Ел тағдыры жолында түн ұйқысын төрт бөлген Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевты еліміздің жоғары мемлекеттік наградасы – «Халық Қаһарманы» атағына ұсынуды заң тұрғысында қараған Сенаттың пленарлық отырысының шешімі барша қазақстандықтарды бір серпілтіп тастағаны анық. Осы қуанышқа байланысты КазЦИК, Комсомол елді мекен жұртшылығы бір-бірінен «Сүйінші!» сұрасып, мәре-сәре болды. Бұл – қарапайым халықтың Елбасының еңбегіне әділ баға бергені, саясатын толықтай қолдағаны.
Тәуелсіздік мерейі атап өтілетін қасиетті күн де жақындап келеді. Осы сәтте өткен жылдардағы атқарылған істер, шыққан белестер көз алдымыздан тізбектеле өтуде. Қай жағынан қарасақ та елдің әлеуметтік, тұрмыстық жағдайы жақсарды. Өрісіміз малға толды. Өндіріс орындары көптеп ашылды. Елімізде жүріп жатқан саяси, әлеуметтік-экономикалық, құқықтық реформалардың жайы көңіл қуантарлық.
Міне, осының бәрі – Көшбасшымыздың әлемді шарлап, дамыл таппай бірде анда, бірде мұнда сапарларда жүргенінің, Қазақстанды алыс-жақынға танытуының нәтижесі. Туған Отанымыздағы жаңалықтарды қалт жібермей, теледидардан көріп, газеттерден оқи отырып, Елбасының қажырлылығы мен сара саясатына, көрегендігіне, кемеңгерлігіне тәнті боламын. Елі мен жерін сүюдің, халқына қызмет етудің үлгісі осындай-ақ болар. Ерен еңбегімен елін танытудағы тарихи рөліне жоғары баға берілгеніне шын қуанамын.
Елбасының жолдаулары мен облыс, аудан әкімдерінің осыған байланысты тапсырмаларын орындау мақсатында округ әкімі ретінде ұйымдастырушылық жұмысты жандандырып, халықтың жағдайын жақсарту, елді мекендерді сәулеттендіру жолындағы көптеген жұмыстарды тиянақты жүргізіп келеміз.
Көшбасшымыздың тек өз елімізде ғана емес, халықаралық деңгейде атқарған жұмыстары мен бастамашылығына да жоғары баға беріліп жүр. Бұл – Президенттің сөзі мен ісі тоғысқанының дәлелі. Бойындағы Алла берген кемеңгерлік, көрегендік қасиеттер «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқын қайта түлетуде үлкен рөл атқарғаны тағы анық.
Парламент Сенаты қабылдаған шешім – нағыз халықтық шешім. Елбасы «Алтын Жұлдыз» және «Отан» ордені қоса тапсырылып, «Халық Каһарманы» атанып жатса, бұл тәуелсіздігімізге, жалпы қазақ халқына жасалған құрмет болмақ. Бұл жеке менің ғана емес, Іле ауданындағы КазЦИК ауылдық округі тұрғындарының пікірі.
Қасиетті жұма күнін қариялар осылай қарсы алып, ақжарма тілектерін ортаға салды. «Көп пікірі – көл» деген. Мерейлі сәттеріміз көп болсын, Көкбайрағымыз биіктерде желбіресін.
Бекболат БЕРЕКЕТОВ, ауыл әкімі.
Алматы облысы,
Іле ауданы.