Танымал психолог, алты баланың анасы Құралай Ошақбаева көптен бері қазақ әйелдеріне арнап түрлі семинар өткізіп келеді. Әлеуметтік желілерде Құралайдан мыңдаған қыз-келіншек қиындықтан құтылудың, бақытты болудың жолын сұрап жатады. Ол тұрмыстың тауқыметін кешіп жүрген барша қазақ әйелі жарастықты ғұмыр кешіп, тату-тәтті өмір сүрсе дейді. Ол ұсынған қарапайым қағидалар еңбекқорлыққа, қоршаған ортаны жақсы көруге, ізгілікті қарым-қатынасқа шақырады.
Күн тәртібі
Адам аймен ұйықтап, күнмен оянуы керек. Түске дейін төсегі жиналмай жатқан әйелдің жеке өмірі де жинақы болмайды. Өзіңді ретке келтіру үшін күн тәртібіне қойылатын талаптарыңыз мықты болғаны жөн. Таң атып, күн шыққан сәтте үйдің күні – әйел де оянып, ерте тұрғаны дұрыс. Сағат түнгі он бірден кешікпей ұйықтау адамның физикалық, психологиялық саулығына өте пайдалы. Бұл анау айтқандай ғылыми жаңалық емес, қарапайым ғана табиғат заңы. Күн тәртібі мен ұйқы дұрыс болмаса, соңы жалқаулық пен салақтыққа ұласады.
Жақсы сөз – жарым ырыс
Адам құлағы жақсы дыбыстарға үйір болғаны дұрыс. Жақсы әңгіме, жақсы ән-күй тыңдау арқылы адам ағзасы тазаланады. Өсек-аяңға үйірсектіктен қара күштердің ықпалына оңай еріп кетуі ғажап емес. Отбасыңа, жұмысқа, жеке әуестігіңе назар бөлу үшін қаншама күш-қуат қажет. Ал ізгілікке бағышталған дүниелерді оқып, көру, айту арқылы ішкі қуатыңыз арта түседі. «Басымды ауыртпашы», «Миымды ашытпашы» деген сияқты ауызға қалып болып кеткен сөздерді жүрдім-бардым айта салудан аулақ болу қажет. Осыдан соң басыңыз, я миыңыз ауырып жатса таңғалмаңыз. Жақсы сөз жанды жадыратады. Ауыздан шыққан сөздің энергетикасы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын дүние. Мұндай таным қазақ халқының дәстүрінде де сақталған. Аруақты сыйлау, атадан қалған мирас, сөз киесі, қарғыс ұғымдарының негізгі мәнісі осында жатса керек.
Жомарт болу
Ғаламдық күштердің бұлжымас ережесі – жомарт болу. Қайырымдылық қылу, қолыңда бармен бөлісу байлық пен сәттілікке бастайтын жол. Жол жүру ережесі сияқты ғаламның да қалыптасқан қағидасы бар. «Алаған қолым береген» деген. Жомарттық пен жанашырлық, мейірбандық шынайы игілікке, ізгілікке бағытталуы тиіс. Әйгілі әл-Фараби бабамыздан «Жомарттық деген не?» деп сұрағанда, «Ол – ысырап пен сараңдықтың ортасы», деп әдемі жауап берген екен.
Дайындаған Ая ӨМІРТАЙ,
«Егемен Қазақстан»