Білім • Бүгін, 12:20

Жасанды интеллект мұғалімнің жұмысын қалай жеңілдетеді?

40 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

2025 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде алғаш рет «Жасанды интеллект туралы» заң қабылданды. Қазақстандағы білім беру жүйесінде ЖИ технологияларын оқыту процесіне сауатты әрі сапалы енгізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

Жасанды интеллект мұғалімнің жұмысын қалай жеңілдетеді?

Жаһандық бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуде жасанды интеллект элементтерін тиімді құрал ретінде енгізу – Оқу-ағарту министрлігінің күн тәртібіндегі өзекті сауалдардың бірі. Бұл орайда ЖИ педагогтердің артық жүктемесін азайту және оқу процесін ұтымды ұйымдастыру мақсатында тиімді қолданыла бастады. ЖИ-ді оқушылардың сыни ойлау, талдау, салыстыру, рефлексия дағдыларын дамытуға қолдану да білім сапасын арттыруға мүмкіндік беретінін атап өткен жөн.

Еске сала кетейік, биылғы оқу жылының басында Оқу-ағарту министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің «2025-2029 жылдарға арналған орта, техникалық және кәсіптік, сондай-ақ орта білімнен кейінгі білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізудің тұжырымдамалық негіздерін бекіту туралы» бірлескен бұйрығына қол қойылды. Құжатта алғаш рет білім беру саласында жасанды интеллектіні қолданудың бірыңғай ұлттық стандарттары бекітіліп, оған этика, құқықтық реттеу, дербес деректерді қорғау және академиялық адалдық мәселелері енгізілді. Әрі жасанды интеллектіге арналған арнайы тақырыптарды оқу процесіне кіріктіру, заманауи цифрлық оқулықтар шығару, оқушылардың ЖИ бойынша сауаттылығын қалыптастыру және олардың жобалық қабілеттерін дамытуға жағдай жасау жағы да көзделген.

Оқушыларға мамандық таңдасатын ЖИ-агент іске қосылды

Бұдан бөлек, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы білім беру саласына ЖИ-ді енгізу бойынша «Жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесінде қолданудың этикалық стандарттары», «Жасанды интеллектіні оқу процесіне енгізудің әдістемелік ұсынымдары» және «Орта білім беру ұйымдарында академиялық адалдықты қамтамасыз ету жөніндегі ережелер» сынды құжаттады әзірлеп, педагогтерге ұсынды.

Педагогтердің құзыреттілігін арттыру ісіне тоқталар болсақ, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы ЮНЕСКО-мен бірлесіп педагогтердің цифрлық құзыреттерін дамыту бағытындағы жұмыстарын жалғастырып жатыр. Оқу үдерісінде жасанды интеллектіні тиімді пайдалануға арналған тегін онлайн курсқа қатысушылар саны бүгінде 350 мыңға жуықтады.

Мұғалімдердің білім сапасы қай деңгейде?

Халықаралық тәжірибеге негізделіп, ұлттық білім беру жүйесінің ерекшеліктері ескеріліп әзірленген курс мұғалімдердің заманауи цифрлық құралдарды орынды қолдану дағдыларын қалыптастыруға және оқыту сапасын арттыруға бағытталған. Оқу барысында қатысушылар жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдалану, оқу материалдары мен тест тапсырмаларын әзірлеу, иллюстрациялар жасау және сабақ жоспарын жетілдіру тәсілдерін меңгереді.

Осы тұста, ЖИ құралдары ұстазды толық алмастыра алмайтынына назар аударған жөн. Бұл ұстаным № 221 бұйрықпен бекітілген Тұжырымдамалық негіздерде нақты көрсетілген. Құжатта жасанды интеллект мұғалімді алмастыратын жүйе емес, педагогтің кәсіби қызметін қолдайтын көмекші құрал ретінде қарастырылады делінген. 

Астанада мектеп оқушыларының қауіпсіздігін жасанды интеллект бақылайды

Биыл орта білім беру стандарттарына жасанды интеллект элементтерін енгізу жұмыстары басталды. Алдағы уақытта 1-4 сыныптардағы «Цифрлық сауаттылық» пәні «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект», 5-11 сыныптардағы «Информатика» пәні «Информатика және жасанды интеллект» пәндеріне трансформацияланады. Қазір бұл пәндердің оқу бағдарламалары сараптамадан өткізіліп жатыр.

Сонымен бірге Астана қаласындағы №107, № 101, № 99 және № 104 Келешек мектептерінде ЖИ негізіндегі мектеп моделін енгізу бойынша бастама жүзеге асып жатыр. Пилоттық жоба аясында ЖИ-ді оқу материалдарын дайындауға, нәтижелерге талдау жасауға, ұйымдастыру жұмыстарына тиімді пайдалану негізге алынды.

ЖИ-ді білім беру үрдісіне интеграциялау мақсатында сапалы цифрлық оқу материалдарын, онлайн курстарын және білім платформаларын құру қарқын алмақ. Цифрлық ресурстарға қолжетімділікті қамтамасыз ету бағытында Оқу-ағарту министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып білім саласына қажетті стартап жобаларды саралайтын болады. Ұсынылатын стартап жобалар қауіпсіздік және білім ұйымдарының әкімшілік-басқарушылық үдерісін оңтайландыру шешімдеріне сәйкес іріктеледі.

 

Гүлбақыт ЖҮНІСОВА, 
Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары

Соңғы жаңалықтар