«Отанымыз – ортақ үйіміз» атты өлке шығармашылық ұжымдарының мерекелік концерттері, этно-мәдени бірлестіктердің ұлттық қол өнер бұйымдарының көрмесі, қала кәсіпкерлерінің мерекелік жәрмеңкесі мен түрлі спорттық шаралар өтті, Қашаған ескерткішінен «Астана» алаңына дейін қала кәсіпорындары мен мекемелері еңбек ұжымдарының шеруі ұйымдастырылды.
– Бұл – бейбітшілік пен достықтың, бірлік пен берекенің, ырыс пен ынтымақтың белгісін айшықтайтын мерейлі мейрам. Күні кеше ғана Астанада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVІ сессиясында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Бес әлеуметтік бастама – қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры» деп атап өтті. Бұл «Бес бастама елдің әл-ауқатын жақсартумен бірге, ұлтты ұйыстыра түсудің тағы бір қыры – әлеуметтік бірлікті нығайтуға бағытталғаны» сөзсіз. Біріншіден, Еліміздегі экономиканы дамытуға, еліміздің барлық тұрғындарының әл-ауқатын арттыру. Өңірдегі халықтың игілігіне арнап жасалынып жатқан барлық әлеуметтік, мәдени және спорт нысандарын салу. Мереке қарсаңында облысымызда бірқатар маңызды нысандар бой көтергендігін атап өткен артық емес деп есептеймін. Екіншіден, Әлеуметтік капиталға салынатын инвестиция көлемін арттыру. Біздің облысымызда бұл бағытта атқарылып жатырған жұмыстар аз емес. Бір ғана дәлел инвестиция көлемі өткен жылмен салыстырғанда 80,2 пайыздан 101 пайызға көтерілді. Былтыр кәсіпкерлікті қолдау картасының аясында өңірімізде 5 жоба іске қосылды (жалпы құны 70,7 млрд теңгені құрайтын 419 жұмыс орны ашылды). Биыл 2018 жылы тағы бес жобаны іске қосу жоспарда, – деді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.
Сондай-ақ, теннис орталығында Ер Қосай батырдың құрметіне дзюдодан халықаралық турнир өтті. Мерекелік тартулар М.Өскінбаев атындағы облыстық филармонияның концерттік бағдарламасымен жалғасты. Сонымен қатар, қала саябақтары мен алаңдарында флешмобтар және әр-түрлі форматта шаралар өткізілді.
Бірлік күнін ерешке атап өткен облыс тұрғындары көктемнің шуақты мерекелері – Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс мейрамына дайындықты бастап кетті.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы