Аймақтар • 27 Сәуір, 2018

Семейде «Әлем халықтарының биі» атты X облыстық конкурс фестиваль өтті

923 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыстық фестиваль бұл жолы Астана қаласының 20 жылдығына арналды. Бұл конкурс тұрақты түрде Семейде өткізіліп келеді. Оның ұйымдастырушылары Шығыс Қазақстан облыстық Балет мектебі, Семей қалалық әкімшілігі мен қалалық Достық үйі.

Семейде «Әлем халықтарының биі» атты X облыстық конкурс фестиваль өтті

Суреттерді түсірген автор

-Ұлттық достық пен бірлікті нығайту, облыстың жастары мен балалары арасындағы халықтық билерді насихаттау біздің басты мақсатымыз болып табылады,-деді балет мектебінің директоры Камилия Исмаилова,-конкурста 32 би түрі ұсынылды. Шығыс Қазақстан облысынан 500 бала қатысты.

Шара балет мектебі тәрбиеленушілерінің флеш-мобынан басталды. Әділқазылар алқасы құрамында жоғары деңгейлі педагог-хореограф Тимур Қожахметов, қалалық Достық үйінің директорының орынбасары Болатхан Айтмұхаметов, мәдени-көпшілік бөлім бойынша бас маман Анар Қуанғалиева, Татарстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері,  «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» медальдерінің иегері «Дарынды балаларға арналған Шығыс Қазақстан облыстық арнайы балет мектебінің» директоры, Шығыс Қазақстан облыстық Татар қоғамдық орталығының төрайымы Камилия Исмаиловалар болды.  Конкурсқа 7-18 жас аралығындағы балалар мен жасөсіпірімдер қатысты.

Ұйғыр, өзбек, қазақ, испан билері жарқырай көрінді. №6 балабақшадағы кавказдық жігіттер тобының «Лезгинка» биі тамаша биленді. Курчатов қаласының №3 мектеп ұжымы орындаған «Орыс биі» де тамаша болды. Бас бәйгені осы Курчатов қаласынан келген «Фантазия» ұжымы жеңіп алды. Әділқазылар алқасы Зинаида Матвиенконың жетекшілігімен қойылған билерді жоғары бағалады.

Раушан Нұғманбекова,

Семей