«Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» қолдауды көздеген басқосуға өңірлердегі Ардагерлер кеңесінің басшылары, қоғам қайраткерлері мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Жиынды жүргізген «Ардагерлер ұйымы» орталық кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов ең алдымен Елбасы Үндеуін қолдаған ардагерлердің хатын оқыды.
«Бес әлеуметтік бастама» – елімізге жаңа серпін беретін ауқымды қадам. Онда көтерілген мәселелер ұрпағымызға жарқын болашақ, тыныш өмір сыйлауға бағытталған. Президент Үндеуі ардагерлер тарапынан да қолдау табуда. Оған өңірлердегі ардагерлер кеңесінен орталық кеңес аппаратына келіп түскен хаттар дәлел», деді Б.Ізмұхамбетов.
Басқосуда сөз алған Шығыс Қазақстан облысы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Сейітұлы ақсақалдардың бастамасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша өңірде жасалып жатқан игі істерге тоқталып, ендігі міндет Үндеуге белсене үн қосу екенін жеткізді. «Біз ШҚО ардагерлері Президент бастамасын Қазақстанның әлеуметтік мемлекет ретіндегі конституциялық нормаларын жаңа мазмұнмен байытқан аса маңызды саяси құжат деп бағалаймыз. Бұл – барлық қазақстандықтарға, соның ішінде ел болашағы жастарға қамқорлық көрсету жолындағы нақты істер бағдарламасы», деді ол.
«Ардагерлер ұйымы» орталық кеңесі жанында мемлекет және қоғам қайраткерлерінен құрылған жұмыс топтары өңірлерде Президенттің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауын ел арасында насихаттап, өз тәжірибелерімен бөлісіп, белсенді түрде атсалысып келе жатқанын айтқан Бақтықожа Ізмұхамбетов «Бес әлеуметтік бастаманы» да түсіндіру жұмысы басталғанын жеткізді. «Орталық кеңес аппаратының ұйымдастыруымен барлық облыстардағы белсенді ардагерлер өңірлерді аралап Президенттің бес әлеуметтік бастамасын түсіндіру жұмыстарын бастап кетті. Олар Үндеуге сай баспана алудың жаңа мүмкіндіктері, жалақысы төмен жұмысшылардың салық жүктемесін азайту, жоғары білім алудың мүмкіндігі мен сапасын арттыру, шағын несие беруді көбейту, елді газбен қамтамасыз ету мәселелерін тұрғындарға жеткізуде», деді Ардагерлер ұйымының басшысы.
Пленум соңында «Ардагерлер ұйымының» «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» халық арасында түсіндіру жұмыстарын жалғастыру және Елбасы бастамасының тиімді және толық жүзеге асырылуын қадағалауға арналған қаулысы қабылданды. Сондай-ақ аймақтағы белсенді ардагерлер арнайы сыйлықтармен марапатталды. Атап айтқанда, Қызылорда облысы Қазалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбановқа «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің Құрмет кітабына енгізілгені туралы куәлік табысталса, орталық кеңестің тұрақты комиссиясының төрағасы, генерал-майор Марат Нағмановқа «Құрмет» төсбелгісі берілді. Павлодар облыстық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі Кенже Кеңесбаев, орталық кеңес төралқасының мүшесі, ғылым докторы Бекет Тұрғараев «Құрмет» грамотасымен марапатталды. Осы сияқты өңірдегі 126 ақсақал арнайы сыйлықтарға ие болды.
Майгүл СҰЛТАН,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген Бақытжан Теңізбаев