Мәдени шараның ашылу салтанатында Жамбыл облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев сөз алып, көне Тараз жеріне келген өзбек ағайындарға алғыс білдірді. Өз сөзінде өзбек халқының танымал режиссері Шухрот Махмудов және «Өзбеккино» агенттігінің өкілі Шерзотжан Келдібаев қазақ пен өзбек халықтары арасындағы мәдени байланыстың бүгінде дами түскенін айтып, алдағы уақыттарда да әріптестікті арттыру керектігін жеткізді. Сондай-ақ, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай Әулиеата жеріне келген меймандар қазақ елінің қонақжайлылық, дархандық сияқты ерекше қасиеттеріне тоқталды.
«Өзбеккино» ұлттық агенттігі үш күн бойы Тараз көрермендеріне «Айқыз ертегі», «Ұрпақ», «Шабандоз», «Танка» сияқты туындыларын тарту етті. Бұл күндері қала тұрғындары мен қонақтары облыстық қазақ драма театрына келіп, өзбек киноларындағы өмір суреттеріне қанықты. Әсіресе қарақалпақ халқының қарапайым өмірін суреттеген «Танка» фильміндегі ауыл адамдарының бейнелері шынайылығымен көпшілікті баурады. Өзге кинолардағы әзіл арқылы берілген сюжеттер де көрермен көңілінен шықты. Комедиялық сарынмен өмір шындығын астарлап жеткізген фильмдерді көрсету бұдан былай да Тараз төрінде дәстүрлі түрде ұйымдастырылып тұратын болды.
Бұдан кейін «Өзбеккино» агенттігінің өкілдері мен белгілі өзбекстандық режиссерлер Жамбыл облыстық киноорталығында болып, шеберлік сыныптарын өткізді. Сондай-ақ фильм түсіру барысында өздерінің жинаған тәжірибелерімен бөлісті.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы