Алдымен Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының бір жылдығына орай алқалы жиын өтіп, ел бірлігі, ұлт тұтастығы туралы ой қозғалды. Ол М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде Орбұлақ шайқасының 375 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференцияға ұласты. Екі шараны да облыс әкімі Жансейіт Түймебаев ашып, «Санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс» деген Елбасы сөзінен ой өрбітіп, облыстағы атқарылған жұмыстарға, мәселен «Туған жер» жобасы бойынша демеушілердің қолдауымен 31 млрд, 467 млн теңгенің 577 іс-шарасы атқарылғанын атап, алдағы жоба-жоспарларға да тоқталды. Ол сонымен бірге бұл жолғы ұлттық жұмысқа ұйытқы болып, бабалар үлгісімен қазақы қалыпты баянды ету жолында тынымсыз тірлік жасап келе жатқан, қолы жомарт, халқым дегенде аянбайтын Бекет Тұрғараевтай азаматқа алғысын білдірді. Алғашқы жиында қарымды қаламгер М.Байғұт мейірбан меценаттар туралы айта келіп, бодандықтан өліп барып қайта тірілген қазақтың бүгінгі бақытты күнін Елбасы идеясында айтылғандай «Мәңгілік Ел» ету байламын айтып, «Қазақты енді «өлтірмеу» үшін бәріміз жұмылуымыз керек» десе, халық қалаулылары атынан арнайы барған сенатор Ә.Бектаев төрт құбыланы түгендеген бұл жиын, Ордабасында бас қосқан бабалар дәстүрін жалғастырғандай әсерге бөлегенін, ендігі жерде осы бірлік жалғасын таба беру керектігін еске салды. Академик М.Жұрынов, Елтаңба авторы Ж.Мәлібеков ұлттың ұйытқысы осы басқосуда көрініп отырғанын атап өтті. Ғылыми конференцияда профессорлар – Ө.Озғанбаев Орбұлақ шайқасындағы ұлы жеңіс пен бүгінгі рухани жаңғырудың сабақтастығына, ал З.Қабылдинов бұл шайқастың әлемдік тарихтағы маңызына тоқталды. Өзбек елінен келген ғалым Е.Мусурманов пен қырғыз жұртының өкілі Т.Абдырахманов түркі дүниесіндегі батырлар бәрімізге ортақ екенін, олардың үлгісін кейінгіге арқауын үзбей жеткізу керектігін сөз етсе, айтулы ғалым А.Айталы ел тарихындағы пассионарлық құлшыныстар мен бүгінгі ұлттық болмысты тереңнен толғады. Академик Д.Қожамжарова Орбұлақ шайқасының қазақ мемлекеттігі тұтастығын сақтаудағы орны мен рөлін зерделесе, Б.Аяған Жәңгір хан мен Жалаңтөс батырдың елді біріктірудегі ақыл-ойына тереңдеп барды. Филология ғылымдарының докторы С.Негимов Әмір Темірден бастап сөз қозғап, Қожаберген жырауға тізгін тартып, тарихтағы генетикалық байланыстар жайлы байламын жұрт талқысына салды. Көрнекті жазушы Б.Нұржекеұлы Орбұлақ деректерінен дәйектер келтіріп, бұл шайқастың маңызына ерекше мән берді. Кейбір ала-құла пікірлерді де еске сала кетті. Ұлт жақсыларының өнегесін мысалдармен әңгімеге өзек етіп алған абыз ақсақал С.Шаухаманов бұл батырлар ислам дінін берік ұстанғанын, оның қамқоршысы да болғанын тілге тиек етті.
Алқалы басқосудың түйінінде Бекет Тұрғараев ұлықтауға лайық бабаларға осындай құрмет көрсету әр азаматтың парызы екенін алға тартып, жұрт ісіне жұмылып келгендерге, қолдаған мекемелерге, олардың басшыларына ризашылығын жеткізді. Жалаңтөс Баһадүр туралы көлемді кітаптың жарық көргенін, оның Самарқанды билеп отырмын ғой демей, қазақ жұртының жеріне көз алартқандарды жою жолындағы күреске 20 мың әскерімен келіп қатысқанын батырлардың мұндай ұлы ерлігі бүгінгі елдігіміздің іргетасы іспеттес деп, олардың сол қаһармандығын елге жеткізу ісінде Елбасының даналығы мен даралығына да ерекше мән беріп, жаңғыру идеясы санамызды қайта түлеткенін атап айтты.
Кеңес пен конференциядан кейінгі шара Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы Шарапхана ауылындағы Шымкент-Ташкент халықаралық күре жолының бойындағы биік төбе үстінен бой көтерген қос қаһарманның ескерткішін ашу рәсіміне ұласты. Ескерткіш лентасын Ә.Тұрғымбеков, Қ.Айтаханов, М.Шәкенов, өзге де азаматтар қиды. Жібек жамылғы түскеннен кейінгі Жәңгір мен Жалаңтөстің алып тұлғасы көрген көзді қуантып, көңілге нұр құйды. Мақтааралдан келген Т.Жүнісов бұл ұрпаққа үлгі десе, халық ақыны Ә.Қалыбекова сөзін өлеңмен өрнектеді. Қазақстанның құрметті журналисі Б.Қонысбек бабалар рухын көтерген Бекет Тұрғараевқа шын ниетін жеткізді. Таза мыстан құйылған, 11 метрлік алып ескерткіш бұған дейін салынған «Бабалар рухына тағзым» кешенімен, екі гектар жерге 1000 түп ағаш егілген жастар саябағымен жарасым тапқанда, «Елдік жұмыс осындай болса керек!» деді жиналған жұрт. Мұндай ауқымды жұмыстың жүгін нардай көтерген, барын халық игілігіне, ұрпақ қамына жұмсаған азамат туралы профессор Д.Қамзабекұлы, белгілі журналист Н.Жүсіп ағынан жарыла ой тербеп, мәңгілік ел болу жолындағы бұл алып қадам екенін баса айтты. Кешендер болашақта ұлттық туризмді дамытуға да өз үлесін қосары сөзсіз. Өйткені оған қажетті жағдайдың бәрі, мәселен демалатын орындар, ақшаңқан қазақ үйлер, асхана мен мейрамханалар, көргенде көп жайды көз алдыңнан өткізетін киелі адамдар туралы мол мәліметтер де аз емес. Ұлттың рухын көтеріп, халықтың мерейін асыратын, жас ұрпақ біздің де бабаларымыз осал болмаған екен дегізетін, осы жолғы шараның соңы – батыр бабаларға Құран оқытып, мыңдаған адамға ас берумен түйінделді.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»