Қазақта: «Азаматына қарап елін таны» деген қанатты сөз бар. Осы сөздің түп-төркінінде бір үлкен салмақ жатқандай ғой.
Қазақстан Парламенті Сенаты депутаттарының Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа ең жоғары мемлекеттік атақ беру жөніндегі шешімін естігенде төбем көкке екі елі жетпеді. Еңбегі зор Елбасыға бүкіл халық болып құрмет көрсету қазіргі кезеңде өте қажетті іс әрі міндет дер едім.
Аумалы-төкпелі заманның қиыншылығын көп көрген мемлекеттердің бірі – Қазақ елі. 1991 жылғы тарихи кезеңде, Кеңес өкіметі күйреп, кіндігі бір болған елдер тар жол, тайғақ кешуде шалынып-сүрініп, бүлініп жатқанда, кемеңгер басшымыз Нұрсұлтан Назарбаев сол бір қараңғы түнектен халқымызды адастырмай, қатарымызды сиретпей алып шыққан ерен ер болды. Ендеше, осындай азаматқа біздің де қарызымыз бар екенін ұмытпағанымыз абзал.
Астана бой көтеріп, қазақтың ой-өрісі бірге өсті, көңілі шалқып шат-шадыман жақсы өмірді басынан кешіп жатыр. Тарихи тұлғаның ұлы қасиеттерін дер кезінде бағаласақ, біздің де бағамыз жоғары болады. Қазақ халқы осындай азаматтарымен өзін осы қоғамның биіктегі ортасынан көріп отыр. Қуанышымыз әрдайым ұзақ, ынтымақтастығымыз жұрт қызығатындай әсем болсын.
Астанаға іргелес жатқан аудан орталығы – Ақмол мен Қосшы ауылдары жылма-жыл адам танымайтындай оң өзгерістерге еніп келеді. Салынған көпқабатты үйлер, балабақшалар мен мектептер жұрттың игілігіне жарап жатыр. Биылдың өзінде осы елді мекендерде және Қабанбай батыр ауылында жаңа еңселі балабақшалар тапсырылмақ. Бұл – егеменді еліміздің 20 жылдық тойына жасалған тарту.
Өткен жылы Целиноград ауданының орталығы – Ақмолға Нұрсұлтан Назарбаев арнайы келіп, түйіні күрделі көптеген мәселелерді оңтайынан шешіп берді. Жол, электр қуаты, телефон байланысы мен тұрғын үй құрылыстары кеңінен қанат жайды. Бұл біздің ауданымыздың тұрғындарына ерекше бір сый болды. Сондықтан, біздің елдің Нұрсұлтан Әбішұлына айтатын алғысы шексіз.
Мен өзім осы қуанышымды елмен бірге бөлісіп отырмын. Еңбегіңіз жемісті болсын, қадірлі Елбасы!
Рауза ДҮЙСЕМБЕКОВА.
Ақмола облысы,
Целиноград ауданы.