1995 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылғанда Қызылордада корей, өзбек, татар және чешен ұлттық-мәдени орталықтары болған еді.
Бүгінде Қызылорда облысында өзге этнос өкілдерінің үлес салмағы жалпы алғанда 4 пайызды құрайды. Қазіргі таңда облыс көлемінде 11 этномәдени бірлестік жұмыс атқарады. Оларды атап айтсақ, Қызылорда облысының Корейлер қауымдастығы, «Славяне», «Вайнах» чешен, «Lev Ami» еврей, «Понтийцы» грек, «Viedegeburt» неміс, татар, өзбек, түрік, қырғыз этномәдени бірлестіктері және «Русская община» қоғамдық бірлестігі жұмыс істеп жатыр.
Этномәдени бірлестіктердің мәдени күндері, ұлттық мерекелері, «Наурыз», «Құрбан айт», «Рождество», «Сабантуй», «Сольналь», «Остерн», «Песах», «Масленица», Пасха мерекелері кеңінен атап өтіліп келеді. Мұның өзі облыстағы барлық этностардың ауызбіршілікте өмір сүруіне, қоғамдық келісімнің берік нығаюына үлкен ықпал етеді.
Қазақстан халқы Ассамблеясының жергілікті жерлердегі қызметін жандандыру мен қоғамдық келісім идеясын орнықтыру мақсатында Қызылорда облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі жұмыс істейді.
Бүгінде облыстық Ассамблеяның бастамасымен көпэтносты мектептерде толеранттылық клубтары құрылып, жұмыс істеуде. Толеранттылық клубтарының негізгі мақсаты – оқушыларды қазақ халқының және Қазақстанда тұратын барлық этностардың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, тілі мен мәдениетін түсінуге, ұлттық құндылықтарға ұқыпты қарауға үйрету.
Өңірде «Қазақстанға ыстық ықыласпен», «Сыр елі – достық мекені», «Бірлігіміз жарасқан» атты жобалар сәтті жүзеге асырылып келеді.
«Қазақстанға ыстық ықыласпен» әлеуметтік жобасының мақсаты қазіргі таңда шетелде тұратын, кезінде облыстан түлеп ұшқан отандастармен жүздесулер ұйымдастыру болатын. Қазақстанның оң имиджін қалыптастыратын бұл жұмыстар өз нәтижесін беруде. Бұл шараға Ресей, Украина, Ресейдің Чешен Республикасы сияқты бірнеше мемлекеттерге қоныс аударған отандастарымыз келіп, қонақ болды.
Оған қоса, шетелдерде тұрып жатқан қандастарымызбен байланыс орнату мақсатында «Атажұртын аңсаған» атты жоба жүзеге асып келеді.
Сондай-ақ облыстық Ассамблеяның «Сыр елі – достық мекені», «Достықта жоқ шекара», «Бірлігіміз жарасқан» керуендерінің ақпараттық-насихаттық топтары барлық елді мекендерде болып, Елбасының этносаралық татулық пен қоғамдық келісім саясатын насихаттап отырады.
Өткен жылы Сыр еліне «Ынтымақтастық іскерлік жөніндегі «Қазақстан – Корей орталығы» АҚ директоры Ву Джонг Хи мырза арнайы келіп, «Достық» үйінде корей диаспорасының өкілдерімен кездесті. Жағдайларымен танысты. Өз кезегінде осында мекендеп жатқан корейлер Қазақстанды екінші Отаны санайтындықтарын айтқан. Меймандос қазақ ұлтының тағдыр-талайымен жер ауып келген ағайынды ыстық құшағына тартып, бауырындай алқалағанын айтқан. Жиын барысында Ву Джин Хи мырза Елбасына алғысын білдірген еді.
Жақында Қызылорда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы мен Оңтүстік Корея елі өкілдері бірлесіп, қаланың тұрғындарына 1757 түп алма ағашы көшетін табыс етті. Сонымен қатар Қазалы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесіне баспаналы вагон, тіркемелі «Беларусь» тракторы мен «Уаз» көлігін сыйға тартты.
Ояз бағында ұйымдастырылған шарада корей елінің өкілі, профессор Ким Ги Хен Сыр өңірінің жасыл желекке айналуына тілектес екендігін жеткізді.
– Қазақстан – көпэтносты мемлекет. Оның ішінде Қазалы қаласында бірнеше этнос өкілі бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүруде. Қазақтардың көңілі дархан, пейілі таза, құшағы кең. Тағдырдың айдауымен корей ұлтының өкілдері Отанынан жер аударылып, Қазақстанға, оның ішінде Қазалы қаласына қоныс тепкен еді. Бүгінде осында олардың алпыстан аса ұрпағы тұрып жатыр екен. Біздің де Қазақстанға деген достық көңіліміз түзу. Осы өлкенің жасыл желекке оранып көркеюін, тұрғылықты жандардың денінің сау болғанын қалаймыз, – деді ол.
«Көп ұлтты болу – біздің бақытымыз» деген еді Елбасы. Қазақстан тәуелсіздік алғанда жергілікті ұлттың саны қырық пайыздан аспаған. Мұндай елдерде алағай да, бұлағай заман болғанын көзіқарақты жандар жақсы біледі. Осындай қиын сәтте Қазақстанды мекендеген түрлі этнос өкілдері тәуелсіздіктің орнығуына бір кісідей еңбек етті. Олар ынтымақтың ырысқа бастайтынын жақсы біледі.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы