Бұдан кейін мерекелік шара Қымызмұрындық мерекесіне жалғасып, қала тұрғындары мен қонақтарына саумал қымыз, бесті қымыз түрлері ұсынылды. Орталық алаңда халық назарына «Ынтымақ. Байлық. Келісім. Ең басты байлық ел үшін» атты қалалық Мәдениет үйі, Достық үйінің түрлі этно мәдени орталықтарымен ұйымдастырылған концерттік бағдарлама қойылып, шығыс халықтарының ұлттық ойындары насихатталды. Семейдің кітапхана, музейлерінде бұл күні «Ашық есік күні» өтті. Сондай-ақ, түстен кейін Орталық мәдени саябақта «Берекелі бейбіт ел» атты концерттік бағдарлама өткізілмек.
- «Қымызмұрындық» мерекесін Қазақстан халықтары Бірлігі күніне орайластырып отырғанымыздың сыры үлкен,-деді Семейдегі мұсылман әйелдер одағының төрайымы Гүлжиһан Жұматаева,-қазақ халқының жайлауға шығып, бие байлап, алғаш рет қымыз ішкенде жасайтын тойы. Тойға туған-туыс, жекжат-жұрағат, көрші-қолаңның барлығы жиналады. Көшпенді қазақ өз тірлігінде бір маусымда ғана емес, жыл бойы бие байлап, қымыз ашытудың сырын білген.Осы шараны ұйымдастырушылардың қатарында «Ахау, Семей» этномәдени орталығының әжелері мен «Мұсылман әйелдері одағындағы» ақ жаулықты аналар және Қазақ әлеуметтік мәдени орталығы мен Орталық саябақ ұжымы да бар. Мерекеге келгендердің барлығына тегін қымызды кеселеріне толтыра-толтыра құйып бердік. Берісі 700 литр, арысы 1000 литр қымыз ішілді.
Мерекеде Семейдегі Достық үйінің барлық этномәдени орталықтары мен түрлі ұлт өкілдері өз қолдарымен жасаған көркемөнер туындыларынан көрме ұйымдастырылды.
- Кез келген ұлттың салт-дәстүрі бар, олардың барлығы да бауырмалдықты насихаттайды,-деді мерекеге қатысушы татар мәдени орталығының төрайымы Камилия Исмаилова,-тәуелсіздік алғаннан бері көптеген салт-дәстүріміз, ұлттық мерекелеріміз қайта оралды. Татарлардың «Сабантойы», Шығыс халқының «Наурызы» немесе осындай «Қымызмұрындық» мерекелері ел бірлігінің дәлелі дей аламын.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА