Ел ішіндегі татулық пен бірліктің өзіндік ерекше моделін қалыптастырған Қазақстан халқы Ассамблеясының бұл кезекті сессиясы 1500-ден астам адамның басын қосты. Алқалы жиынға еліміздің барлық өңірлерінен келген Ассамблея мүшелері мен ардагерлері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, ЖОО ректорлары, шет мемлекеттердің дипломатиялық миссияларының, ғылыми, шығармашыл зиялы қауымның өкілдері және БАҚ басшылары қатысты.
Сессия жұмысы Мемлекеттік Əнұранмен ашылғаннан соң Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Леонид Прокопенко баяндама жасау үшін сөз кезегін Елбасы – Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ұсынды.
Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде бірінші кезекте жұртшылықты Ассамблеяның XXVI сессиясының ашылуымен құттықтай келіп, ұйымның қоғамдағы маңызды рөлі мен алға қойып отырған міндеттеріне тоқталды.
«Ассамблея құрылған күннен бастап еліміздегі мызғымас бірліктің ұйытқысы, сарқылмас берекенің бастауы болып келеді. Бүгінде ол – еліміздегі татулық пен тұрақтылықтың ең басты кепілі. Әрдайым елдік істердің басында жүретін Ассамблея менің іргелі бастамаларыма әр уақытта қолдау білдіріп, халқымызға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Қазақстан сан қырлы жаңғыруға бет бұрған қазіргі таңда Ассамблеяға да тың міндеттер жүктеледі», деген Елбасы XXVI сессияның тақырыбы «Бес әлеуметтік бастама – қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры» деп аталуының өзіндік мәні бар екенін жеткізді. Сондай-ақ елдігіміздің бойтұмары – ел бірлігінің қадір-қасиетінің орны бөлек екенін атап көрсетті.
Одан әрі Мемлекет басшысы дүние жүзінде көгінде туы, төрінде билігі болса да бірлігі қашып, бүгіні бұлдыр, болашағы бұлыңғыр болған қаншама мемлекеттің бар екендігін айта келіп, ынтымағымызды ырыс-берекеміздің бастауы етіп алға басып келе жатқанымызды, осы жолдан таймауымыз қажеттігін сөз етті.
«Ассамблея бейбітшілік пен татулықтың нағыз шырақшысына айналды. Сол себепті мен ҚХА сессияларына әрдайым өзім қатысамын. Бүгінгі таңда да әлеуметтік интеграция факторын пайдалана отырып, біз тұтастығымызды одан әрі нығайта түсеміз. Әлемдегі мықты мемлекеттер – біртұтас ұлттар екені жасырын емес. Олардың барлығы біртұтас бірегейлікке сүйене отырып жаңғырады. Біз де осы жолға түстік. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының, соның ішінде «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының мәні де осында. Әлеуметтік бірлік саясаты – біртұтас Ұлт қалыптастыру жолындағы маңызды қадам деп білемін», деді Елбасы.
Мемлекет басшысы «Бес әлеуметтік бастаманы» іске асырудың негізгі үш факторына тоқталып, еліміздің әлеуметтік саясатының басты ерекшеліктерін атап өтті.
«Біріншіден, жаңа ғасырдың екінші онжылдығының бастапқы сегіз жылына жасалған талдау көрсеткендей, жекелеген мемлекеттер тарапынан егемен елдердің ішкі ісіне араласуының салдарынан әлемнің түрлі өңірлерінде болатын дағдарыстардың басқа да себептері бар. Бұл – әлеуметтік бірлік пен интеграцияның болмауы. Жаһандық және өңірлік тәжірибе көрсеткендей, қалыптасқан мемлекет – бұл әлеуметтік бірлік негізі саналы түрде нығайтылатын мемлекет. Біздің жаңа бастамаларымыз, ең алдымен, осыған арналған.
Екіншіден, қазіргі заманғы экономикалық және саяси теория мен тәжірибеде әлеуметтік және мәдени капитал артта қалған сала емес, олар өсімнің тұрақты драйверлері деген көзқарас берік орнықты.
Білімнің жаңа экономикасы, цифрландыру, өндірісті роботтармен жабдықтау, технологиялық инновациялар әлеуметтік және мәдени капиталдың мүлде басқа сипатын қажет етуде. Сол себепті біздің жаңа әлеуметтік бастамаларымыз жаңа экономиканың дамуына серпін береді.
Үшіншіден, полиэтникалық мемлекет жағдайында әлеуметтік және ұлттық саясат өзара тығыз байланысты. Мен ұсынған бес әлеуметтік бастама еліміздің барлық азаматтарын қамтиды, бүкіл халқымыздың дамуына септігін тигізеді. Олар тұрғындардың аз қамтылған бөлігі мен жастар үшін ерекше маңызды. Сол себепті мен осы мәселені ҚХА сессиясында талқылауды ұсындым», деді Елбасы.
Қазіргі таңда Қазақстан әлеуметтік капиталды күшейту арқылы өз болашағына сеніммен қарап отыр. Осы орайда Мемлекет басшысы нақты мәліметтер келтіре отырып, елімізде жүзеге асырылатын әлеуметтік жобалардың негізгі қағидаттарын атап өтті. Мемлекет басшысы «Бес бастама» қазіргі Қазақстанның ең маңызды бес әлеуметтік проблемасын шешуге бағытталғанын айтты.
«Егемен ел болғалы 12 мың шақырым автомобиль жолы салынды және қайта жөнделді, 2,5 мың шақырымнан астам жаңа темір жол желісі пайдалануға берілді. Соның бәрі экономиканы дамытуға, еліміздің барлық тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға септігін тигізуде. Осы жылдар ішінде заманауи медициналық құралдармен жабдықталған 1300-ден астам аурухана, емханалар мен амбулаториялар салынды. Соның нәтижесінде өмір сүру ұзақтығы артып, өлім-жітім азайды және ана мен балаға қолдау көрсетілді. 1545 жаңа мектеп пен 500-ден астам балабақша – біздің балаларымыздың болашағы үшін салынды. 70 стадион, 36 спорт сарайы, 8 мыңнан астам спорт алаңдары мен залдары ашылды. Бұл дегеніміз – денсаулық кепілі. Музейлер саны 2,7 есе, театрлар саны 1,5 есе, кітапханалар саны 1,4 есе өсті. Осы айтылған барлық әлеуметтік, мәдени және спорт нысандары бүкіл халқымыз үшін салынып, жұмыс істеп жатыр. Әр қазақстандық еліміздің өркендеуіне үлес қосуда. Өйткені біз еңбек етіп жалақы аламыз, содан кейін оны еліміздің дамуына жұмсаймыз», деді Президент.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев әлеуметтік капиталды күшейтудің арқасында еліміздің болашағы бекемделе түскеніне көңіл аударды.
«Бұл – прагматикалық ақиқат. Себебі әлеуметтік капитал – адам мен қоғамның дамуына жетелейтін әлеует. Біз адам басына шаққандағы ішкі жалпы өнім көлемін арттыру үшін үлкен жолдан өттік. Ол 600 доллардан 10 мың долларға дейін көтерілді. Бұл – әлеуметтік капиталға салынатын инвестиция көлемін арттыруға мүмкіндік беретін база. Бір ғана мысал: биылғы қаңтар айында Дүниежүзілік экономикалық форумда мемлекеттерді бағалаудың жаңа жүйесі енгізілді. Ол – ішкі жалпы өнімнің өсуіне және басқа да он бір параметрге байланысты болатын инклюзивті даму индексі. Бұл индекстің басты көрсеткіші – әл-ауқат деңгейі. Дамушы 74 елдің рейтингінде Қазақстан 15-орында. Меніңше, бұл – лайықты нәтиже!», деді Елбасы.
Бұдан соң Президент әлеуметтік бірлікті толық нығайту үшін қандай шаралар қабылдау қажеттігіне тоқталды. «Менің бұған берген президенттік жауабым – «Бес әлеуметтік бастама», дей келіп, баспана мәселесінің неліктен бірінші қойылғаны туралы айтып өтті.
«Бәріміз жайлы тұрмыс үшін баспананың алатын орнын жақсы түсінеміз. Сондықтан мен бұл бағдарламаны бірінші орынға қойдым. Жұмыс істейтін кез келген азаматтың жаңа талаптар бойынша ипотекаға қол жеткізе алуы айрықша маңызды. Бұл дегеніміз – біздің миллиондаған азаматтарымыз! Олар мерзімі 25 жылға дейін ұзартылған арзан ипотека ала алады. Осыған орай, бастапқы жарна 20 пайыздан аспайтын болады, ал бұрын бұл 50 пайыз болған еді», деді Елбасы.
Мемлекет басшысы аталған бастама аясында арзан ипотеканы алдымен жас отбасыларға беруді ұсынды. Сондай-ақ екінші бастама – жалақысы төмен еңбеккерлер үшін салық жүктемесін азайту бойынша жеке табыс салығын төмендете отырып, 2 миллионнан астам адамның жалақысы өсірілетінін айтты.
Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыруға қатысты үшінші бастама бойынша гранттар саны, әсіресе техникалық мамандықтар бойынша арттырылғанын айтып өткен Елбасы студенттік жатақханалар проблемасын шешу мәселесі бойынша «Олар жай қонып шығатын орынға ғана емес, жайлы тұрып, білім алуға арналған толық базаға айналуы тиіс» деп атап тапсырды.
Төртінші бастама бойынша жеңілдетілген шағын несие алатындардың санын екі есе арттыру жөнінде Үкіметке тапсырма бергенін айтқан Мемлекет басшысы бұл бағдарламаның ауылдық жерлер үшін маңызы зор екенін атап өтті.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы азаматтарымызды бизнестің қыр-сырына үйретіп, маңызды жұмыс атқаруда. Көптеген адам кәсіпкерлікті меңгеріп шықты. Енді оларға бастапқы капитал қажет. Шағын несиені бірінші кезекте соларға беру керек», деді Елбасы.
Сонымен қатар бесінші бастама – елімізді одан әрі газбен қамту бойынша Орталық және Солтүстік Қазақстанға жаңа газ құбырын тарту жобасы биылғы жылдың шілде айында бастау алатынын айтты.
Сөз ретінде Елбасы бес бастаманы іске асыру үшін қанша қаражат жұмсалатынын мәлімдеді.
«Турасын айтқанда, мұның бәрі мемлекет үшін арзанға түспейді. Бес әлеуметтік бастаманы жүзеге асыру үшін жалпы 2,6 триллион теңгеден астам қаржы бөлуді жоспарлап отырмыз. Бұл – өте үлкен қаражат, біздің адамдарымызға, олардың болашағына бағытталған тікелей инвестиция. Мұндай әлеуметтік саясат жалғаса береді», деді Мемлекет басшысы.
«Ең бастысы: олардың барлығы әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған әрі бүкіл қоғамға арналған. Бұл – жалпыұлттық жобалар. Жергілікті жерлерде Ассамблея мүшелері бұған белсене қатысып, олардың орындалуын «Нұр Отан» партиясымен бірлесе бақылауға алуы керек», деді Президент.
Сессия барысында Мемлекет басшысы еліміздің ішкі саясатының стратегиясы дұрыс таңдалғанын атап көрсетті.
«Жаһандық этникалық жағдай біздің ішкі саясаттағы стратегиямыздың дұрыстығын көрсететініне сенімдімін. Біз еліміздің азаматтарын қандай да бір көзқарас бойынша ешқашан бөле-жарып көргеніміз жоқ. Осы жылдарда бүкіл қоғамды ұйыстыратын біртұтас саясат жүргізу менің мызғымас ұстанымым болды. Бұл барлық азаматтар мен этностарға жаппай қатысты», деген Елбасы осы орайда қазіргі таңда қоғамымыздың бірлігін нығайтуға назар аудару аса маңызды екеніне екпін берді.
«Осы мәселе бойынша негізгі ресурс – әлеуметтік сала. Бұл – біздің барлығымызға қатысты өмірлік мәні бар сала. ХХІ ғасыр әлеуметтік, экологиялық, техногендік сияқты жаһандық қауіп-қатерлер ешқайда жойылып кетпейтінін көрсетіп отыр. Әлемдік дағдарыс мемлекеттердің әлеуметтік мүмкіндіктерін азайтты», деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның көрші елдермен қарым-қатынасына баға бере отырып, еліміз келешекте жүк тасымалының өзінен ғана жылына 5 млрд доллар табыс табатынын жеткізді.
«Қазақстан мен Ресей арасында мемлекетаралық қатынастың үлгісі ретінде өте жақын байланыс орнаттық. Біз бұл ұстанымға адалмыз және оны сақтауымыз қажет. Өйткені бұл Қазақстанның түбегейлі ұстанымдарына жауап береді. Ресей үшін де дәл солай екеніне сенімдімін», деді Елбасы.
Одан әрі Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы байланыстардың да қарқынды дамып келе жатқанын сөз етті.
Жиында Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық қақтығыстарға себеп болған жағдаяттар тұрғысында да сөз қозғап, әлемдегі экономикалық санкциялар мен қарулы шабуылдарға қатысты пікірін білдірді.
«Экономикалық санкциялар, протекционизм, терроризм, экстремизм, жекелеген мемлекеттердегі тұрақсыздық, егемен елдерге бағытталған қарулы шабуылдар халықаралық құқықты бұзып, жер бетіндегі барша жұрттың ертеңгі күнге деген сенімсіздігін қалыптастырып отыр», деді Мемлекет басшысы.
Елбасының сөзіне қарағанда, бұл ахуал кедейшілік, жұмыссыздық проблемаларын ушықтырып отыр. Осының салдарынан экономика өсімі төмендеуде, елдердің теңсіздігі тереңдеуде. Ал әлеуметтік теңсіздік экстремизмді тудырады, радикалды революцияларға алып келеді. Осы орайда Н.Назарбаев БҰҰ мәліметтеріне назар аударды. Жер бетіндегі халықтардың 14 пайызы ашаршылық қиындықтарын сезінуде. Мұның салдарынан әлемде жыл сайын 24 мың адам көз жұмады. Жұмыссыздар саны 200 млн адамға жақындаған.
Елбасы әлеуметтік бастамалар-
ды іске асыру үшін жұмсалатын қаражат Қазақстан қоғамының болашағына арналған тікелей инвестиция болып саналатынын атап өтіп, Ассамблеяға бірқатар жаңа міндеттер жүктеді.
«Бірінші. Ассамблея жаңғырудың өзекті міндеттерін орындау үшін азаматтық қоғам өкілдерінің қатысу аясын кеңейтуге тиіс. Менің тапсырмаммен «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңға өзгерістер енгізілді. Енді жаңарған заңды жүзеге асыру үшін нақты жоспар керек. Атап айтқанда, этномәдени бірлестіктер мен Достық үйлері мәдениет, тіл, дәстүр саласында жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл жұмысты жалғастыра беру қажет.
Үкімет қазақстандық этностардың мәдениетін дамыту үшін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды жинақтауға тиіс. Әлеуметтік бірлік жолындағы жұмыстарды ескере отырып, үкіметтік емес ұйымдар үшін берілетін гранттардың тақырып аясы кеңейтілсін.
Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне «Нұр Отанмен» және Ассамблеямен бірлесіп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен жаңа әлеуметтік бастамаларды ілгерілету үшін ғылыми-ағарту жобасын әзірлеуді тапсырамын.
Екінші. Жаңғырудың басымдықтарын, әлеуметтік саясатты, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ескере отырып, Ассамблеяның 2025 жылға дейінгі даму жоспары мен Концепциясын сапалы түрде жетілдіру қажет.
Үшінші. Ассамблея мемлекеттік органдармен бірлесіп, қайырымдылық жұмыстарын жалғастыра беру керек. Тек өткен жылы аз қамтылған 60 мың отбасы мен 8 мың әлеуметтік ұйым көмек алды.
Төртінші. ҚХА-ның «Жаңғыру жолы» атты жаңа жастар қозғалысы жастарды жаңғыру аясында біріктіруі керек. Күш-жігерімізді жастардың өзекті стартаптарын қолдауға бағыттау қажет.
Бесінші. Астана, Алматы және облыс әкімдері, сондай-ақ Ассамблея аудандар мен округтердегі Қоғамдық келісім кеңестерін жергілікті бюджетті тиімді пайдалануға жұмылдырсын. Кеңестер агроөнеркәсіп секторында ақылды технологияларды ілгерілетуге де көмектесуі керек. Бұл жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға, менің Жолдауым мен әлеуметтік бастамаларымды іске асыруға қосылатын үлес болмақ.
Алтыншы. Биыл біз елорданың 20 жылдығын атап өтеміз. Астана – бірлік пен келісімнің жалпыұлттық үлгісі. Қала әкімдігі Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп, «эталонды стандарт» ретінде қабылданатын елордалық Ассамблеяның бағдарламасын әзірлеуі қажет. Астанада Достық үйін ашу мәселесін шешетін кез келді деп санаймын. Ол үшін Бейбітшілік және келісім сарайы қолайлы болады деп ойлаймын.
Жетінші. Менің тапсырмам бойынша 1 наурыз – Алғыс айту күні Ассамблеяның жаңа мультимедиялық порталы ашылды. Ол жалпыұлттық бірігудің маңызды ресурсына айналуы керек. Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Ассамблеяның ақпарат кеңістігінде насихатталуын қамтамасыз етіп, бейбітшілік және келісім тақырыбы бойынша әлеуметтік роликтер циклін дайындауы қажет.
Сегізінші. Қоғамның бірлігі тұрақты ғылыми зерделеуді талап етеді. Ассамблеяның ғылыми-сараптамалық қоғамдастығы, сондай-ақ, менің тапсырмам бойынша құрылған этносаралық қатынастар және демография ісі жөніндегі орталықтар нақты осы бағытта жұмыс істеуде. Бұған жетекші жоғары оқу орындарындағы 40-тан астам кафедра мен Ассамблея орталықтары да атсалысады. Тек өткен жылдың өзінде Ассамблея құрылымдары ондаған кітап пен жүздеген мақала дайындады. Бұл жұмысты жүйелі түрде үйлестіру керек» деді Елбасы.
Елбасының баяндамасынан кейін сөз Шымкент қаласының «Оқушылар сарайының» директоры Наталья Романоваға берілді. Өзінің сөзін «Мен бүгін өзімнің пікірлестерімнің арасында тұрғаныма қуаныштымын», деп бастаған ол оңтүстікқазақстандық ұстаздарға Елбасының бес әлеуметтік бастамасы үлкен қуаныш сыйлағанын айтты. «Соңғы 18 жылда Шымкент тұрғындарының саны екі есе өсті. Қазір 1 миллион адамға жуық. Сондықтан көптеген қала тұрғындарына баспана алу қол жетпес арман еді. Енді «7 – 20 – 25» бағдарламасы арқасында осы арманның орындалуына мүмкіндік берілді. Мен ана және педагог ретінде мемлекеттің ата-анаға үлкен қамқорлық жасап отырғанына ризашылығымды білдіремін» деді ол.
Екінші сөз Ингушетия Республикасының тұңғыш президенті, Ресей Федерациясының Батыры, Қазақстанда туып-өскен Руслан Аушевке берілді. «Мен түрлі қызметтер атқардым, соның ішінде түрлі әскери бөлімде командир, республиканың президенті болу бақыты да басыма бұйырды. Ал кеше мен өзім үшін аса жауапты және құрметті жұмыс – Қазақстан халқы Ассамблеясының Достық елшісі қызметіне тағайындалдым. Қазақстанның бүгінгі табыстарының бәрі бірінші кезекте Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен оның командасының еңбегі. Сонымен бірге мен бұл қазақ халқының өз жеріне қуғын-сүргінмен келген барлық халықтарға жасаған қамқорлығы үшін Алланың берген сыйы деп ойлаймын. Сол ниеті үшін қазақ халқы бүгін тыныш әрі бақытты өмір сүріп жатыр. Мен Достық елшісі ретінде осы жетістікті басқа жерлерге жеткізуге тырысамын. Қазақстан әрқашанда достықтың, төзімділіктің ордасы болып қала беретініне сенімдімін», деді ол өзінің сөзінің аяғында.
Сөз кезегі өзіне берілгенде Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев: «Біздің білім беру жүйесі Ассамблеямен үнемі тығыз байланыста жұмыс істейді. Қазір көптеген ЖОО-да Ассамблея кафедралары ашылған. Сондықтан біз ҚХА-мен бірге этностардың ынтымағын қамтамасыз етудеміз. Қазіргі кезде балалар үш тілді еркін меңгеруде. Бұл саясат болашақ бірліктің тұғыры екені сөзсіз. Соңғы 17 жылда мектепке дейінгі білім беру жұмыстарына мемлекеттен бөлінген қаражат көлемі 54 есе артты. Ал орта білім беруге қажетті қаржы 12 есе, кәсіби-техникалық білімге – 36 есе, жоғары білім беруге – 20 есе өсті. Мұғалімдердің еңбекақысын соңғы рет өсіру 300 мың адамды қамтиды», деді. Сонымен бірге Е.Сағадиев министрлік бес әлеуметтік бастаманы іске асыру бойынша жоспар жасап, ол Үкімет қаулысымен бекітілгенін жеткізді. Онда жаңа гранттар берумен қатар студенттерді жатақханалармен қамту қарастырылған. Жаңа гранттар саны 20 мың болады. «Осы гранттарды алған экономиканың технологиялық дамуын қамтамасыз етуге тиісті инженерлерді, химиктерді, ІТ технология, робот-техника, нанотехнология мамандарын оқуды бітірген соң еңбекке орналастыру жолдары да қарастырылды», дей келіп, жатақханалармен қамту бойынша бүгінгі күннің өзінде 66 мың орынға тапсырыс түскенін атап өтті.
Сөз Солтүстік Қазақстан облыстық Жастар бастама орталығының ақпараттық-консультациялық бөлімінің жетекшісі Роксана Орынбасароваға берілгенде, ол 2013 жылы Президенттің бастамасымен ашылған «Жастардың ресурстық орталықтарының» бүгінде 200-дей ұйымды біріктіріп, 6 миллиондай қазақстандық жастарға ұйытқы болып отырғанына тоқталды. «Осы жылдарда біз ондаған мың жастардың өмірден өз орнын тауып, жұмысқа тұруына көмектестік. Қуатты волонтерлік корпус құрдық, жүз-
деген бастаманың қолдаушысы болдық. Біз Сіздің сенімді командаңызбыз, бізге Сіздің: «Жастар барлық реформалардың авангарды болуы керек» деген сөзіңіз ұран болды», деді.
Бұдан соң сөз кезегі тиген Қазақстан ұйғырлары республикалық мәдени орталығы Астана филиалының төрағасы Рустам Абдусаламов Елбасының өскелең ұрпаққа қамқорлығын өзінің жеке басының жетістіктерін мысал ете отырып баяндады. Отыз бес жастағы бұл жігіттің екі бірдей магистрлық дәрежесі бар, мемлекеттің ірі компанияларының бірінде басқарушы топ менеджері ретінде ондаған жылдық тәжірибе жинақтап үлгерген. Бірнеше тіл меңгерген, оның үстіне жеке кәсібі де өрлеп келеді, қайырымдылық жасауға да құлшынысы жоғары.
– Жоғары оқу орнын бітірген соң жолайрығында тұрып, өмірлік жолымды табуға тырыстым. Алдымен – Алматы, сонан соң Мәскеу астым. Тіпті алыс шетелге кетуді де ойладым. Бірақ шетте жүріп Отанымызға қажет екенімді сезіндім. 2005 жылы бір дорба қол жүгімді алып жаңа астанамызға жол тарттым. Қазір сол кезде дұрыс таңдау жасағаныма көзім жетті. Шындығында, Астана – армандар орындалатын қала! Астанаға ата-анамды, туысқандарымды, достарымды ала келдім, осы жерде үйлендім, балалы болдым. Енді біздің шағын отбасылық ассамблеямыз бар – бір шаңырақ астында қазақ, ұйғыр, татар және славяндар тату-тәтті тіршілік кешіп жатыр. Ал менің балаларым – қазақстандықтар, халықтар достығын бойларына сіңіре өсіп келеді, – деді Р.Абдусаламов.
– Қазақстан – қамқорлық қанат жайған қоғам. «Жетім көрсең – жебей жүр» деген ұғым қанымызға сіңген. Осы мінбеде «Біздің елде жетім бала болмасын» деген ұран жиі айтылды. Расында да, жақында ғана Ақмола облысында бір ауылдың ақсақалдарының шешімімен балалар үйінен бір мезетте 11 бала асырап алынды, – деді сөзін толықтырған Рустам Абдусаламов.
Елбасы осы сәтте жас кәсіпкердің сөзін бөліп, елде балалар үйлерінің азайғандығын, отбасылық балалар үйлерінің ашылып, тастандыларды асырап алушылардың көптеп кезекте тұрғандығын жеткізді. Бүгінде бұл кезекте 1500 отбасы тұр.
Елбасы: «Бұл – ең қайырымды іс. Мен елде «Балалар үйі» деген түсініктің болғандығын қаламаймын. Біз елде балаларын «тірі жетім» атандырып, балалар үйіне тапсыруға мәжбүр болатын жандарға көмектесіп, аналардың жағдайын жасасақ дұрыс болар еді», деп атап өтті.
Ал «Президенттің бес бастамасы» ішінде қазақстандықтардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған баптарды Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев айтып берді. Аталған жоба бойынша алдымен баспанасы жоқ адамдар қамтылады, масылдықтың жолын кесу үшін үміткерлердің табысы есептеледі. Жобаның бастапқы кезеңінде жаңадан салынған үйлердегі пәтерлерге басымдық беріліп, кейін бағдарлама аясы кеңейтіле түседі. Ең бастысы пәтерлердің шектік құны белгіленіп, Астана, Алматы, Ақтау, Атырау сияқты ірі қалаларда пәтердің құны 25 млн теңгеден, ал өзге өңірлерде 15 млн теңгеден асырылмайды.
Мемлекет басшысы осы ретте құрылысшылардан құрылыстың өзіндік құнын әлі де төмендетуді талап ету керектігін ескертті. Ең бастысы, халыққа, жас отбасыларға баспананың қолжетімділігін, несие мерзімінің ұзартылуынан ай сайынғы төлемнің азаятындығын жете түсіндіру керектігін айтты.
Д.Ақышев банктердің «7 – 20 – 25» бағдарламасына қатысуға құлшынып отырғанын да жеткізді.
– «7 – 20 – 25» мемлекеттік бағдарламасы мамыр айында қабылданады. Күні кеше Ұлттық банктің басқарма отырысында бағдарлама операторы – арнайы компанияны құру туралы шешім мақұлданды. Аталған ипотекалық компания «Баспана» деп аталады. Банктер жаңа бағдарламаны іске асыруға дайын, – деді Ұлттық банк төрағасы.
Ал бұдан соң мінбеге көтерілген жазушы, Қаратаудың баурайында дүниеге келген Сергей Лукьяненко қазір Ресей Федерациясының азаматы. Әкесі – орыс, анасы – семейлік татар қызы. Қазақстанда ер жетіп, тұрақты мекенін Ресейден тапқан. Ол өз сөзінде ел аралауға құмар екендігін, бірақ қазақтың дархан даласы, қар басқан таулы шыңдары, бал татыған қымызының дәмі мен домбыра үні әрқашан санасында сақталғандығын айтады.
– Қазақстан халқы, дәстүрі мен мәдениеті менің барлық кітаптарымда көрініс тапты. Орыс тілінде жазылып, әлемнің отыздан аса тіліне аударылған туындыларымда туған елімнің титімдей болса да жұрнағын бейнелеуге тырыстым. Посткеңестік елдер тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында көптеген қиыншылықтарға кезікті. Олардың көбі тәуелсіздікпен қатар қол жеткізген табиғи байлық пен басқа да мүмкіндіктерге ие болғанымен, ұқсатып игергендері аз. Ал жетістіктің негізгі кілті – халықтар достығы мен татулықта еді. Біртұтас ұлт ретінде жұмылған елдердің бірі – Қазақстан. Бұған Ассамблеяға жиналған көптеген этностардың ауызбіршілігін, елдегі өркениеттің нақты мысалын көріп отырмын. Бұнда қонақ ретінде шақырылғаныммен, өзімді жат жұрттық ретінде сезінбеймін. Қазақстан менің – Отаным, – деген жазушы, сөзінің соңын «туған жерім» деп қазақшалап тебіреніп кетті.
Ассамблея сессиясындағы сөз ағынын кезегі келгенде «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай жандандырып жіберді. Журналистің әңгімесі Қадыр ақынның «Ең алдымен – ел қамы, содан кейін – қалғаны» деген тіркесімен басталды. Оның айтуынша, Алматының жоғары оқу орындарында 140 мыңға жуық студент оқиды. Колледждерде 27 мыңнан аса жас тегін білім алуда. Ал жатақханаға нақты қажеттілік 23 мың орынды құрайды. Бұл тапшылықты жою үшін былтыр шаһарда 2 мың орындық жатақхана салынса, 2020 жылға дейін тағы 20 жатақхана салу жоспарланған. Жоғары оқу орындары өз күштерімен қосымша 5 мың орындық жатақхана салуды міндетіне алған.
– Жастар енді пәтер жағаламай алаңсыз білім алатын болады. Қаладағы баланың жағдайы жақсарған соң ауылдағы ата-анасы алаңдамайды, – деді Қ.Сәрсенбай.
«Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» сонау батыстық сарапшыларды да тәнті қылғанын Ассамблея отырысында байқадық. Берлиндегі Шығыс Еуропа және халықаралық зерттеулер орталығының ғылыми қызметкері, профессор Беате Эшмент өз сөзінде қоғамдық институт мәртебесіне лайықты Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында баяндама жасау өзіне зор құрмет екенін атап өтті. Неміс сарапшысы Ассамблея жұмысы мен Қазақстанның саясатын жіті назарда ұстап отырғанын айтты.
– Қазақстанға алғаш рет тоқсаныншы жылдардың ортасында келдім. Ең алғашқы ғылыми бағытым жаңа тәуелсіз мемлекеттегі қазақ пен орыс ұлты өкілдерінің қоңсы қоныстануы болды. Сол кезде Батыстың көптеген бақылаушылары Қазақстанда мәдени текетірестер болатыны, ол орыс жұмысшыларының көтерілісіне ұласатыны туралы сәуегейлік танытып жатты. Алайда бұлардың біреуі де болған жоқ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәрізді мен де жүздеген этностың бір шаңырақ астында тату-тәтті тіршілік етеріне сенген батыстық алғашқы ғалымдардың бірі болдым, – деген Б.Эшменттің сөзіне Ассамблея отырысына қатысушылар ерекше қолдау білдірді.
Маңғыстау облысының IT кәсіпкері Гурбан Иванович «Егер менен АҚШ-тың силикон алқабы мен Қазақстанға тән ортақ дүниені сұраса, мен ойланбастан креативті адамдар мен Елбасының бес бастамасы деп айтар едім», деп бастады өз сөзін.
«2009 жылы жалақысы мен перспективасы жоғары мұнай саласынан кетіп, IT саласына келгенде мені ешкім түсінбеді. Алайда уақыт менің таңдауымның дұрыс екенін көрсетіп отыр. Мен Калифорнияның жоғары технологиялар индустриясының орталығында болғанда, IT компаниялардың капитализациясы жалпы елдің ішкі өнімін жабуға қабілетті екеніне көзім анық жетті.
Маңғыстау облысы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында көптеген жобаларды жүзеге асыруда. Мен бір жыл бұрын бағдарламалауға арналған өз мектебімді ашып, осы уақытқа дейін 150 оқушыны оқыттық. Олар болашақта IT компанияларын ашып, цифрлы Қазақстан құруға өз үлестерін қосатынына бек сенімдімін. Сонымен қатар облыста «Даму» қоғамдық қорының қолдауымен бірегей қаржылық қолдау бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама аясында шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатын жандар үшін 1 пайызбен кредит беріледі. Қазірге дейін осы бағдарламаға 200 жоба ұсынылды. Сіздің қолдауыңызбен алға қойған мақсаттарды табысты жүзеге асыратынымызға сенімдімін», деді кәсіпкер.
Келесі сөз кезегін алған «Байсерке-Агро» ЖШС директоры Кирилл Павлов өзін әртүрлі салаларда байқап көргенін айтты. «Алайда ауыл шаруашылығына оралдым. Бүгінде жұмыссыз жүрген жандарды көргенде, оларды ауыл шаруашылығымен айналысуға шақырамын. Қазақстан – аграрлық әлеуеті зор мемлекет. Алайда жастар аграрлық секторды табысты деп санамайды. Бұл – қате пікір. Менің ойымша, Президенттің бес әлеуметтік бастамасы болашақ ұрпақ үшін қажетті жағдайдың негізін қалады. Үлкен еңбексіз өмірде жеңіс болмайды, сондықтан талмай еңбек етуіміз керек», деді К. Павлов.
«Қазақша сөйлейік» клубының жетекшісі Оксана Драчева «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуі жастар үшін өте маңызды деп санайды. «Әлемдік гуманитарлық білімді қазақ тілінде оқуға мүмкіндік беретін «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы біздің санамызға құйылатын нәр деп айтуға болады. Мен қазақша үйрету мақсатында «Қазақша сөйлейік» клубын құрдым. Қазір жоба аясында көптеген шетел азаматтары және еліміздегі әртүрлі этнос өкілдері қазақ тілін меңгеруде. Үш тілді меңгеру – жарқын болашаққа апаратын бірегей жоба», деді Оксана.
Ал Нью-Йорк университетінің профессоры Диаз Мусалимов: «Мен қазір Нью-Йорк университетінде вокалдан сабақ беремін. Студенттеріме елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясы институты бар екенін, сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі өтетінін, сонымен бірге біздің еліміз ядролық қаруға қарсы күрестің көшбасшысы екенін айтсам, олар бізге үлкен құрметпен қарайды. Сондықтан олар менің бүгін осы сессияда сөз сөйлейтінімді біліп, адамзатқа деген үлкен махаббатыңыз үшін Сізге үлкен алғыстарын білдіріп, жалынды сәлемдерін жолдады», деді.
«Мен алғашқы дипломымды Қазақстанда алдым. Әрі қарай оқуымды АҚШ-та жалғастырып, 10 пайызды құрайтын үздік түлектер қатарына кірдім. Қазақстандық білім – шетелдегі академиялық жетістіктің басты кепілі. Осы орайда Отанымызды халықаралық жарыстарда таныстыруға мүмкіндік алуым мені шаттыққа бөлейді. Еліміздің Әнұранын Лас Вегаста Головкин-Альварес жекпе-жегінде орындадым. Мен шетелде жүргенде елімді қатты сағынамын. Біздің еліміз – тұрақтылық пен татулықтың Отаны екенін мақтан тұтамын», дейді Д.Мусалимов.
Ал Ассамблея мінберіне көтерілген тағы бір танымал тұлға – Қазақстан тарихында тұңғыш рет паралимпиада ойындарының жеңімпазы болған Александр Колядин: «Бүкіл қазақстандықтардың мені қолдағаны үшін алғыс айтқым келеді. Паралимпиада ойындарында Қазақстанды қазір танып қана қоймай, сыйлайды. Бұл өте маңызды. Сондықтан бұл менің ғана жеңісім емес, бүкіл қазақстандықтардың жеңісі. Нұрсұлтан Әбішұлы, біз Сізден көп нәрсені: мақсат қоя білуді, өз халқың мен мемлекетіңнің алдындағы жауапкершілікті сезінуді үйренеміз. Менен «Кедергілерді қалай жеңесің?» деп жиі сұрайды. Өмірімде көп қиындық болды. Апат, аяғымның ампутациясы, жұмыссыздық... Бірақ мұның бәрі алға қарай жылжуға кедергі келтірген жоқ», деді.
Ассамблея төріне шыққандардың бірі – Павлодар облысында «Ауыл – мемлекет тірегі» жобасының негізін қалап, табысты жүргізіп келе жатқан Дмитрий Корепановтың ата-әжесі Қазақстанға тың игеру жылдары келген. Қазір өзі де ауылға оралып, аграрлық салада қомақты табысқа кенелген. Ол Ассамблея сессиясында Елбасының ауылды қолдап, жастарды демеуге бағытталған шараларының оң әсері мол екендігін атап өтті.
– Мен ауылдық жерде тұрудың құрметті әрі мәртебелі екендігін түйсіндім. Елбасының ұтымды саясаты арқылы мақсатымызды айқындадық. Ал «Ауыл – мемлекет тірегі. Қазақстан аграрилерінің болашағы» жобасының мақсаты – ауылды дамыту, жастарды кәсіби бағдарлау. Мектептерде ауылдық жерге қажетті мамандықтар бойынша білім алуға байланысты дәріс өткіземіз. Бүгінгі оқушылар – ертеңгі ауылдағы шағын несие алып, өз ісін бастаушылар. Өйткені ауыл – мемлекетіміздің тірегі, патриотизмнің бастауы, – дейді ол.
Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің 6-курс студенті Вячеслав Литвинов мүмкіндігі шектеулі жандар үшін өздігінен қозғалуға мүмкіндік беретін экзоскелет жобасымен айналысып жүргенін айтты.
«Статистика бойынша, халқымыздың өмір сүру жасы 6 жылға ұзарып, әлеуметтік жағдайы жоғарлаған. Бұл – Сіздің қамқорлығыңыздың арқасы. Сіздің Үндеуіңіз дәрігерлер, мұғалімдер және өз өмірін жақсартқысы келетін барлық азамат үшін тиімді. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған экзоскелетті былтыр Минскіде «ТМД үшін 100 идея» көрмесінде ұсындық. Біздің жобамыз 10 жылдан бері арбаға таңылған әйелге үміт сыйлады. Қазір ол өзі қимылдап, еркін қозғала алатын жағдайға жетті. Осы жобаны жүзеге асыру үшін инвесторлармен бірігіп жұмыс жасап жатырмыз», – деді ол.
Ал өзбек этномәдени орталығының төрағасы Шерзод Пулатов Өзбекстанның Қазақстандағы жылын еліміздегі өзбек ұлты үлкен құрметпен қабылдағанын атап өтті. Ол: «Астанада Ассамблеяның қолдауымен Лев Гумилев атындағы ЕҰУ жанында өзбек әдебиетіне арналған Науаи орталығы құрылып жатыр. Осы екі туыс елді жақындастыра түсу үшін біздің алдымызда көптеген мақсаттар мен міндеттер тұр» дей келе, барлық отандастарын осы жолда жұмыс істеуге шақырды.
Сессия соңында сөз алған Қазақстан халқы Ассамблеясының Алматы қалалық Аналар кеңесінің мүшесі Малика Ташболатова Ассамблея аясында аз қамтылған отбасыларға көмектесу мақсатында «Қайырымдылық үйі» деп аталатын қайырымдылық жобасын қолға алып жатқандарын айтып өтті.
Сессия барысында ҚХА Төрағасының жаңа орынбасарлары тағайындалды. Бұл орайда: «Өздеріңізбен келіскендей, жылына бір рет Ассамблея сессиясында түрлі өңірдің этномәдени бірлестіктері ұсынған ҚХА Төрағасының жаңа орынбасарлары ауысу арқылы тағайындалады. Биылғы жылы да Ассамблея Кеңесі ақылдаса келе маған бұл лауазымдарға «Lituanica» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Виталий Ионо Тварионас пен ҚХА мүшесі, меценат Исламбек Төлеубайұлы Салжановты ұсынды», деген Мемлекет басшысы көпшіліктің қолдауы негізінде аталған екі азаматты Ассамблея Төрағасының орынбасары лауазымына тағайындау турал