Орталық сайлау комиссиясының ақпараттары бойынша, Мәжіліс депутаттығына кандидаттардың тізімін тіркеуден өту үшін Орталық сайлау комиссиясына 3 желтоқсанда Қазақстанның Коммунистік халықтық партиясы, ал кеше Қазақстан Патриоттар партиясы, Қазақстанның социал-демократиялық «Ауыл» партиясы, «Әділет» демократиялық партиясы, «Руханият» партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы және Қазақстанның «Ақжол» демократиялық партиясы партиялық тізімдерін тапсырды.
Заңнама талаптарына сәйкес тіркеу үшін қажетті құжаттар тізіміне кандидаттардың аты-жөні көрсетілген партиялар съездері хаттамаларының көшірмелерінен басқа өтініштер, салық органдарынан берілген анықтамалар, әрбір кандидаттың және оның жұбайының (зайыбының) өмірбаяндық мәліметтеріне қатысты барлық құжаттар да кіреді.
Еске сала кетейік, 30 қарашада алғашқы болып Орталық сайлау комиссиясына «Нұр Отан» ХДП кандидаттардың партиялық тізімін тапсырған еді. Сонымен, кеше саяси партиялардың партиялық тізімдерін тапсыру мерзімі аяқталды. Ал заңға сәйкес партиялық тізім бойынша сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауында құжаттарды тіркеу 15 желтоқсанға дейін жалғасады.
«Егемен-ақпарат».