Кезекті конференцияға Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділбек Жақсыбековтен бастап, бас хатшы Азамат Айтқожин, ұлттық құрама жаттықтырушысы Станимир Стойлов және ел футболының барлық атқамінерлері мен аймақтық футболдың өкілдері қатысты.
Алқалы жиынның шымылдығын Әділбек Жақсыбеков ашып, қазақтың даңқты футболшысы болған Тимур Сегізбаевтың рухына құрмет көрсетіп, бір минут еске алумен бастады.
– Тимур Санжарұлының есімі ел футболының тарихында алтын әріптермен мәңгілікке жазылып қалады. Алдағы уақыттарда оны еске алуға бағытталған әртүрлі жобаларды қолға аламыз – деді ол.
Сондай-ақ Ә.Жақсыбеков жиынға қатысқан әріптестері мен бүкіл қазақ футболының жанкүйерлерін Қазақстан футболы күнімен құттықтады. Осыдан тура 16 жыл бұрын Қазақстан маңызды қадам жасап, Еуропа футбол қауымдастықтарының одағына (УЕФА) қабылданған-ды. Осы уақыт аралығында Қазақстан футболы Еуропа турнирлерінде айтарлықтай табыстарға қол жеткізді.
Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Азамат Айтқожиннің пайымдауынша, «Алға, футбол! Алға, Qazaqstan!» бағдарламасы ел футболын жаңа деңгейге көтеріп, ойыншылардың деңгейін жақсартуға көмектесе-ді. Сондай-ақ аталған бағдарламаны дайындауға отандық футбол мамандарымен қатар, бірнеше шетелдік танымал футбол сарапшылары атсалысқанын атап өтті.
«Бұл бағдарлама Қазанның «Рубині» мен Алматының «Қайратының» құрамында 10 жылдан аса доп тепкен Павел Черепанов басқаратын жұмыс тобы және Құрбан Бердиевтің белсенді қатысуымен дайындалды. Сонымен қатар біз Еуропа елдерінің, оның ішінде Германия, Италия, Испания және басқа да федерациялардың әдістемелері мен бағдарламаларымен танысып шықтық», деді А.Айтқожин.
Сонымен қатар Айтқожин ел футболын дамыту үшін алдымен жасөспірімдер мен балалар футболын дамыту керектігін және өңірлердегі футбол орталықтарын жетілдіру қажеттігін айтты. «Федерация ауылдық жерлерде футболмен шұғылданатын бүкіл қазақстандықтарға мониторинг жасады. Қазірдің өзінде 200 мыңнан аса бала тіркелген. Сондай-ақ 2022 жылға дейін бүкіл мектептерде арнайы футбол сабақтары өтетін болады. Қазірдің өзінде 203 мектепте футбол сабақтары өтіп жатыр», деді А.Айтқожин.
Конференция аясында шараға қатысушылар «Алға, футбол! Алға, Qazaqstan!» бағдарламасына өз ұсыныстары мен пікірлерін айтып, федерацияның атқарушы комитетіне жаңа мүшелер сайлады.
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»