Қазақстан • 25 Сәуір, 2018

Таңсұлу Алдабергенқызының «Әйелмен әлем әдемі» атты кітабының тұсаукесері өтті

931 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әртүрлі мазмұндағы кітап­тардың ішінен әлемнің мойнына әшекей болып тағылған әйел туралы жазылған қалың томдар түгілі, пышақтың қырындай жұ­қалтаң кітаптың өзі кез келген санаттағы оқырманның қызы­ғушылығын еріксіз оятатын ерек­­­ше­лігі бар көрінеді. Әсіресе әйел туралы оқу әйелдің өзіне қызық. Жақында белгілі журналист, «Түркістан» халықаралық саяси апталығының қызметкері Таңсұлу Алдабергенқызының «Әйелмен әлем әдемі» атты жаңа кітабының тұсаукесер-таныстырылымына жиналған қыз-келіншектердің лебізі, олардың қуанышы осыны аң­ғартты. 

Таңсұлу Алдабергенқызының «Әйелмен әлем әдемі» атты кітабының тұсаукесері өтті

Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты, жазушы Бек­сұлтан Нұр­жекеұлының кітапқа жазған кіріспе сөзіне көз жүгіртіп шық­қаннан кейін мұқабасы әдемі кітап арқылы әйел әлемі мен бел­гілі отбасылар өміріне сапарлап шығатынымызды іштей сезініп те үлгерген едік. Расында да, қоғамдағы белгілі әйелдер немесе белгілі тұлғалардың сүйікті жары жайлы жазылған таңдаулы эссе, мақала, сұхбаттар бір күннің емес, бірнеше жылғы еңбектің жемісі.

«Түркістан» газетіне көп жыл­дар басшылық жасаған алаштың абызы, Қазақстанның халық жазушысы Қалтай Мұ­хаметжановтың идеясымен дү­ниеге келген «Әйел-әлем» қыз-келіншектер бетінен бастау ал­ған Т.Алдабергенқызының шы­ғармашылығындағы тың топтамалар өз тұрақты оқырманын әлдеқашан қалыптастырып алған. Талай жылдардан бері ханымдар тақырыбына талмай қалам тербеп келе жатқан Таңсұлу Ал­дабергенқызы ой-пайымын, сыр-сұхбатын қазақы таныммен өріп, тарқатады. Онсыз да бөліп-жаруға келмейтін әйел мен отбасыны бүтін бір ұғымға айналдырады. Көңіл күйдің, іште тыншып ағып жататын әртүрлі сезімдердің, отбасылық жарасымның генераторы әйел екеніне кәсібі де, тағдыры да бір-біріне ұқсамайтын кейіп­керлерінің әңгімесі тіпті көз­ жеткізе түседі. Мысалы, 100­ жасаған актриса Хабиба Еле­бекованың әпкесі Далила туралы әңгімесі, ғасырмен құр­дас тағы бір актриса Айша Абдуллинаның жүрекжарды сыры, Серке Қожамқұловтың қы­зы Ренатамен, халық жазушы­сы, ақын Әбу Сәрсенбаевтың қызы Райханмен өрбіген сұхбат­тары шынайылығымен һәм тереңдігімен тартымды.

Кітаптағы аса қызықты тарау­лар­дың бірі «Жары жақсының – жаны жақсы» деп аталады. Мұнда ұлт журналистикасының алғы көшінен көрінген ұс­таз-журналист Балғабек  Қыдырбек­ұлының зайыбы Сапура апай, қазақ музыкасының сайыпқыраны Нұрғиса Тілендиевтің жары Да­риға Тілендиева, әдебиет пен мәдениетке мол мұра сыйлап кеткен Қадыр Мырза Әлінің әйелі Сал­танат, талантты актер әрі режиссер Райымбек Сейітметовтің жары Нейла Малдыбаева, жазушы Баққожа Мұқайдың жары Нұржамал Ахметова, бел­гілі­ сахна майталмандары Ес­бол­­­ған Жайсаңбаев пен Әнуар Молдабековтің жарлары Сәлиха Қо­жақова мен Баян Имашева, бар ғұмырын театр тануға ар­наған бірегей өнер зерттеушісі Әшір­бек Сығайдың шаңырағы мен мұрасына ие болып отырған Күләш апай сөз алып, ұлт руханиятына қызмет еткен айтулы тұлғалардың отбасындағы ел біле бермейтін жар, әке, бауыр ре­тіндегі қарапайым міндеті туралы қызықты сыр шертеді.

Бұдан бөлек автор өнерде, әде­биетте, жалпы руханият саласына еңбек сіңіріп жүрген танымал әйелдердің бірталайының тұтас галереясын жасап шыққан. Әйел мен отбасына байланысты түйіткілді мәселелердің бәрін де қамтуға тырысқан «Өнерім – өмірім», «Тәрбие деген бір тәңір», «Өмірдің өзі» тарауларының да көтеріп тұрған жүгі мол. Сайып келгенде, өз уақытындағы таң­даулы әйел болудың сырын, от­басын ішкі-сыртқы қатерден қор­ғап қалудың құпиясын тануға Таң­сұлу Алдабергенқызының осы кітабы тамшыдай болса да өз үлесін қосары сөзсіз.
 
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ