Қазақстан • 25 Сәуір, 2018

Астананың жиырма жылдық мерейтойы қалай тойланады?

899 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Көрінген таудың алыстығы жоқ демекші, Астананың жиырма жылдық мерейлі мезеті де иек ас­тына келіп қалды. Ақынның тілімен айтқанда «Көкті сүйген көркімен таңғалдырған, Көңілінде көргеннің ән қалдырған» ару шаһардың тағдырындағы дөңгелек датаның дүбірлеген тойға ұласары хақ! 

Астананың жиырма жылдық мерейтойы қалай тойланады?

Жиырма жылдық мерейтой аясында өтетін ауқымды іс-шаралар үшін республикалық бюджеттен жұмсалатын қаражат көлемі де белгілі – бас-аяғы 19 миллиард теңгеге жуықтайды. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев сәуір айының басында бас қаланы одан әрі дамытуға арналған мәжілісте: 
– Бұрынғы Ақмола қаласының төңірегі қандай болғаны бəрімізге бел­гілі. Жаңа қаланың орны мидай дала еді. Қазір қаланың осылай дамы­ғанына өзім де таңғаламын. Біз ата-ба­бамыздың арманын орындап, Сары­арқаның төрінде ел ордасы – Аста­наны салдық. Дүние жүзі тамсанып, таң­ғалатын шаһарға айналдырдық. Елор­дамыздың 20 жылдық мерекесін бар­лығымыз бірлесіп атап өтуіміз қажет. Бұл – елдің қуанышы, – деген болатын. 
Бас қаланың торқалы тойына елі­міздің облыстары тарту жасап, елор­даның сәулетінде қолтаңбасын қал­ды­руға ниет білдіріп жатқанын айта кетейік. Осыған байланысты Президент об­лыстар қала тұрмысына қажетті ны­сан­дар салуға көбірек көңіл бөлуі қажет­тігін айтты. Осы арқылы Елбасы жоға­рыда сөз еткен қаржыны ел игілігіне жа­ра­туды меңзегені түсінікті.

– Мерекені бәріміз жақсы көреміз. Мен барлық облыстардың шараға атса­лысқысы келетінін білемін. Оның бәрі бір арнамен, барынша тиімді жолмен ұйым­дастырылуы керек. Облыстарға тым салмақ салудың қажеті жоқ шығар, деген­мен елордаға тарту жасағысы келгендер болса орнымен жасалуы керек. Жай ескерткіш емес, қалаға пайдалы көше, сквер, саябақ, қандай да бір нысандар салынғаны дұрыс. Жұмыстың ең маңызды тұсы – көрінбейтін жағы. Мәселен, сумен қамту, жылумен қамту, қоқысты тазалау сияқты жұмыстар. Ол бір қарағанда байқалмайды, көрсетіп мақтана алмайсың,– деген болатын. 

19 миллиард аз ақша емес екені рас. Әлеуметтік желілерде ол қаржыны қайда, қандай жолмен жаратуға болатынын айтып жатқандардың да қарасы аз емес. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының, Астана әкімі Әсет Исекешевтің сөздеріне сүйенсек, төр қаланың туған күніне орайлас шаралар бас-аяғы бірнеше күнмен немесе бірер аптамен шектеліп қалмайды. Қала халқы үшін, шаһарға алыс-жақын аймақтардан келген меймандар үшін ұйымдастырылатын шаралардың ауқымы әлдеқайда кең, тіпті бірнеше айға дейін ұласатын болады. Жоспарланған шаралардың өтетін жері де Астанамен шектеліп қалмайды, Алматыда және басқа да ірі қалаларда атап өтіледі. Демек, көлемді қаржы ауқымды шараларға жұмсалады деп пайымдауға болатын сыңайлы.

Мәдениет және спорт министрлігі, Астана қалалық әкімдігі және басқа да мемлекеттік органдар мұрындық болатын іс-шараларды қоса алғанда барлығы 645 шара өткізілуге тиіс. Бұлардың қатарында ресейлік Мария театрының гастрольдік сапары, халықаралық Канн кинофестивалі-2018 аясындағы қазақ киносының апталығын өткізу, Нью-Йоркте Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік музей қорындағы картиналардың көрмесін өткізу сынды шаралар бар. 

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы айтып өт­кендей, 15-16 маусымда өтетін Voice of Astana эстрада әндерінің халықаралық фестивалі де көлемді қаражатты қажет ететін жобалардың санатында. Аталған эстрадалық әндер фестиваліне әлемдік супержұлдыздар шақырылмағанымен, жарық пен дыбыстың сапалы бо­луының өзі арзанға түспейді екен. Бір атап өтерлігі, музыкалық бағыттағы ша­ра­лардың барлығында отандық музыка өнерін, төл композиторларымыз бен жұл­дыздарымыздың шығармашылығын насихаттауға баса көңіл бөлінеді.

– Біз биыл фестивальдің алғашқы күнін «А-студио» тобын­ың жетекшісі Байғали Серке­баевтың 60 жылдығына арнағы­мыз келіп отыр. Екінші күнін Батырхан Шү­кенов­ті еске алуға арнаймыз. Валерий Меладзе­ден бастап, Леонид Агутин, Кристина Орбакайте сын­ды танымал өнер жұлдыздары­ның барлығы Батырханның дос­тары ретінде осы концертке қаты­­су­ды парыз санайды,– дейді А.Мұхамедиұлы. 

Мерейтой бағдарламасына көз жүгіртер болсақ, 1 шілдедегі «Қазақ­стан барысы» рес­публи­калық қазақ­ша күрес турнирі, 1-5 шілде аралы­ғында өтетін XIV халықаралық «Еуразия» фестивалі, 7-13 шілдедегі І халық­аралық Wide World театрлар фестивалі, 25-29 маусым күндері өтетін The Spirit of the Dance этностық музыка мен халық биі фестивалі, Халықаралық ақындар айтысы сынды ауқымды мәдени шаралар легі толаста­майды екен. Wide World театр­лар фестивалі аясында халықара­лық симфония­лық оркестр сүйемелдейтін Карл Дженкинс­тің Chune Astana одасының салтанатты премьерасы, «Опералия» фестивалінің бағдар­­лама­сында Мұқан Төлебаев­тың «Біржан-Сара» операсы қойы­латынын атап өткен ләзім. 

Жыл сайын маусым айының орта шенінен бастап қала күнін тойлау қыза түсетіні белгілі. Биыл мерекелік шаралардың легі, шаһардағы мере­келік көңіл күй бірер аптаның аясында саябыр­лап қалмай, жаз бойы толаста­мауы тиіс. Бұл елордалықтар үшін де, Астанаға жазда қыдырып келе­тін меймандар үшін де ыңғайлы болары сөзсіз. 

Қарап отырсақ, Астананың 20 жылдық торқалы тойын ха­лық­тың көңілінен шығатын­дай жоғары деңгейде, сән-салтана­­тын жарасты­рып өткізу жоспарлан­ған. Оған жұмсалатын қаржы да алдын ала ойластырылып, тиім­ді жұмсау жағы қарастырыл­ған. Ендігі мәселе осы қаржы­ны елдің мәдени, әлеумет­тік, тұр­мыстық игілігі үшін тиім­ді жұм­­сауға тірелетіні түсінікті. Жоға­рыда Елбасының сөзінен келтір­геніміздей, елордамыздың 20 жылдық мерекесін барша халық бірлесіп атап өтуі керек. Себебі бұл – елорданың немесе елорда­лықтардың ғана емес, тұтас елдің қуанышы. 

Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»