Әлем елдерінің үлесі
Алтын нарығындағы қыры мен сырын санап бітпейтін мәселелерді экономика ғылымдарының докторы, профессор Рахман Алшанұлынан сұрап білген едік.
– Бірнеше жылдың көлемінде дүниежүзілік экономиканың даму қарқыны айтарлықтай артып, жалпы өсімнің көлемі 241 трлн доллардан асты. Күні бүгінге дейін өндірілген және жиналған алтын – 188,1 мың тонна, құны 8-9 трлн долларды құрайды. Ескеретіні, геологиялық алтын коры 45-50 мың тоннаны кұрайды. Ал жер қойнауындағы әлі алынбаған сары алтынның үлесі әлем елдері бойынша мынадай: Аустралияда − 7 жарым мың тонна, Оңтүстік Африка Республикасында − 6 мың тонна, Ресейде − 5 мың тонна, Чилиде − 3 жарым мың тонна, АҚШ пен Индонезияда − 3 мың тонна, Бразилияда − 2 жарым мың тонна, Перу мен Қытайда − 2 мың тоннаға жуық, Өзбекстанда − 1,7 мың тонна болса, бұл көрсеткіш Мексикада 1,4 мың тоннаны құрап отыр.
Осыдан екі жыл бұрын әлем бойынша өндіріс 3222 тонна болса, нарықтағы алтынның бір тоннасы − 34 млн доллар мөлшерінде, жылдық есепте алтыннан түскен қаражат − 109,5 млрд доллар. Осы уақыт аралығында дүниежүзілік жалпы өнім 75 трлн доллардан асып жығылады. Қазіргі жағдайда да, нарықтың бұл түрі жылдан жылға еселеніп артып келеді. Бұл процесс осылай қарқын ала берсе, алтын өндіруші кәсіпорындар үшін шикізат тек 15-25 жылға жетеді. Өз кезегінде алтын өндіру азайған сайын, оның дүниежүзілік айырбас қатынастары кезінде атқаратын қызметі бәсеңдеп, ақша ретіндегі қолданыстан ажырай бастайды, – деді сарапшы.
Ғалымның айтуынша, алтынның «алтын дәуірі» жаңа сипатта қарқын ала бастады. Түсінікті болу үшін сәл шегініс жасасақ, ІІ жаһандық соғыс кезінде АҚШ-тың алтын қоры 20,2 мың тоннаға жетіп, Бреттон-Вуд валюталық жүйесі кезінде АҚШ долларды тұрақтандыру үшін алтынды кеңінен қолданысқа енгізді. Бірте-бірте америкалық доллардың құны алтынмен бағалана бастады. Әлемдік валюта жүйесінің көк қағазбен өлшенуі жер жаһандағы алтын қорының 70 пайызын АҚШ-тың иеленіп отырғандығымен байланысты. Бірақ уақыт алтын арқылы көтерілген доллардың қуатының мәңгілік еместігін көрсетіп отыр. АҚШ-тың экономикалық жағдайы оның әлемдік ІЖӨ-ге ықпалы жыл өте бәсеңдей бастады. Ендігі тізгінді индустриясы жаңа серпін алған Жапония, Еуропа елдері, Корея қолға алып, аталған елдердегі валютаның қолданыс аясы кеңейе түсті. Айта кетерлігі, 1976-1978 жылдары өткен Ямайка келісімі бойынша сыртқы саудада валютаның ортақ айналымда болуы үшін ол бәсекеге қабілетті болуы тиіс еді. Оны анықтау үшін өзгермелі курс енгізілді. Сөйтіп нарық алаңының ойыншысы тек доллар ғана болып қалмай, өзге де валюталарға мүмкіндік берілді. Ал алтын қандай заман туса да өз бастапқы бағалы қалпынан тайған емес. Сары металл қаржылық сипаттан ажырағанымен тауар ретінде үздіксіз сұраныста болды. Дамыған елдердегі орталық банктер алтынның көп бөлігін нарықтағы саудадан төмен бағаға сатып алып, орайы келгенде ұтымды сатумен айналысып келді. 2016 жылы әлемдегі алтынның 50 пайызы зергерлік бұйымдар күйінде сақталып, 18 пайызы жеке инвесторларға тиесілі болса, 18 пайызы мемлекеттік резервтерде сақталып, 12 пайызы өнеркәсіптік бұйымдарда, қалған 2 пайызы басқа да мақсатта қолданылған.
Дүниежүзілік алтын кеңесінің 2017 жылғы есебі бойынша әлем елдерінің алтын резервтері мен ұлттық резервтегі алтынның үлесі мынадай болды: АҚШ – 8133,5 (75,2 пайыз), Германия – 3377,3 (69,7 пайыз), Халықаралық валюта қоры – 2814, Италия – 2451,8 (67,5 пайыз), Франция – 2435,9 (65,8 пайыз), Қытай – 1842,6 (2,4 пайыз), Ресей – 1687,3 (17,1 пайыз), Швейцария −1040 (5,8 пайыз), Жапония – 765,2 (2,5 пайыз), Қазақстан – 270,9 тонна (36,7 пайыз).
Жарты ғасырға жуық уақыт ішінде Жапониядан өзге дамыған елдерде алтын қоры азайып, керісінше дамушы мемлекеттерде өсім артқан. Алтынның дүниежүзілік қоры 1970-2017 жылдар аралығында 3,1 мың тоннаға азайып отыр. Жыл басында WGC орталық банктердің өткен жылғы қорытынды есебінен 2016 жылы 389,8 тонна алтын сатып алынса, өткен жылы бұл көрсеткіш 371,4 тоннаға дейін төмендегендігін көруге болады. Кезінде қолдағы бар алтынның қадірін түсіне бермеген елдер оның тапшылығын сезінген кезде бағалап, өз үлесін меншіктеп қалуға тырысып бағады. Өндірістің төмендеп, алтынның әлемдік қордағы үлесі кеміген соңғы жүз жылдықта валюта жүйесінен алтын ығысып, айырбас қатынастары кезіндегі «заңды» қызметінен босауға мүдделі күйде. Оған дәлел, қаржы, сауда, экономикалық қатынастар қалыптасқан дүниежүзілік валюта жүйесінің дамуындағы бес қезең: Париждік валюта жүйесі (1821-1867 жж), Бреттон-вудтік валюта жүйесі (1944 ж), Ямайкалық валюта жүйесі (1976-1978 жж) және Еуропалық жүйе.
«Алтын шыққан жерді белден қазған» Қытай
Таяуда АҚШ-тың геологиялық қызметі (USGS) өткен жылдағы алтын өндірісінде көшбасшы атанған елдердің тізімін анықтады. Құны бағалы металды басты қазба байлығы санаған Оңтүстік Африка осыдан 11 жыл бұрын өндіріс көлемін жылына 270 тоннаға дейін арттырып келген. Тіпті 1970 жылы рекордтық көрсеткіш орнап, бір айда 1 мың тонна алтын алыпты. Бірақ соңғы жылдары Оңтүстік Африкадағы өндіріс тұралап, әлем бойынша аталған салада 7-орынға түсіп қалды. Десе де, әлі өңделмеген алтын бұл өңірде 6000 тоннаны құрайтындығы анықталған. Жалпы, статистикада Аустралия 7 500 тонна өңделмеген алтынмен бірінші, Оңтүстік Африка екінші орында. USGS келтірген ақпаратта әлемдік алтын өндірісінің қарқыны баяуламаса, қалған қор 17 жылға ғана жететіндігі айтылып отыр.
Дүниежүзілік алтын кеңесінің (World Gold Council) мәліметіне сүйенсек, 2008 жылдан бері әлемдік алтын қоры жыл сайын артып келген еді. Алайда өткен жылы бұл өсім бәсеңдеді. Мәселен, ең ірі алтын өндіруші елдің бірі Қытайдың өндірісі өткен жылы 9 пайызға азайған. Financial Times мәлімдеуінше, Қытайда алтын өндіру 1980 жылдан бері екінші рет төмендеп отыр. Әлемдегі алтын өндірісінің шамамен 15 пайызы Қытайдың үлесінде. Осыдан екі жыл бұрын қытайлық билік алтын өндіру саласына шектеу енгізіп, бірқатар шағын алтын кеніштерін жауып тастады. Соған қарамастан, 2017 жылы 440 тонна бағалы металл өндірген Қытай жылдық есепте өзгелерден көш ілгері екендігін көрсетті. Ешбір мемлекетте жоқ «Алтын әскерді» де Аспанасты елі құрып отыр. Бұл әскер саяси мақсатта емес, алтын кендерін іздестіру, геологиялық барлау жасау негізінде құрылған.
Алтын өндірісіндегі Қытайдан кейінгі екінші орында Аустралия тұр. Бұл ел былтырғы көрсеткішін 3,45 пайызға арттырып, 300 тонна сары алтын өндірген. Алтын қазуды басты табыс көзіне айналдырып үлгерген ел үшін бағалы металл ел экономикасынан бөлек, халықтың қолын іске іліндіріп, аузын асқа жарытып отыр. Аталған саладағы мүйізі қарағайдай компаниялар жұмысшы іздеп әуре болмай, жергілікті халықты іске жұмылдырған. Ең ірі аффинаждалған бағалы металды ғана шығаратын зауыт жұмысына қарап Аустралия алтынның ең сапалы түрін өндіруді жолға қойғанын байқауға болады.
Құнды металдың қасиетін түсірмейтін Ресей бұл жолы да үздік үштіктің қатарында. Өткен жылы аталған елдің 50-ге жуық кен орындарын да, оның ішінде Краснояр мен Алтай өлкесінен 255 тонна бағалы металл өңделген. Соңғы уақытта әлемдік нарықта алтынның майдаланған ұсақ түрі өндірісті аса қажет етпегендіктен өндіру ісі баяулаған. Тек Ресей бұл бағытта алған бетінен таймай, көшбасшы атанып отыр.
Дүниежүзілік алтын кеңесі (World Gold Council) биылғы жылдағы бағалы металл нарығының жай-күйін, жаһандық экономикадағы үдерістерді сараптан өткізіп, әлемдік дағдарыс екі өкпеден қысқан 10 жылға жуық аралықта сауда-саттықтың тұралап қалғандығын, бірақ қайтадан қалыпқа келе бастағандығын хабарлайды. Әсіресе Қытай, Үндістан сияқты алтынның сұранысын өтеп отырған елдерде зергерлік бұйымдар, құймалар мен монеталар жасау жолға қойылып, инвестицияны да бағалы металдың осы түріне сақтауға басымдық берілген. Өткен жылы үндістандықтар 727 тоннаға алтын импорттап, одан экспортқа бұйымдар шығарып, 889,59 млн доллар пайда тапқан. Ақша жасаудың жолын білетін үндістандықтар мұны табыстың көзіне айналдырған. Былтырғы қаңтар-ақпан айында Швейцарияның кедендік қызметі Үндістанға 27,77 тонна алтын жөнелтілгенін анықтаған. Сырттан 606 млн АҚШ долларына сары алтын сатып алынып, одан жасалған әшекей бұйымдарды өзге мемлекеттерге сатып, екі есе пайда кіргізген.
Қазақстандағы бағалы металдар – 303 тонна
Дүниежүзілік алтын кеңесінің (World Gold Council) 2018 жылдың 1 наурызында келтірген мәліметі бойынша, Қазақстанда бағалы металдардың (алтын, күміс, платина) Алтын валюта қорындағы үлесі 303 тоннадан асқан. Бұл еліміздің барлық халықаралық қорының 41,3 пайызын құрайды. Бүгінгі таңда бағалы металдар қорының қөлемі бойынша 100 елдің ішінде Қазақстан 18-орынға табан тіреген.
Экономист, ғалым Рахман Алшанұлының айтуынша, мемлекеттік резервте Қазақстан алтын айырбастау бойынша 40-орында тұр. Халықаралық валюта қорында тіркелген мәліметте осындай дерек көрсетілген. Еліміздің Ұлттық банкінде 40 тоннадан астам алтын айналымда болған. Ал алтынның бекітілген көлемі 1,3 млн унция шамасында (үштік унция = 31,1035 грамм) немесе 41,8 тонна көлемінде сақталуы елдегі алтын валюта резервтерінің үнемі өсуімен байланысты, дейді ғалым.
Сарапшыдан өңдеу өнеркәсібіндегі Қазақстан әлеуетінің қандай екендігін сұрап білдік.
– Мемлекеттік баланс бойынша Қазақстанда 293 алтын қоры сақталған объекті бар. Олардың ішінде 235-і байырғы, 48-і шашыраңқы орналасқан кен орындары, 10-ы техногендік минералды түзілімдер. Тұтастай алғандағы алтын қордың жартысына жуығы 8 ірі кен орындарында орналасқан. Олар: Васильковский кен орны − 335-360 тонна, Бақыршақ кен орны − 257-277 тонна, Мизек кен орны − 65 тонна, Суздаль, Ақбақай кен орындары− 63 тонна, Бестөбе, Жолымбет, Большевик − 30 тонна – жоспарланғаны 100 тонна, Құсмұрын − 24 тонна, деді сарапшы.
– Ұлттық банк елімізде өндірілген алтынды бірнеше мемлекетке экспорттап келеді. Соңғы уақытта негізгі сатып алушы ел − Швейцария. Елдегі алтынға сұраныс артқан сайын ішкі өндіріс қарқыны да еселене түскен. Бүгінгі күнге дейін 12 мың дананы құрайтын мерейтойлық және ескерткіш монеталардың 6 сериясы шығарылған. Ішкі сауда нарығында құны бағалы металдан ыдыс-аяқ және өзге де бұйымдар жасау үлесі артып, бұл бағытта Қазақстан жаңа серпінмен дамуға бет алды.
Биылғы бағаға болжам
Биылғы жылы құнды металдың бағасы қандай мөлшерде сақталатынын әлемдік сарапшылар әрқилы пайымдайды. Канадалық банк алтын нарығында айтарлықтай өсім болмайтындығын ескерте отырып, унциясы 1250-1275 доллар болады десе, голландиялық ABN Amro банкі әлемдік саудада алтын унциясы 1200-1250 мөлшерінде саудаланады деген пікір айтқан. Америкалық Goldman Sachs банк осыған дейін алтын бағасы жыл басында унциясына − 1225 доллар, жыл ортасында − 1200 доллар, жыл соңында 1225 доллар болады десе, таяуда болжамдарын өзгертіп, 1350 доллар, 1375 доллар және 1450 доллар мөлшерінде сақталады деп шешті. Bank of America Merrill Lynch сарапшылары да алтынның құны 1326 доллар болады деген ойда. Алтын бағасының қымбаттауын олар жаһандағы сауда нарығының артуымен, дамыған елдер валюталарының бәсекеге қабілеттілігі жоғарылауымен байланыстырып отыр. Бағалы металл бағасының артуына мұнай нарығы мен әлемдік инфляцияның жоғары деңгейде сақталуы тікелей ықпал етіп отыр.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»