Өнер • 30 Сәуір, 2018

Қарағандыда қайырымды суретшінің көрмесі өтті

295 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Мен бала кезімнен өзімнің жеке көрмемді өткізуді армандадым. Міне, енді сол арма­ныма жеттім. Мені әрдайым қолдап жүретін анама алғы­сымды білдіргім келеді. Мұра­жай әкімшілігіне және келген қонақтардың барлығына рақмет айтамын», деді суретші Еркебұлан Молдабеков.

Қарағандыда қайырымды суретшінің көрмесі өтті

Таяуда Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайында жас суретшінің жеке көрмесі өткен болатын. Көрмеде түрлі жанр­ларда орындалған 30 туынды көрермен назарына ұсынылды. Келушілер мұнда дизайнерлік панно, акварельді портреттер, табиғат тақырыбында салынған көркем туындылар сериясын, сондай-ақ авторлық карикатураларды тамашалай алды.

– «Ояну» деген лирикалық атауы бар көрме – біздің «Жаңа есімдер» жобамыздағы төртінші көрме, – дейді шара жетекшісі, облыстық бейнелеу өнері мұражайының ғылыми қызметкері Виктория Храпко. – Автор суреттерін алдын ала қарындашпен сызып алмас­тан, бірден салады. Ол дегеніміз, суретшінің көру қабілеті тамаша және график ретінде мықты маман екенін көрсетеді.

Еркебұлан – «Арт хелп» жастар шығармашылық бір­лес­тігінің мүшесі. Бұл қайы­рымдылық ұйымының құра­мында Қазақстанның 16 қала­сының 30-дан астам жас суретшісі бар. Бірлестік мүше­лері өз картиналарын сатып, тапқан қаражатты ауыр дертке шалдыққан балалар қорына аударады.

Еркебұлан Молдабековтің бұл алғашқы жеке көрмесін қайырымдылық сауда-көрмесі деп те атауға болады. Суретшінің картиналары 1500 теңгеден 50 000 теңге аралығында баға­ланды. Ең қымбат туынды – боксшы Геннадий Головкиннің қолы қойылған портрет болды. Суреттерді сатудан түскен қаражатты автор Аружан Саин­ның қайырымдылық қоры­на аударуды жоспарлап отыр.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ