Парламент • 30 Сәуір, 2018

Жергілікті өзін өзі басқару жіті қадағаланса игі

615 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару» туралы Қазақстан Республикасы заңының орындалуы қалай жүріп жатқаны туралы депутаттық сауалға берілген жауапты саралай келе, оның жергілікті атқарушы органдардың берген мәліметтерінің негізінде, дұрыстығын тексерместен жібере салғандығы анықталды.

Жергілікті өзін өзі басқару жіті қадағаланса игі

Бұл жағдай орталық мемле­кеттік органдардың жергілікті өзін-өзі басқару жұмыстарына мони­­торинг жасап, бақылау жүр­гіз­бей­тінін көрсетіп тұр. Бақы­лау жоқтықтың кесірінен осы күн­­ге дейін тек бес облыста ғана (Алматы, Атырау, Жам­был, Қос­танай, Солтүс­тік Қазақ­стан) жер­гілікті қауым­дас­­тық жи­на­лысы­ның регламенті белгі­ленген. Ал мұн­дай регламентсіз жергі­лік­­ті қауымдастық жиналы­сы­ның леги­­тимді құрамын анықтау мүм­кін емес. Тек осындай құрам ғана заң бой­ынша, даму бағдарламасын бекі­­тіп, ауылдық округтың бюд­жетін жасауға келісім бере алады.

Демек, осы күнге дейін жер­гілікті атқару органдарының мәліметіндегі даму бағдарламасы мен 2 мың адамнан артық тұрғыны бар ауылдық округ бюджетінің бекітілуі аталмыш бес облыстан басқа өңірлерде заңсыз жасалған. Осыған қарамай оларға бюджет қаражаттары беріліп, олар жұмсалып та жатыр.

Сонымен қатар ауылдық округ­тердің даму бағдарламасын жасау үшін жергілікті мамандарды оқытып, методологиялық көмектер көрсетулер тиісті дең­гейде болмаған­дықтан олар әртүрлі жасалып, қайта бекітуге тура келіп тұр. Сөйтіп бюджет қара­жаты бөлініп, жұмсалуда, бірақ бағ­д­арлама әлі бекітілмеген.

Біз осы мәселенің бәрін Премьер-Министр Бақытжан Сағын­таевтың аты­на депутаттық сауал ретінде жол­дап, төмендегі ұсы­ныстарды жасадық:

– Үкімет «Жергілікті мемле­кет­тік басқару мен өзін-өзі басқару туралы» заң нормаларын орындауда бақылауды күшейтіп және лауазым­ды тұлғалардың жауап­кершілігін арт­тыруы керек. Соны­мен бірге жер­гілікті атқару органдарының мә­лі­меттеріне сын көзбен қарап, оларды сараптауды жетілдірген жөн;

– Жергілікті өзін-өзі басқару­дың алғашқы кезеңдерінде жүйелі түрде қателіктер жіберуін болдырмау үшін Ұлттық экономика министрлігіне олардың жұмысына мониторинг және бақылау жасау функциялары берілсін;

Сонымен бірге біз Үкімет басшы­сынан Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырым­дама­сын іске асыру жоспарының мемлекеттік органдар Үкіметке 2018 жылдың 1 ақпанында өткізуге тиісті шаралары туралы ақпарат беруді сұрадық.

Нұржан НҰРСИПАТОВ,

Сенат депутаты