Аймақтар • 26 Сәуір, 2018

Динара Сәдуақасова шахматтан шеберлік сабағын өткізді

571 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шахматтан әлемнің төрт дүркін чемпионы Динара Сәдуақасова атыраулық балаларға шеберлік сабағын өткізді. Азияның ең үздік шахматшысы алдымен Махамбет ауданындағы мектеп оқушыларымен кездесті. Еліміздің әр аймағына барып, шахмат ойынының қыр-сырын жас жеткіншектерге ұғындыруды мақсат еткен гроссмейстер табыс формуласы ерінбей еңбектенуде екенін атап өтті.

Динара Сәдуақасова шахматтан шеберлік сабағын өткізді

Махамбет ауданы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тінәлиев «Динара жүргізген шахматтан бір уақыттағы ойын сеансына балалар ерекше ынта-ықыласпен қатысты», дейді. Аудандағы 13 мектепте спорт клубы бар. Онда  оқушылар спорттың 11 түрі бойынша жаттығады. Шахмат секция­сына қатысушылар саны биыл 50-ден асқан. Бұқаралық спортты дамытуға айрықша көңіл бөлінген ауданда жақсы жетіс­тіктерімен қуантып жүрген балалар да көп.

Қазақстанда тұңғыш рет шахмат ойнап үйрену жайлы оқу құралын өз қаражатына шығарып, мектептер мен балалар орталықтарына таратқан Динара Атырау қаласындағы «Байзар» сауда орталығында да балалармен кездесті.

– Қазақ елінің болашағы зерделі жастардың қолында. ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы Ұлттық ізгі ниет елшісі ретінде жас ұрпақты жақсылыққа тәрбие­леуге үлесімді қосуға тырысамын. Атырау облысындағы кезекті шара ақыл-ой спортын на­сихаттауға арналды, білгеніммен бөлісу басты мақсатым, – дейді әлемге әйгілі шахматшы Динара Сәдуақасова.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ