Құрылтайда төрағаның есеп беруінен бастап, суретшілердің көрмесін ұйымдастыру, одақтың қаржылық жүйесіне есеп беру, бухгалтерлік аудит мәселесі, жаңа секретариат құрамын сайлау, одақтың жаңа басқарма төрағасын сайлауға дейінгі сегіз мәселе күн тәртібіне қойылды. Суретшілер одағы төрағасының міндетін атқарушы Өмірбек Жұбаниязовтың жарты сағатқа жоспарланған есепті баяндамасында бүгінгі Одақтың жай-күйі мен тыныс-тіршілігі егжей-тегжейлі баяндалды.
Бүгінде Суретшілер одағы атынан Мәдениет және спорт министрлігіне «Өнер сұхбаты – диалог өнері» атты халықаралық бейнелеу өнерінің фестивалі» жобасы, 85 жылдық мерейтойға байланысты іс-шаралар жобасы жолданған. Алматы қаласының әкімдігіне алты жоба, оның ең бастысы, шаһардың 15 саябағында сәндік-саябақтық мүсіндерді орналастырудың дизайн-жобасы, одақ ауласында Көрме залын салу, Астана қаласының 20 жылдығына орай кескіндеме өнері бойынша симпозиум өткізу жобасы қарауға жіберілген. Сондай-ақ одақ жанынан Жастар бірлестігі құрылған. Мәскеудің Халықаралық конфедерация баспасынан «Қазақстанның бейнелеу өнері», «Еркін Мергенов» және «Дулат Әлиев» атты үш иллюстрациялық альбом басылып шықты. Суретші үшін маңызды саналатын мұндай альбом мен каталогтің 19-ы өз еліміздегі баспалардан да жарық көрген. Суретшілер одағы ғылыми-рухани орталыққа айналдыру мақсатында ұйымдастырылған Астанадағы Ұлттық музей қорын жасақтауға да көп жәрдем беріп, қазақ халқының тарихы мен танымын айшықтайтын туындыларды тарту етті. Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайымен, Астанадағы Қарулы Күштер музейімен, Алматыдағы Қарулы Күштер музейімен, Оқушылар сарайымен және тәуелсіз мәртебесі бар барлық заңды тұлғалармен бірлесіп жұмыс істеу туралы шарттар жасалған. Бірқатар суретшілер тарапынан дау туғызған Қабанбай батыр көшесіндегі шеберханалардың техникалық паспорты мен пайдалануға енгізу актісі бүгінде толықтай дайындалған.
Басынан дау-дамай, талас-тартыс арылмайтын шырғалаңы мол шығармашылық одақтардың арасынан Суретшілер одағының да төбесінің «шоқтана» көрінетіні бәріне белгілі шындық. Төрағаны сайлау төңірегінен туындайтын тартыс та көп жағдайда дәл осы одаққа тән. Сондықтан алтыбақан алауыздыққа емес, бірлікке, татулыққа шақырған сөз бұл жиында да айтылды. Құрылтайға жиылған өнер қайраткерлері, енді қалыптасып келе жатқан еркін ой иелері осы қағидамен келіскені болар, ұсынылған үш үміткердің ішінен бір жылдан аса «одақ төрағасының міндетін атқарушы» болып келе жатқан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Өмірбек Жұбаниязовті Қазақстан Суретшілер одағының басқарма төрағасы етіп сайлауға бір ауыздан пәтуаласты.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ