06 Желтоқсан, 2011

Лаңкестікке – лағынет

413 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Халқымыздың қандықол қарақшыларға айтары, осы

Алматы түбіндегі Боралдай кентінде болған соңғы оқиға лаңкестікпен қатты емес, қатал күресу қажет екендігін айғақтап берді. Осы орайда, елдің тыныш­ты­ғын бұзған сүмелектерге еш аяушылық жасалмауы тиістігін де атап көрсеткен жөн. Мұндай ұстаным оқырмандар пікірлерінен де анық аңғарылады. Төменде сондай пікірлердің бірнешеуі жарияланып отыр. Мұны бүкіл қазақстандықтардың көзқарасы деп қабылдау керектігі ақиқат. ____________________________________

БҮЛІК ШЫҒАРУ АДАМ ӨЛТІРУДЕН ДЕ АУЫР КҮНӘ

Алматы облысы, Іле ауданы, Боралдай елді мекенінде лаңкестік әрекеттер орын алғаны елдің мұсыл­ман қауымын дүр сілкіндірді. Соның салдарынан 8 қа­раша күні екі полиция қыз­меткерінің қаза тапқаны, осы қылмыстық әрі қа­ны­пезерлік істі іздестіруге және анықтауға бағыт­тал­ған арнайы операция бары­сын­да Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Арыстан» бө­лім­шесінің екі қызмет­кері ­жараланып, кейіннен осы ауыр жарақаттың салдары­нан көз жұмғанын ҚР Бас прокуратурасының хабары арқылы теледидардан естіп, біліп отырмыз. Егемендік алған кезге дейін халқымыз діни құн­ды­лықтарға шөліркеп келгені белгілі. Өйткені, коммунистік саясат, діни атеизм мұсылман қауымының қасиетті ислам дінін еркін ұстануына кедергі келтірді. Тек тәуелсіздікке қолымыз жеткеннен кейін ғана ислам дінін ұстанушылардың легі молайып, мешітке келушілер мен намазға жығы­лу­шылар саны арта түсті. Әрине, бұл қуанышты жәйт болғанымен, бәз-бі­реу­лер үй ішінен үй тігіп, діни экстремистік әрекет­терге барып, ынтымағы мен бірлігі жарасқан мұсылман­дар­дың арасына іріткі салуы ауыр күнә болып табылады. Бұған мысал ретінде Боралдайда орын алған лаңкестік топ мү­шелерін де келтіруге бо­лады. Бұл қаныпезерлер қа­сиетті Құ­ран мен хадистерге қарсы жек­сұрын іс-әрекет­тер­ге барып отыр деп есептейміз. Сондықтан да олардың лаң­кестік мақсаттағы бұзық ой-пиғылдарын қатаң айып­тай­мыз. Қазақстандық қоғам мен қазақ елінің тыныштығын бұзуға әрекет жасаған бүлік­ші­лердің зұлымдық іс-әре­кеттері ислам дінімен үш қай­наса сорпасы қосылмайды. Өйт­кені Алла Та­ғала Құран-кәрімде мұсыл­ман­дарға бүлік шығаруға қатаң түрде тыйым салғаны белгілі. Әрине, қасиетті Құранда лаңкес немесе лаңкестік деген сөз жоқ. Оның есесіне бүлік шы­ғару деген тіркес бар. Бұл екеуі бір-бірімен төркіндес, мағыналас ұғымдар болып табылады. Айталық, Құран-кәрімнің Бақара сүресінде: «Бүлік шығару адам өлтіруден де ауыр күнә» деп көрсетілген. Ал Мәйда сүресінде «Алла Тағала бүлік шығарушыларды сүймейді» деп жазылған. Сондықтан да Алла Та­ға­ланың жер бетіне бейбітшілік пен тыныштықты орнату үшін түсірген соңғы діні ислам, бү­лікшілерді терең айыптайды. Біздің қоғамда лаңкестік пен бүлік шығарушыларға орын жоқ. Оның алдын алу үшін ауызбіршілік таныта білейік, ағайын.                             Бауыржан ӘЛИҰЛЫ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Батыс Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы. Орал.

* * *

БАЛАЛАРЫМЫЗДЫ ҚАСКҮНЕМДЕРДІҢ ҚОЛЫНАН ҚАЗА ТАБУЫ ҮШІН ӨСІРІП ОТЫРМЫЗ БА?

Өткен апта соңында телеарналардан «Алматы облы­сын­дағы Боралдай кентінде лаңкестік ұйымның бес мү­ше­сінің көзі жойылып, арнайы операция барысында Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Арыс­тан» қызметі арнайы бөлім­ше­сінің екі қызметкері қаза тап­ты» деген суыт хабарды естіп, жағамызды ұстадық. Оның алдында ғана Тараздағы оқиға елді дүрліктіріп, пиғылы жаман қараниет жігіт қаншама адамның қанын мойнына жүктеген еді. Қарап отырсақ,  бұл қанды жағдай бір емес, екі емес өрістеп бара жатуы – әсіресе, көп балалы аналардың тынышын алуда. Сонда біз ба­лаларымызды қаскүнемдердің құрбаны болуы үшін туып, өсіріп, тәрбиелеп отырмыз ба? Естіп-білуімізше сол лаң­кес­тік әрекеттерді ұйымдас­ты­рып, өзін өзі жарып жіберіп жатқандардың барлығы дінді жамыла отырып, діннен безгендер. Себебі, әртүрлі қасаң ұғымға саналарын сансырат­қан кейбір жастар қасиетті ислам дінінің өзін жік-жікке бөліп, жіліктеу пиғылын ұс­та­нып отыр­ғаны жасырын емес. Мен өзі Ресейде туып-өскен қазақпын. Сөйтсек те, бізге ислам дінін іштей мойындап, санамызда сақ­тап, «бисмилә­міз­ді» аузы­мыз­дан тастамауға үйреткен еді. Мәселен, ата-анам коммунистер болса да, Жаратқанға деген сенімі күшті болды. Содан да болар, үш жасы­мыздан тілімізді кәлимаға келтіріп, бір Алла Тағаланың барына сендіріп өсірді. Кеңес Одағы­ның түкірігі жерге түспей тұрғанның өзінде өлік­ті қа­зақ­ша жөнелтіп, ораза ұс­тап, айт мерекесін той­лай­тын­быз. Бірақ, ол кезде бет-аузын сақал басқандар, орамал салып, тұмшаланған әйелдер жоқ болатын. Қазір ше? Ел – аман, жұрт тынышта, бейбіт өмірде адам өлімі көбейіп кетті. Аналар балаларын әскерге, үлкен қалаларға жұмысқа жіберуден қорқады. Ал соң­ғы бір-екі айдың көлемінде қа­зақ­тың жігіттері өздерінің жап-жас өмірлерін қиып, сорақы қылмысқа баруы ақылға си­майтын, адамға да, Аллаға да жат қылық. Әрине, олар­дың ата-анасы «осындай қаскү­нем әрекет­ке бар, біреудің ба­ласын өлтір» деп тәрбие­ле­ме­ген шығар. Болмаса Тараз­дағы өзін өзі жарып жіберген жігіттің шешесі баласының кінәсін мойындап, қайтыс болған арыстай азаматтар­дың ата-анасынан, отбасы­лары­нан кешірім сұрар ма еді? Тіпті, есікті ашпай, елдің бетіне қараудан ұялды емес пе. Міне, бұл еліміздің тыныш­тығын, берекесін кө­ре алмай­тын бұзық ойлы, ние­ті, пиғы­лы жаман адам­дар­дың, шетелдегі лаң­кес­тік ұйымдар­дың жаста­ры­мыз­ды улап, осындай әре­кетке баруына дінді пай­да­ланып, қару етіп отыр­ғандығында. Күлбанра ДАУЫТОВА, Алматы қалалық көп балалы отбасылар одағының төрайымы. Алматы.