«Мәдениетаралық үнқатысуды ілгерілету ұйымымыздың басты мақсаттарының бірі болып табылады, сондықтан ЮНЕСКО Мәдениеттер жақындасуының халықаралық онжылдығын жариялауда Қазақстанның үлесін ерекше бағалайды», деген О.Азуле еліміздің басшылығына ұйым қызметіндегі көрсеткені негізгі бағыттар бойынша жобаларға қолдау көрсеткені үшін шынайы ризашылығын білдірді.
ЮНЕСКО Бас директоры дүниежүзілік мұра және материалдық емес мәдени мұра тізімдеріне, биосфералық резерваттар мен жаһандық геопарктер желілеріне, «Әлем естелігі» бағдарламасы аясындағы бірегей дереккөздер жиынтығына қазақстандық номинацияларды енгізу бойынша жүйелі жұмысты ерекше атап өтті.
Өз кезегінде Қазақстан елшісі Ж.Ғалиев аталған ұйымның басшысы О.Азулені ірі халықаралық ұйымның басындағы жауапты миссиясының басталуымен құттықтап, еліміздің ЮНЕСКО-ның биік қағидаттары мен құндылықтарына құрметпен қарайтынын атап өтті.
О.Азуле сонымен бірге елімізде Президент Нұрсұлтан Назарбаев бастаған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын жүзеге асыру барысынан, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі бағдарламасынан хабардар етілді. Тараптар Алматыдағы ЮНЕСКО Кластерлік бюросының белсенді жұмысы мен 2017 жылғы қарашада ұйымның Бас конференциясының шешімімен мақұлданған ЮНЕСКО қамқоршылығындағы Мәдениеттер жақындасуының халықаралық орталығының тез арада ашылуының маңызын сөз етті.
Естеріңізге сала кетсек, 1992 жылдың 22 мамырынан бастап Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымының (ЮНЕСКО) толыққанды мүшесі болып табылады. Беделді халықаралық ұйыммен ынтымақтастығымызды Қазақстанның ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясы үйлестіреді. Осы күнге дейін деректі мұраның «Әлем естелігі» халықаралық тізіміне – 3, Дүниежүзілік мұра тізіміне – 5, материалдық емес мәдени мұра тізіміне – 8, биосфералық резерваттар желісіне – 9, естелік даталар күнтізбесіне 21 Қазақстан номинациялары енгізілді. Елімізде ЮНЕСКО-ның 6 кафедрасы, 31 қауымдастырылған мектебі, 50-ден астам клубы, Ортаазиялық өңірлік гляциологиялық орталығы істейді. Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы өз қарарымен 2013-2022 жылдар мерзімін Мәдениеттер жақындасуының халықаралық онжылдығы етіп жариялады және ЮНЕСКО-ны тиісті бағдарламаны жүзеге асыруға жауапты құрылым ретінде белгіледі.