Тоқмансай ауылының көп этносты тұрғындары бір-бірімен тек қазақ тілінде сөйлеседі. Неміс пен украин ұлты өкілдерінің балалары осы ауылдағы Тоқмансай орта мектебінде қазақ тілінде оқиды. Біз осы мектептің түлегі, неміс қызы Диана Кремермен кездесіп, әңгімеге тартқан едік. Ол Тоқмансай орта мектебін аяқтағаннан кейін, Ақтөбедегі көп салалы Тарлан колледжіне түсіп, үздік дипломмен бітіріпті. Қазір Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы мамандығы бойынша сырттай бөлімде оқиды. Ісі дара, сөзі сара қыз бүгінде Тоқмансай ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі болып қызмет атқарады. Диана әкесі неміс, анасы қазақ болғанымен, өзін толыққанды қазақ қызымын деп есептейді. Жүрегіне жылу, жанына сенім және жүрегіне сезім ұялатқан қазақ тілін ана тілім деп санайды.
Тіпті біздің отбасымызда қазақ халқының салт-дәстүрлерін ұстану тәртібі қалыптасқан. Мен қариялар мен жасы үлкендердің баталарын алып бойжеттім. Осы халықтық дәстүр болашағымның жарқын болуына оң септігін тигізетініне имандай сенемін дейді Диана Витальевна.
Ол Тоқмансай ауылдық мәдениет үйінде өзінің алғашқы еңбек жолын бастай отырып, қазақ халқының өнері мен мәдениетіне қатысты көп жайттарға қанығыпты. Оның жанын қазақ музыкасы бесіктей тербетіп, алға қойған ой-мақсаттарына қанат бітіріпті. Ауылдық мәдениет үйіндегі сан алуан, қат-қабат істердің басықасында жүрген Диана Кремердің іс-қимылына ауыл тұрғындары, оның үлкені мен кішісінің бәрі дән риза. «Шіркін, Диана! Ауылымыздың көркі мен шырайы ғой бұл қыз. Жүрегі қандай таза, көркі қандай, адамгершілігі мен бауырмалдығы қандай?!» дейді ауылдастары.
Мектепте және Тарлан колледжінде оқып жүрген кезінде қазақ тілінде көркем сөз оқудан алдына жан салмаған. Бұл бәсекеде аудандық, облыстық және республикалық байқауларда топ жарған кейіпкеріміз осы мәнерлеп оқу өнерін өзінің кейінгі іні-сіңілерінің бойына дарытуға да біраз уақытын сарп етіп жүр. Қазақ тілі құнары мен шырайы, тіпті қара сөзінің өзі поэзия сарынындай әсерлі де әуезді естіледі. Оны мәнеріне келтіріп айтудың өзі маған ерекше ләззат сыйлайды, дейді Диана Кремер.
Әңгіме барысында ол бізді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жөнінде жазған ой-толғанысымен таныстырды. Оның түйіні былайша өріліпті. «Құрметті Перзидент, Сіз барша қазақстандықтарды, соның ішінде біз секілді жастарды ұдайы достық пен бірлікке және татулыққа шақырып келесіз. Сізге алғысымыз шексіз! Менің мақсатым – туып-өскен Отаным – Қазақстанның одан әрі өсіп-өркендеуі мен гүлденуіне өз үлесімді қосу. Менің елім мен жеріме деген махаббатым шексіз», деген Диананың жүрекжарды сөздері жазылыпты онда.
Өсе бер, өрлей бер, қазақтың жиен қызы!
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы,
Алға ауданы,
Тоқмансай ауылы