Ақтық сайыс қаланың орталық мешітінде өтті. Қарилерге қойылған басты талап Құран сүрелерін жатқа оқып қана қоймай, мәніне сай мәнерлеп, әуезі мен нақышына келтіріп жеткізу. Қатысушылар Құранның 10 парасын жатқа оқу, Құранды мәнерлеп оқу, 20 пара Құранды жатқа айту және қасиетті кітапты толық жатқа оқу сынды төрт бағыт бойынша бақ сынады. Әр аймақтан суырылып шыққан қарилардың деңгейі жоғары болғандықтан әділ-қазылар алқасы үшін жеңімпазды анықтау оңай болған жоқ. Бас жүлдегерден бөлек, Құранды мәнерлеп оқудан 1 орын алған қатысушыға 500 мың теңге, 10 пара бойынша жеңімпаз деп танылған жанға 1 миллион теңге, 20 пара бойынша көш бастаған қатысушыға 1 миллион 500 мың теңге табысталды. Оған қоса әр өңірден келіп қатысып жүлделі орындарға ие бола алмаған қариларға да арнайы алғыс хат пен 50 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақы берілді.
«Басты мақсат біздің ата-бабамыздың діні исламның кітабы Құранды насихаттау. Құранды жаттауды насихаттау. Құранды жаттаған қариларды хафиздарды ынталандыру. Құран кәрімді жатқа және мәнерлеп оқу бойынша әлемде халықаралық жарыстар өтеді. Бүгінгі жарысты сол халықаралық жарыстарға баруға лайықты қариларды, Құранды жаттаған мамандарды анықтау үшін өткізіп отырмыз», - дейді Алматы қаласының бас имамы Еркінбек Шоқай.
Жарыстың соңғы күні Алланы ұлықтайтын әндер шырқалып, салауат айтылды. Жиналған жамағатты құттықтаған бас мүфти Қазақстанда Құранды жатқа білетін қарилардың көбейіп келе жатқанын тілге тиек етті.
«Кешегі нәубеттік кезеңде бізде мүлде Құранды толық жаттап, оқып немесе үйрететін дәстүрлі мектеп болған жоқ. Бүгінгі таңда біздің елімізде құран қариларын дайындайтын төрт бірдей оқу орны жүйелі түрде жұмыс істеп келе жатыр. Соның нәтижесінде 500-дің үстінде Құран қариларымыз бар. Демек, ол болашақта арта береді деген сөз» - дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Серікбай Қажы Оразұлы.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ