Тақырып осындай болғанымен, мұндағы талқыланған негізгі пікірсайыс – соңғы кездерде БАҚ-тарда жарияланған осы оқу орнына биыл 90 ба, әлде 100 жыл ма деген мәселеге арналды. Жиынға белгілі ғалымдар Мәмбет Қойгелді, Хангелді Әбжанов, Зиябек Қабылдинов, Бахтияр Сманов, Ғабит Кенжебаев және осы мәселені баспасөзге бірнеше рет жариялаған автор ретінде осы жолдардың авторы қатысты. Ал Астанадан онлайн-режімде белгілі алаштанушы, академик Дихан Қамзабекұлы және т.б. атсалысты.
Жиынды университеттің бірінші проректоры Мақтағали Бектемісов жүргізді. Бірінші болып сөз алған Мәмбет Қойгелді көтеріліп отырған мәселеге басқа қырынан келіп, оқу орнының қашан ашылған тарихын емес, жалпы жоғары білімнің қалыптасу, сапасының арту жолдарына тоқталды. Оның айтуына қарағанда, егер батыстық жоғары оқу орындары өздерінің тарихын колледжден бастайтын болса, оларда жоғары білімнің шарты келіп тұрғандықтан. Ал біздегі жоғары оқу орнының ашылуын айтып жүргеніміздей, педагогикалық училищеден бастауға болмайды, өйткені ол жоғары білімнің талабына сай келмейді. Өзінің осы пікірін ол батыстық бірнеше жоғары оқу орнының өткен тарихымен дәлелдеуге тырысты. «Бізге жоғары білім жүйесіне 100 жыл толды, яғни жоғары білім беру практикасы үлкен, бай жолдан өтті деген ойды дабырасыз, ептеп айту жарасады деп ойлаймын» деп қорытты өзінің пікірін.
Оның бұл пікірімен жиынға қатысқандардың бәрі де келіскен жоқ. Мәселенің жоғары білімде емес, нақ осы оқу орнының ашылу датасында екенін жиналғандардың бәрі атап өтті. Алғашқы болып сөйлеген алаштанушы Дихан Қамзабекұлы Абай атындағы жоғары оқу орнының ашылып, алғашқы қадасы қаланғанына 100 жыл толып отырса – оны біз неге айтпауымыз керек? Егер сол алғашқы қаданы Алаш зиялылары 1918 жылы қағып, 10 жыл бойы қазақ жастарының көкірек көздерін ашып келген болса, оны неге ұмытуымыз керек? Сонымен қатар біз жоғары білімді тек батыстық стандарттармен шектеп қоймауымыз керек, кезінде біз далалық білімдері ұлан-ғайыр болғанымен батыстық үлгідегі мектептердің төрт сыныбын ғана бітірген ағаларымызды (мысалы, жазушы Ғ.Мұстафин) Ұлттық академияның корреспондент-мүшесі немесе академик етіп сайладық емес пе? Алайда одан біз ұтылған жоқпыз. Сол сияқты ҚазПИ-дің тарихын 1918 жылдан басталған деп айтқанымыз тарихты тұтасымен қамтығанымыз болады. Біздің осы ойымызды қазақтың талай белгілі азаматтары қолдап, хабарласты. Туысқан өзбек халқы мәскеуліктер Ташкентте ашып берген жалпы түркістандықтарға ортақ Түркістан мемлекеттік университетінің (кейін САГУ) жанынан өздері құрған мұсылман секциясын еуропалық жоғары білім шартына келмесе де, Өзбекстанның алғашқы жоғары оқу орнының ашылған күні деп белгілеп, биыл 100 жылдығын атап отыр. Дәл сондай оқу орнын ашып, ол өсе келе бүгінгі ҚазҰПУ-ге айналғанда ағаларымыздың 10 жыл бойғы еңбегін біздің ескермегеніміз дұрыс емес, деді ол.
Сынның шын болғаны жөн. Сонда ол ғалымды ширатады, ғылымды көркейтеді, дұрыс жолды табуға септеседі. Ізденген жанды шындыққа, ғылыми ақиқатқа жеткізетін жол көп шығар, бірақ солардың ішінде методологиялық қағидаты мен ұстанымы ұлттық код пен елдік мүддеге жегілуді әлемдік ақыл-ой мүмкіншілігімен ұштастырғаны ғана отандық тарихымыздың құпиясы мен құдіретін аша алады, деп сөзін бастаған академик Хангелді Әбжанов та ҚазҰПУ-дің құрылған мезгілі 1918 жыл екенін қостады. Тарихты жасайтын үш күш бар. Олар – халық, тұлға, билік. Бұлардың бірлігі мен өзара ықпалдастығы үйлесім таба бермегендіктен тарихта іркіліс, жеңіс, жеңіліс, ақ пен қара орын алатыны ақиқат. Осынау методологиялық пайымдарға сүйенумен өз басым алғашқы ЖОО қазақ топырағында 1918 жылы шаңырақ көтерді деп тұжырымдаймын.
Бұл ойды 2010 жылы ғалым Ғ.Кенжебаев екеуміз «Тәуелсіз Қазақстан: жоғары білім, ғылым, саясат» атты монографиямызда былай түйіндедік: «қазақтың тұңғыш жоғары оқу орнын Ташкентте ашудың сәті түсті. Бәрі 1918 жылдың қазан айында Ташкенттегі орыс педагогикалық училищесі жанынан қазақ бөлімшесін ұйымдастырумен басталды», деп жазған едік. Әділдікке жүгінудің ерте-кеші жоқ. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне 100 жыл толғанын зор қуанышпен айтудың сәті туды. Әлі кеш емес. Ақиқат пен рухани жаңғыру – егіз, деп қорытты ол өз сөзін.
Осындай пікірді басқалар да қостап, ҚазҰПУ-дің қаланғанына 100 жыл деп тану тарихтың алдындағы әділдік екенін атады. Шынында да, М.Қойгелді ағамыз айтқан еуропалық стандарттарға салып бағалайтын болсақ, ҚазҰПУ-дің тарихы 1928 жылы басталды деп, туғанына 90 жыл дегеніміз де оған сәйкес келмеуі мүмкін. Өйткені сол жылдан бастағанда да оқытушы-профессорлық құрамы да, базасы да, білімі де батыстық талаптарға маңайлай алмас еді...
Жиынның қорытындысы бойынша Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына сұрау салынып, осы мәселені түпкілікті анықтап беру сұралатын болды. Сонымен қатар қосымша деректер табу үшін Ташкент архивіне зерттеуші ғалымдар жіберу керек деп шешілді. Әрине «Первый казахский институт в Ташкенте» деген жинақ шығарған Сейдуәлі Тілеуқұловтай даңғайыр ғалымның тапқанына қосымша бірдеңе табу күмәнді.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»