Мақсаты - ғылымды, өнеркәсіпті және бизнесті біріктіру. Өндірісті өңірдің даму болашағына арналған форумға еліміздің және жергілікті мемлекеттік басқару органдарының, даму институттары, ұлттық компаниялар, инвестициялық компаниялардың өкілдері қатысты.
Пленарлық мәжілісте облыс әкімінің орынбасары Жайық Шарабасов, Ақсу қаласының әкімі Николай Дычко, С. Торайғыров атындағы мемлекеттік университет ректоры Гаухар Ахметова сөз сөйлеп, экономикалық форумның маңыздылығына арналған жоспар-жобаларымен бөлісті.
Отырыс барысында тауар өндірушілер тұрақты инвесторлармен өзара келіссөздер жүргізді. Ауыл шаруашылығы саласы да кеңінен қамтылды. Жоғары оқу орындарының ғалымдары, бизнес өкілдері өздерінің инновациялық ғылыми жобаларын ұсынды.
Форум соңында қала әкімдігі мен мемлекеттік университеті өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Ректоры Г. Ахметованың айтуынша, бүгінгі күні жаңашыл инновациялық технологияларсыз энергия үнемді және энергиялық тиімді кәсіпорындарды көзге елестету мүмкін емес.
- Бұл форумның білім, ғылыми қауымдастық және өңірдің өндіріс алыптары өкілдерінің қатысуымен өтіп жатқаны қуантады. Біздің университет шағын және орта бизнес кәсіпорындарымен бірлесіп жұмыс істеу жолында серіктес болуға дайын. Ғалымдарымыз өңірдің ірі өнеркәсіптерінде заманауи технологияларды дамытуға өз жобаларын ұсынуға әзір, - дейді.
Секциялық отырыстарда университет ғалымдары энергетика, металлургия, құрылыс, химиялық технологиялар және ауыл шаруашылығы салалары бойынша баяндама жасады. Университеттердің технологиялық кәсіпкерлік және қайта өңдеу өнеркәсібінің дамуына сеп болатын ғылыми-тәжірибелік жобалары қатысушылар тарапынан қызығушылық тудырды.
Университет пен мен Ақсу қаласының әкімдігі арасындағы ынтымақтастық мақсатында меморандумға қол қойылды. Келісім негізінде бірлескен ғылыми және зерттеу қызметін жүзеге асыру, семинарлар мен арнайы курстарды ұйымдастыру, оқытушылық-профессорлық құрамның біліктілігін арттыру мүмкіндігі, сондай-ақ, әлеуметтік серіктестікті дамыту көзделген.
Форум соңында Ақсу және қалаға қарасты ауылдардың да әлеуметтік-экономикалық дамуы таныстырылып, жергілікті кәсіпорындардың өнімдері көрсетілді.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар