қазақ, орыс, ағылшын т.б. тілдердегі сөздердің бірнегізділігін тануға мүмкіндік мол. Тілдегі кез келген сөздің таңба-нышандық негізін, олардың осы таңба-нышандық жүйедегі орынын және тілдегі қызмет ету заңдылықтарын түсінуге болады. Сондай-ақ мұнда тілдік таңба-нышандар өзге таңбалардың да, яки тілдік емес, жасанды таңбалардың да бастау негіздері ретінде қарастырылады.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын негізге ала отырып, осы жаңашыл идеяларды жүзеге асыруға мүмкіндіктер болады деп ойлаймыз. Аталған мақалада Елбасы: «Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады. Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге, білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін», деген болатын.
Егер әріден қарастыратын болсақ, тіл ғылымы тек тілді ғана зерттеп қоймайды, тілдің арғы генетикалық негіздерінде адамзат мәдениеті мен өркениетінің ұлы табыстары кодталған. Тілдік болмыстың бойында қазіргі сан алуан жаратылыстық ғылым салаларының – математика, астрономия, физика, химия, т.б. пәндердің тек арғы бастаулары ғана емес, бүкіл өзегі жатыр. Біздің зерттеулеріміз тіл пайда болуының негіздерінде космостық деңгейде дамыған аса терең ғаламтанымдық түсініктер тұрғанын айқын көрсетеді. Бұл тұрғыдан біз Мирча Элиаденің: «Қазіргі қоғам адамы өзін тарихпен байланыста қарастыратын болса, архаикалық қоғам адамы өзін космоспен айырғысыз байланыста сезінеді... ҒАЛАМ (адамзатқа. – автор) түптің түбінде ТІЛ болып ашылады...» деген көзқарасының ақиқаттығына толық көз жеткізе аламыз.
Біздің ұлттық тіліміздің қайнар бұлақтары да осы арғы жалпыадамзаттық тілдік-философиялық негіздерден бастау алады. Сондықтан да жалпы тіл білімі ғылымына жаңаша көзқараспен қарайтын, оны еліміздің жоғары оқу орындарында жаңаша оқытатын кез келді. Мәселеге еліміздің осы салаға қатысты құзырлы органдары мен мекемелері назар аударуы қажет деп білеміз.
Шанжархан БЕКМАҒАМБЕТОВ,
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты