Білім • Бүгін, 08:50

Мұғалімдердің білім сапасы қай деңгейде?

10 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұр­сын­ұлы «Ел түзету ісін бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек» деген еді. Бала оқыту ісіндегі басты мәселе – маман мәселесі. Кез келген саланың дамуы сондағы қызмет ететіндердің кәсіби әлеуетіне тікелей тәуелді. Ендеше, білім саласындағы мамандардың біліктілік деңгейі қандай?

Мұғалімдердің білім сапасы қай деңгейде?

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Сандар «сыр жасырмайды»

Мектепке дейінгі білім. Сал­мақты сұраққа жауап іздеп 2025 жыл­ға арналған Қазақстан Респуб­ликасы білім беру жүйесінің ахуалы мен дамуы туралы ұлттық баяндамасын парақтадық. Сондағы деректерге сүйенсек, мектепке дейінгі ұйымдардағы педагогикалық кадр­лардың саны 2024 жылы 42 667 адамды құраған. Соның ішінде 28 мыңдай балабақша маманының 32 па­йызы (13 566 адам) колледж дипломымен жұмыс істейді, 65 пайы­зының (27 849 адам) жоғары білімі бар, магистр, PhD дәрежесін алғандардың (небәрі 704 адам) үлесі 2 пайызды құрайды.

Біліктілігіне қарай жіліктесек, бала­бақ­ша мамандарының ең көп үлесі, 55 пайызы – қатардағы педагогтер, яғни кө­бінде біліктілік санаты жоқ. 30 па­йызы модератор, 9 пайызы сарапшы (1-санат), 5 пайы­зы зерттеуші (жоғары санат), 0,1% пайызы педагог-шебер сана­тына ие. Педагогтердің еңбек өтіліне қа­рай тоқталсақ. Саны ең көп топ, яғни 51 пайызы – еңбек өтілі 5 жылға дейінгі педа­гогтер, 20 пайызы – 6 жыл­дан 10 жыл­ға дейінгі, 12 пайы­зы – 11 жыл­дан 15 жылға дейінгі, 19 пайызы – 16 жылдан астам еңбек өтілі бар қыз­меткерлер. Жал­пы алған­да, пе­дагогикалық құрам құры­лы­мында еңбек өтілі аз мамандар басым.

Орта білім. 2024 жылғы есеп бо­йынша еліміздің жалпы орта білім беру жүйесінде 406 631 педагог жұмыс істеген. Педагогтердің 94%-ы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім, ал тек 6%-ында техникалық және кәсіптік білім алған. 2024 жылғы педагогикалық құ­рамның біліктілік құрылымы мы­на­дай: педагогтердің 24,3%-ы «пе­­да­­гог» санатына ие, 29,9%-ы – «пе­да­гог-моде­ратор» немесе екін­­ші санат­та­ғы педагог, 24,5%-ы – «пе­дагог-сарап­шы» немесе бірін­ші санаттағы педагог, 20,5%-ы – «педагог-зерттеуші» немесе жоғары санаттағы педагог, ал тек 0,8%-ы ғана – «педагог-шебер». Аталған ұлттық баяндамада: «Бұл деректер мұғалімдердің шамамен төрттен бірінде біліктілік санаты жоқ екенін, осы жүйеде жас мамандардың көп­ті­гін немесе педагогтердің аттес­та­циядан өтуде қиындықтарға кезіге­тінін көрсетеді», делінген. Аттестациядағы қиындық мәселесі – өте өзекті.

Техникалық және кәсіптік білім. Техникалық және кәсіптік бі­лім жүйесі экономикадағы нақ­ты секторға кадрлар даярлауда ше­шуші рөл атқарады, бұл даяр­лықтың сапасы өз кезегінде педагог кадрлардың кәсібилігіне тіке­лей әсер етеді. 2024 жылы ТжКБ жүйесіндегі 42 846 педагогке қа­тысты деректер күрде­лі әрі әрке­л­кі жағдайды көрсетеді. Бар­лық санаттағы оқытушылардың басым бөлігі жоғары білімге ие болғанымен, жоғары оқу орнынан кейінгі білімінің болуы (магистратура, докторантура) айқын­даушы фактор саналады, себебі олар – маман даяр­лау ісімен айналысатын оқы­тушылар. Ұлттық баяндамаға үңілсек, онда: «ТжКБ педагогтерінің ғылыми дәрежесі бойынша жалпы динамикасы теріс үрдісті көрсетеді. Кейінгі үш жылда магистр, ғылым кандидаты немесе PhD дәрежесі бар педагогтер саны біртіндеп азайып барады. 2022 жылы олардың жалпы саны 5 328 адамды құраса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 4 735 адамға дейін төмен­деген. Мұндай қысқару техникалық және кә­сіптік білім сапасының ұзақмер­зім­ді дамуына қауіп төндіреді», делінген.

Шындап келгенде, мамандардың формалды білім деңгейіне қоса, олардың жұмыс өтілі мен біліктілік санаты да аса маңызды. Сондықтан колледж оқыту­шыларының осы көрсеткішіне де тоқтала кетейік, біліктілік санаттары бойынша деректер елдегі педагогтердің шамамен 47%-ының тек базалық «педагог» санатына ғана ие екенін немесе мүлде иеленбегенін көрсетеді. Аталған көрсеткіш жекеменшік колледждерде айтарлықтай жоғары, 59,2%-ды құрайды. Мемлекеттік ұйымдардағы жоғары санаттағы педагогтердің (педагог-шебер, педагог-сарапшы және жоғары санат) үлесі ауылдық колледждерде (7,5%) ең төмен деңгейде, ал қалалық колледждерде 13,6%-ды көрсетіп отыр. Бұл кәсіби шеберлік деңгейіндегі алшақтықты, аттес­тация мен мансаптық өсу жүйесінің қала­лық мемлекеттік колледждерде айтар­лықтай тиімді жұмыс істейтінін көрсетеді. 

Мүмкіндік пен бар шындық

«Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғаннан бері білім саласы қызметкерлеріне айтарлықтай көңіл бөлініп келеді. Мысалы, 2020 жылдан мұғалімдердің айлық еңбекақысы 100%-ға өсті. Сондай-ақ 2023 жылдың қыркүйегінен бас­тап мектепке дейінгі білім беру ұйым­дары тәрбиешілерінің жалақысы 30%-ға артты. Ал техника­лық және кәсіптік білім беру ұйымдарына кәсіпорындардан тартылған маман­дарға 30–35% көлемінде үстемеақы қосылды. Санаттарының болуына байланысты педагогтерге келесідей үстемеақы төленеді: педагог-шебер – 50%; педагог-зерттеуші – 40%; педагог-сарапшы – 35%; педагог-модератор – 30%.

Иә, кейінгі бес жылда айлық жала­қының өсуін ғана емес, акаде­миялық дәрежеге, тәлімгерлікке, сабақ­тан тыс спорттық дәрістер беруіне үстемеақы төлеу, ынталандыру жүйесін қамтамасыз ету арқылы педагогтердің мәртебесі мен қаржылық әлеуетін көтеру, олардың міндетіне жатпайтын жұ­мысқа жегуден қорғау, мектепті үздік бітірген түлектерді салаға тарту бағытында маңызды бастама­лар жүзеге асырылды. Бір сөзбен айтқан­да, жағдай жасалды, бірақ сол жағ­дай педагогтерімізге өзін кәсіби дамытуға, біліктілігін артты­руға, кадр тапшылығын шешуге неге қар­қын­ды ықпал ете алмай отыр?

Айталық, күн тәртібінен түспей тұрған түйткілдің соңғысынан бастайық. Бүгінде елімізде бакалавриат деңгейінде педагог даярлау лицензиясы бар 52 жоғары оқу орны жұмыс істеп жатқанына қарамастан, кадр тапшылығы әлі бар. Яғни жоғарыда сөз еткен педагогтердің біліктілігін былай қойғанда әлі санға қол жеткізе алмай отырмыз. Өткенде дәл осы мәселе Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен болған кеңесте талқыланды. Сонда вице-премьер министрлік – әкімдік – жоғары оқу орны арасындағы тиімді ведомствоаралық өзара іс-қимылдың жоқтығын атап көрсетті. Оның айтуынша, тек үйлесімді және жүйелі жұмыс қана мектептерді қажетті мамандармен қамтамасыз етуге, өңірлердегі кадр тапшылығын алдын ала, тиімді шешуге мүмкіндік береді. Ал бұл тапшылықтың негізгі факторы – еңбек нарығына жасалатын жан-жақты талдаудың болмауы.

«Кадр тапшылығына байланысты өңірлер бойынша қабылдау саясатын қайта қарау қажет. Кей жерлерде факультеттерге қабылдау көлемін арттыру керек. Егер бізге пән мұғалімдері, мысалы, математиктер жетіспесе, тиісті гранттар бөлу қажет. Жоғары оқу орындары еңбек нарығына бейімделуге тиіс. Жақын уақытта салада айтарлықтай өзгеріс болуы мүмкін. Айталық, жасанды интеллекттің дамуына байланыс­ты бірқатар мамандық өзектілігін жоғал­тады. Осыны ескере отырып, жоғары оқу орындары мен колледждер нарықтың нақты қажеттіліктеріне сай жұмыс істегені жөн. Тәжірибесіз теорияның пайдасы жоқ. Маманның білімі тек оны іс жүзінде қолданғанда ғана нәтижелі болады. Барлық жоғары оқу орнында студенттердің практикалық дайындығын ұйымдастыруда тең мүмкіндік қарас­ты­рылғаны абзал. Алайда бұл нақ­ты әрі мұқият жоспар­лау­ды талап етеді. Бүг­інде болашақ мұғалімдерді дайын­дағанымызбен, жас мамандар диплом алған соң салада қалмайды. Бұл өз кезе­гін­де кадр тапшылығын арттыра береді. Мәселені шешу үшін күш біріктіруіміз керек. Қазір ведомс­тволар арасындағы өзара іс-қимыл бұрынғыдан да маңызды. Ортақ мақсат пен міндеттеріміз бар еке­нін ұмыт­пауымыз қажет», деді А.Балаева.

Вице-премьердің сөзіне мән берсеңіз, ол мамандықты бітірген түлектердің салада қалмайтынын, содан кадр тапшы­лығы туындайтынын тілге тиек етіп отыр. Біздіңше, Үкімет ақша шығындап оқытқан түлектердің салада қалмауы, ма­ман­­дыққа бармауы кадр сапасына да ті­келей ықпалы бар. Осы ойды айтқан қызылордалық тәрбиеші Ұлбике Өмірбек гранттың да бір кемшілігі барын тұспалдады.

«Біздің салада, жалпы мектепке дейінгі білім жүйесінде көбіне осы мамандыққа қаламай түскендер жұмыс істейді. Сол себепті де колледжбен шектеліп, жоғары білім, магистратураға ұмтыла бермейді. Өйткені мамандығын, жұмысын жақсы көрмейді. Әйтеуір ата-анасын қинамау мақсатында грант көп болғандықтан түсіп алып, бітіргендер. Мысалы, маған жыл сайын тәжірибеден өтуге студенттер келеді. Басым бөлігі – әне-міне оқуын тауысып, әріптес болуға дайын тұрғандар. Солардан бірінші күні «диплом алған соң тәрбиеші болып жұмыс істеуді қалайсыңдар ма?», деп сұраймын. Сонда санаулысы ғана қол көтереді. Кейбірі тіпті грантты өтегенше ғана салада қалып жұмыс істейтінін, кейін өзі қалаған бағытқа кететінін ашық айтады. Дәл сондай мамандар аталған салада ізденіп, білімін әрі қарай шыңдап, біліктілікке ұмытылады дегенге өз басым сенбеймін. Басқа бағытты білмеймін, дәл осы салада мамандар сапасының көтерілмей отырғанына бір себеп осы секілді», дейді Ұ.Өмірбек.

Қай бір күні әлеуметтік желіден сұмдық бір жарнаманы көзіміз шалды. Қаншама мың педагог отыратын топта таралған видеода қып-қызыл сауда жүріп жатыр. 30 мың төлесе жазып береді, 50 мың төлесе авторлық жұмысты тура тастүйін да­йын етіп, аттестациядан өткізіп жібере жаздайды екен. Содан соң осы видеоны өз парақшамызға жүктеп, сұрау салдық. Аты-жөнін жарияламауды сұраған ақмола­лық мектеп мұғалімі педагогтер сапасының төмендігіне әсер етіп отырған біршама былықтың шетін шығарды.

«Аттестациядан өтетін уақыт бас­талса бітті, дүрбелең қоса бас­та­лады. Мақала жазу, жария­лау, авторлық жұмыс деп шап­қылай­мыз. Өзіңіз біліп отырғандай, бәрі де кәдімгі сауда базарына айнал­ған. Екі мұғалімнің бірі мақала­ны өзі жазбайды, жаздырады. Одан жариялағанына ақша алатын журналдар қаптап кеткен. Авторлық жұмыс деген сор болды. Үлгісін көрсең, кандидаттық қорғайтын сияқтысың. Мұны жазып отырғанда сабақты кім береді? Жазбайын, өткізбейін десең, директор төбеңнен төніп тұрады. Енді өзіңіз ойлаңызшы, қанша мұғалім бар, сонша авторлық жұмыс болса, оның бәрін кім енгізе береді? Онсыз да бағдарлама көп. Қайбір жылы әлеуметтік желіде аттестацияда кездескен өте бір ыңғайсыз сұрақтар да шу болды. Осындай миға қонымсыз талаптар мен қисынсыз кедергілерден кейін педагог қауым біліктілікке қолын бір сілтеп жататын жағдай кездеседі», дейді мұғалім.

Түйін. Бала – біздің болашағымыз. Педагог – тұлға қалыптастыратын маман. Болашағымыздың берік болмағы, еліміздің ертеңгі адам капиталының сапасы бүгінгі ұрпақтың оқу-тәрбиесімен шұғыл­данып жүрген сала қызметкер­лері­нің білім-білігіне байланысты екені сөзсіз. Келешегімізді кімге, қандай әлеуеттегі қауымға тапсырғанымызды, ондағы сапаны көтерудегі кедергілерді байыптап бердік. Аталған салада маман даярлау мәселесіне қатысты атқарылатын әлі талай шаруа бар секілді... 

Соңғы жаңалықтар

Күйзелістен құтқарады

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 09:20

Бейнежазбадан білім алған

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 09:17