Суреттерді түсірген Дмитрий Франчук
Шығыс Қазақстан лингвистика орталығы директорының міндетін атқарушы Эльвира Еркінбекқызының айтуынша, 26-28 сәуір күндері өтіп жатқан тестілеуге Өскемен, Семей, Риддер, Курчатов қалалары мен Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Глубокое, Зырян, Катонқарағай, Көкпекті, Тарбағатай, Шемонаиха аудандарынан 5358 адам қатысып, оның 1186-сы сертификат алуға ықылас танытыпты. «Елбасының Жарлығымен бекітілген тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында ҚАЗТЕСТ жүйесіне басымдық берілген. ҚАЗТЕСТ - ел азаматтарының мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін бағалайтын бірден-бір жүйе. Біздің облысымыз жоғарыда аталған мемлекеттік бағдарламадағы міндеттерді жүзеге асыруға белсене қатысып келеді. Тестке қатысуға ниет білдірген азаматтарға тіл оқыту орталықтары тарапынан тесттің құрылымы мен мазмұны және тестіленушілерге қойылатын талаптар жөнінде жан-жақты түсіндіріліп, толық ақпарат берілген», - дейді ол.
ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша тест тапсыруға ниетті адамдардың саны да жыл сайын артып келеді. «Аталған тестілеу тек отандастарымызға ғана емес, Қазақстанда жұмыс істеп жүрген шет ел азаматтарына да мемлекеттік тілді меңгеруге септігін тигізеді. ҚАЗТЕСТ арқылы 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді білетіндердің үлесін 95 пайызға жеткізу көзделген», - дейді Ұлттық тестілеу орталығының қызметкері Сәбира Сапина.
Тестілеуге қатысқан адамдар да өз кезегінде ҚАЗТЕСТ жүйесінің маңыздылығын атап өтті. «Мұндай тестілеуге алғаш рет қатысып отырмын. Өз басым ешқандай қиындықты сезінген жоқпын. Аудио, лексика-грамматика және оқу секілді үш тапсырмадан тұратын диагностикалық тестілеуді тапсырдым. Болашақта ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша сертификат алғым келеді. Әрбір қазақстандық мемлекеттік тілді қаншалықты дәрежеде білетінін әркез тексеріп отырғаны жөн. Бұл – біздің азаматтық парызымыз», - дейді Өскемен қаласының тұрғыны, жергілікті оңалту орталығының психологы Әліби Рыспаев. Ал облыстық Ішкі істер департаменті қызметкері Жанар Әбдіқалықова бұл шара мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтетін маңызды қадамдардың бірі деп санайды. «Өзім мемлекеттік қызметкер ретінде бірінші рет осы тестті тапсырдым. Бұл тек мемлекеттік қызметкерлерге ғана емес, барша қазақстандықтарға қажет, мәні зор шара деп білемін. Осы ретте өзімнің әріптестерімді, ел азаматтарын мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге шақырамын. Ана тіліміздің тұғырының биіктігі – еліміздің, мемлекетіміздің тұғырының биіктігі. Мемлекеттік тілді білмейтін азаматтар тілімізді үйренсе деймін. Бұған елімізде тіл үйренуге толық жағдай жасалған. Тестілеу де соның бір айғағы деп ойлаймын», - дейді ол.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН