Әлем • 26 Сәуір, 2018

Салах «Романың» сағын сындырды

502 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Рома» клубынан «Ливерпульге» ауысқан Мохамед Салах өзінің бұрынғы клубына қарсы ойында 2 гол соқты. Одан бөлек тағы да 2 голдың соғылуына тікелей атсалысты. Жартылай финалдың алғашқы кездесуінде «Ливерпуль» «Романы» 5:2 есебімен ойсырата ұтты.

Салах «Романың» сағын сындырды

Биылғы маусым басталғалы бері «Ливерпуль» ойнаған барлық турнирлерде Мохамед Салах 43 гол салды. Бұл таңдай қақтырарлық көрсеткіш. Клуб тарихындағы ең атақты шабуылшы Иан Раштың рекордына жету үшін мысырлық шабуылшыға тағы да 4 гол салу қажет. Салахтың қазіргі қарқынына қарасақ, бұл межеге жақын арада жетіп те қалатын секілді. Алғашқы таймның бел ортасында ешқандай қақпашы қайтара алмайтын соққы жасаған Салах есеп ашты. Одан кейін Фирминодан пас алып, есепті еселей түсті. Екінші таймда қаптал арқылы шабуылдаған Мохамед алдымен Манеге, кейіннен Фирминоға қолмен қойғандай пастар беріп, италиялықтарды есеңгіретіп тас­тады. Ол аз болғандай 69-минутта Джеймс Милнер рекорд орнатты. Ағылшын ойыншысы Чемпиондар лигасының бір мау­сымында 9 мәрте ассистенттік жа­саған футболшы болып тір­келді. Себебі оның пасын Роберто Фирмино голға айналдырды.

Жалпы айтар болсақ, Салах пен Фирмино екеуі биылғы Чем­пиондар лигасында он-оннан жиырма гол соқты. 2014/2015 жылғы маусымда «Барселонаның» екі ойыншысы 10 голдан соққан еді. Мұның өзі де жиі кездесе бермейтін көрсеткіш.

Ойынның 81-минутында «Энфилд» стадионындағы табло 5:1-ге өзгерді. Босниялық шабуылшы Эдин Джеко қалың ұйқыдан оянған батырдай командасын құтқаруға кірісті. Джеко осымен 4-ойын қатарынан көзге түсті. Ал одан кейін белгіленген пенальтиден Диего Перотти тағы бір гол соқты. Соңғы 10 минутта «Рома» үміт отын қайта жағып, үзілгелі тұрған үміттің нәзік жібін қайта жалғады. Енді «Олимпико» стадионында өтетін 2 мамыр күнгі ойында «Рома» тағы да 3:0 есебімен жеңсе, финалға шығып кетуі мүмкін. «Барселонаның» өзін 3:0 жеңгенде, «Ливерпульге» де шамамыз жетеді», деп ита­лия­лық аяқдопшылар сұхбат беріпті. Кім біледі, доп домалақ, алаң жа­зық емес пе?

Ермұхамед МӘУЛЕН,

«Егемен Қазақстан»