Әлем • 02 Мамыр, 2018

Басқа басылымдардан: Армения парламенті премьер-министр кандидатурасын қолдамады

278 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Басқа басылымдардан: Армения парламенті премьер-министр кандидатурасын қолдамады

BBC

Армения парламентінің депутаттары Никола Пашинянды премьер-министр қызметіне сайламады. Бұл шешімге қарсы халық наразылық шеруіне шықты.

Армения билігі ауысады деп күтілген 1 мамыр күні он мыңдаған халық алаңға жиналып, жақсы жаңалық күтті. Жиналған жұрт Серж Саргсян басқарған билік Арменияны «артта қалған» мемлекетке айналдырып жіберді деп шулады. Түскі 12-де тікелей эфирден көрсетіле бастаған Ұлттық жиналыс 8 жарым сағатқа созылды. Отырысқа 105 депутаттың 102-сі қатысты. Оның 45-і Н.Пашинянның кандидатурасын қолдаса, 56-сы қарсы дауыс берді.

Никола Пашинян өз бағдарламасын таныстырып, 26 депутаттың сұрағына жауап берді. Оған премьер болып сайлану үшін 53 дауыс, яғни, Республикалық партия депутаттарының дауысы керек еді. Өз сөзінде ол «Сіздерден Арменияның болашағы үшін ешқандай құрбандық керек емес. Тек халық кандидатын премьер-министр қызметіне тағайындасаңыздар болғаны», деді.

Отырыс барысында Н.Пашинянның премьер-министр лауазымына сайланбағанын вице-премьер Эдуард Шармазанов айтты. Депутаттардың көбі кандидаттың бағдарламасы нақты емес екенін, сыбайлас жемқорлық пен қауіпсіздікті күшейтуге байланысты жоспарының жоқ екенін жеткізді.

Конституция бойынша Пашинянға тағы бір мүмкіндік берілмек. 8 мамыр күні тағы сайлау өтеді. Егер депутаттар оны сайламаса, билік уақытша үкіметке өтеді де, жаңа парламенттік сайлау белгіленеді.

 

NYTIMES

                                   Оңтүстік Корея солтүстікпен шекарадағы үгіт-насихатты тоқтатады

Дүйсенбі күні Оңтүстік Корея осы аптада Солтүстік Кореямен шекарадағы дауыс зорайтқыштарды алып тастайтынын мәлімдеді. Он жылдан астам уақыт бойы бұл құрылғылар арқылы солтүстікке қатысты үгіт-насхатар мен түрлі жағымсыз музыка қойылатын еді. Оңтүстік Корея билігі бұл шешімді Кореяаралық саммит нәтижесінде қабылданған келісімді жүзеге асыру үшін және Солтүстік Корея Солтүстік пен Оңтсүтіктің уақыт аралығын теңестіретінін мәлімдегеннен кейін қабылдағанын айтты.

Солтүстік Корея 2015 жылы «Пхеньян уақытын» қабылдап, Оңтүстік Кореядан 30 минутқа кері шегерген болатын. Ал Оңтүстік Корея 250 километрге жуық дауыс зорайтқыштарды сейсенбі күні алып тастай бастады. Бұл Оңтүстік Кореяның психологиялық соғыс жүргізудегі негізгі құралы болған еді. Дауыс зорайтқыштары арқылы күні-түні Солтүстіктегі адам құқықтарының шектелуі туралы сын, дөрекі музыка қойылып жүрген. Өткен жұма күні екі ел президенттері кездесетін кезде хабар тарату уақытша тоқтатылды.

 

The Guardian

Пластик жейтін бактерия табылды

Ағылшын ғалымдары пластикалық бөтелкелермен қоректенетін жаңа бактерия түрін тапты. Бұл жаңалық қазіргі таңда әлемді жаулаған пластикалық ластанумен күресуге көмектеспек.

Ең қызығы, ғалымдар жаңа ферментті ойламаған жерден тапқан екен. 2016 жылы Жапониядағы қоқыстарда пластикалық өнімдермен қоректенетін бактерия бар екені туралы жаңалық жарияланғаны белгілі. Аталған ферментті зерттеп, оның қалай дамитынын бақылауға талпынған ғалымдар молекуланы одан бетер күшейте түскен. Яғни, бактериялардың пластикалық өнімдерді жою қабілеті артқан.

Портсмут университетінің профессоры, зерттеу жұмысының жетекшісі Джон Макгихэннің айтуынша, бұл жаңалықтың маңызы өте зор. Мутацияға ұшыраған бактерия бірнеше күн ішінде кез келген пластиктің «тас-талқанын» шығарады. Табиғи жағдайда ондай өнімдердің жойылуы үшін ғасырлар қажет екені белгілі. Ғалымдар бактерияны жетілдіре түсіп, кең көлемде қолданысқа енгізуге ниетті.

Айта кетерлігі, әлемде минутына миллион пластикалық бөтелке сатылады. Оның 14 пайызы ғана қайта өңделеді екен. Ал басым бөлігі мұхитқа ағып кетеді. Нәтижесінде теңіз жануарлары уланып, мұхиттарда пластикалық «аралдар» пайда болған.

Дайындаған

Гүлнұр ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»