Аймақтар • 03 Мамыр, 2018

ОҚО-да баламалы қуат көздері көбеюде

659 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Оңтүстік Қазақстан облысы тұтынатын электр қуаты мөл­шерiнiң басым бөлігі өзге өңірлерден тасымалдануда. Сол себеп­ті де тариф жоғары. Бұл өз кезегінде қарапайым тұтыну­шылар­ға да, шағын және орта бизнес өкiлдерiне де ауыртпалық түсiрiп отыр. 

ОҚО-да баламалы қуат көздері көбеюде

Десек те, Оңтүстiк баламалы энергия көздерi бойын­ша әлеуеттi өңiр болып есептеледі. Облыс аумағынан 122 өзен ағады, 41 су қоймасы бар. Яғни баламалы энергия көздерін дамыту мүмкіндігі мол. Бүгінде осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Болашақтың энергетикасы туралы бастаманы Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында көтергені мәлім. Осы бастама бойынша «жасыл экономикаға көшу» жөнін­дегі тұжырымдама бекітілді. Мемле­­кет басшысы, сондай-ақ биылғы «Төртін­ші өнер­кәсіптік револю­ция жағ­­да­йын­дағы дамудың жаңа мүм­кін­­діктері» Жолдауында 2030 жылға қарай Қазақстандағы бала­малы энергия үлесін 30 про­центке жеткізу міндеті қойыл­ға­нын айтып өтті. «Жасыл» тех­но­ло­гияларға инвестиция салу үшін бизнесті ынталандыру маңызды екенін де атап көрсетті. Баламалы энергия көздерін дамыту облыс әкімінің басты наза­ры­н­да.

Мысалы, облыс әкімі Жан­сейіт Түймебаевтың Еуропа қайта құру және даму банкінің Қазақ­стан­дағы директоры Агрис Прей­маниспен кездесуінде өңірдің ауыл шаруашылығы секторының мүм­кіндігі де, әлеуеті де мол екен­дігі айтылды. Бұл орайда Агрис Прейманис, баламалы энер­гия көздері, соған қатысты жоба­лар инвесторлардың назарын жиі аударатынын атап өтті. Облыс әкімінің «Tree Energy» ЖШС-нің басшысы Жанболат Мұзбаевпен кездесуінде де тараптар баламалы энергия көздерін ауыл шаруа­шылығы саласына кеңінен қол­дану мәселесін талқылады. Оңтүстікте үздіксіз жел соғып тұратын аймақтар баршылық. Жел энергиясының басқа энергия көздерінен экологиялық және экономикалық артықшылықтары көп. Осы орайда Ж.Түймебаев өңір­­де жел күшімен алынатын электр энергиясы қуатын кеңі­нен және мол өндіруге болатынын айта келе, алдағы уақытта тұ­рақ­ты пай­да­лану үшін жел энер­­­гиясы көз­дерімен кешенді түрде ұш­т­ас­тыру идеясын облыс әкім­ді­гі то­лы­ғымен қолдайты­нын білдірді.

Баламалы энергия көздерін көбейту мақсатында облыста бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Мысалы, Төлеби ауданында қуаты 2,5 МВт «Кеңес» шағын су электр стансасының, Сарыағаш ауданында жалпы қуаты 5 МВт болатын екі шағын су электр стансасы, сонымен бірге «Жылға» ауылында қуаты 20 МВт күн электр стансасының құрылысы басталады. Жалпы, алдағы уақытта баламалы энергия көздерін дамыту бойынша Төлеби ауданында 20 МВт электр энергия­сын өндіретін ірілі-ұсақты 10 су электр стансасы салынбақ. Бұдан бөлек, Мақтарал ауданы Жетісай қаласы маңын­да күн электр стансасы құрылы­сын жүргізу жос­парда тұр. Жобаға 10,7 га жер бөлінген, қуаты 4,8 МВт. Бүгінгі таңда рұқсат беру құжаттамалары әзірленіп, құ­рылыс жұмыстары қараша айын­да басталады деп жоспарлануда.

Жобаға германиялық «NwComp Solar GmbH» компания­сы 7 млн еуро инвестиция құйып отыр. Ал Мақтарал ауданындағы екін­ші жобаның инвесторы – гол­лан­диялық VTK Investments B.V компаниясы. Ауданнан 100 МВт күн электр стансасын салу бойынша екіжақты меморандумға қол қойылған. Жоба құны – 150 млн еуро. Сондай-ақ Бәйдібек ауданы Жүзімдік елді мекенінде «Ветропарк Жүзімдік» ЖШС қуаты 40 МВт болатын жел электр стансасының құрылыс жұмыс­тарын бастайды. Ауданда шетел­дік «Emperial Renewabie Energy» ЖШС-і (қуаттылығы 100 мВт) және «KK-Kiunsen» (қуатты­лығы 210 мВт) кәсіпорындары жобалу сметалық құжат­тарын әзір­лесе, атал­ған саладағы жұ­мыс­­­тар­ды ағымдағы жылы толық аяқ­тау жос­парланып отыр. Арыс қала­сында қуаты 14 МВт болатын күн электр стансасын салу да биылға жос­­парланған. Ал Отырар ауданында «Промон­дис» ЖШС қуаты 35 МВт күн электр стансасы­­ның жобалау құжаттары әзір­ле­­ніп, мемлекеттік сараптаманың оң қоры­тын­дысы алынған болатын. 100 гек­тар жер телімі бөлінген жобаны кезең-кезеңі­мен іске асыру көзделуде.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»