Осы ауылда қандай ұлт жоқ дейсіз. Қазақты айтпағанда, әзербайжаны да, татары да, немісі де, орысы да, украины да осында. Бұрын негізгі тұрғындары болған неміс ағайындар атамекеніне көшті де, 90-шы жылдары Қостанай облысының шалғай аудандарынан, тіпті өзге облыстардан көшіп келгендер облыс орталығына жақын осы ауылға жайғасты. Ауыл олардың барлығына да құтты қоныс болды. Ауылдастар осыған шүкіршілік етеді. Осы ауылда Қадыр мен Ефимия Оңайбековтер алыстан емес, 10-15 шақырым жердегі Жақсылық деген ауылдан көшіп келген болатын. Қазір Ефимия Ивановна мен Қадыр Тоқтамысұлы да егде жасқа аяқ басты, немерелердің ата-әжесі атанып отыр. Сонда да «қолда өскен түйенің тайлақ аты қалмайды» деген ғой, Ефимияның «Фима келін» аты қалған жоқ. Оны айсарылықтар ауылдағы ең үлгілі келін санайды, жас түскен келіндеріне, балаларына үлгі етіп айтып отырады.
Фима қаланы қолайлап тұрса, Қадыр оның айтқанынан қара үзіп кетер ме еді, кетпес пе еді, кім білсін. Бірақ Фима өзінің келіншек болып түскен Жақсылық деген аядай ауылынан алыс кеткісі келмеді. Молдаван қызына қазақтың Жақсылық деген ауылы жердің жәннаты көрінген еді.
– Сонау 70-ші жылдардың ортасында өзімнен үлкен апам комсомолдық жолдамамен осында келді. Мен 1976 жылы сол апамның артынан қонаққа келгенмін. Мектепті бітірген, 17 жастағы қыз едім. Мен сатушы болып орналасқан дүкенге қазақ жігіті машинамен зат тасиды. Ол зат әкелген сайын екеуміздің көзіміз түйісіп қала береді. Әлгі жігітті жақсы көріп, ғашық болып қалдым. Келесі жылы Қадыр екеуміз отау құрдық, – дейді Ефимия Ивановна.
– Қазақ ауылын, отбасын жатырқаған жоқсың ба? – дейміз Фима жеңгемізге.
– Қазақ отбасы мені жабырқатпай, бөтенсімей, жақсы қарсы алса, мен неге жатырқаймын? Қадыр көп балалы отбасынан екен, мен келгенде ата-енемнің тоғыз баласы бар екен. Жақсылық аққайың тоғайының шетінде, табиғаты тамылжыған жерден орын тепкен шағын ауыл екен. Мені таңғалдырғаны да, қызықтырғаны да, қазаққа сіңіп кетуіме де себеп болған ауылдың табиғатынан бұрын татулығы еді. Бір ауыл бір үйдің адамындай болып сыйласады екен. Мен қазақшаны осы ауылда жас келін болып жүргенде үйреніп алғанмын, – дейді Фима.
Жас келін ашықтығымен, еңбекқорлығымен тек ата-анасына ғана емес, ауылға сүйкімді келін атанды. Ата-енесін өзі қарап, қолынан аттандырды. Енесі қайтқан соң, атасын алақанына салды. Қазақта ата-ана қартайғанда көбіне кіші ұлдың қолында болады ғой. Атасы Тоқтамыс қартайғанда ағайындары «кіші ұлыңның қолына бармайсың ба?» деп сұрапты. Сонда Тоқтамыс ақсақал: «Баланың бәрі бірдей. Қадыр мен Фиманың қолынан шығамын. Өйткені Фиманың менде еңбегі бар, осы уақытқа дейін мәпелеп бағып-қақты. Енді өлер шағымда кіші ұлдың қолынан шығамын деп кетіп қалғаным жөн бола ма?» депті.
Қадыр мен Фима екі ұл, бір қыз өсіріп, олардан немере сүйіп отыр. Фима қазақтың барлық дәстүрін сақтайды. Наурыз, Құрбан айт, Ораза айт, қыстағы соғымның шекесі, ата-енесінің әруағына құран оқытып отырудың ешқайсысын құр жібермейді.
– Қадыр ағаңның ораза ұстағанына 10 жыл болды. Таң алакеуімнен тұрып, сәресісін дайындап беремін, серік болып бірге шәй ішемін. Кешке ауызашарын дайындап отырамын. Енді өзімнің ораза тұтпаған нем қалды? – деп әңгімесінің аяғын әзілге бұрып та қояды Фима жеңгеміз. Ол қазаққа келін еткен тағдырына дән риза.
– «Молдавияға кеткеніңде қалай болар еді?» дейсің бе? Әй, қайдам, осыдан артық бола қоймас едім, сірә. Өйткені мен Қадырды ұнатқан соң оның ата-анасын да, ел-жұртын да, жалпы қазақты жақсы көрдім. Ең бастысы сол емес пе? – дейді Фима. Иә, өзі де бақытты болды, қазақтың бір отбасын да бақытты етті. Ең бастысы осы болса керек.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай облысы,
Қостанай ауданы