Руханият • 03 Мамыр, 2018

Баланың ынтасын ояту оңай ма?

3084 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Білім беру саласындағы бүгінгі басты міндеттердің бірі – баланың тұлға болып қалыптасуы үшін білім беру сапасын жақсарту. Яғни оқушылардың оқу үлгерімі үшін жұмыс істеу ләзім. Сонда  оқу үлгеріміне  ең көп әсер ететін не болуы тиіс? Әрине оқу мотивациясы болуы керек.

Баланың ынтасын ояту оңай ма?

Оқу мотивациясы оқу­­шы­­­ның білім мазмұнын бел­сенді меңгеруді, таным­дық әре­кет­терді оятатын үр­діс. Бі­лім игеру үрдісі белсен­ді әрекет арқылы ғана жүзеге асы­рылады. Бұған қоса іс-әрекеттердің түр­лері мен өзін­­дік дәрежесі не­­ғұрлым көп және жоғары болса, бі­лімді игерудің тиімділігі де ар­та түседі. Әдетте сабақта оқу­шы көбіне-көп екі жұ­мыс атқарады – тыңдау мен жазу. Ал белсенді әрекеттер де­ге­німіз – өздігімен түсіну, таңдау, талдау, шешім қа­былдау, жаңа мазмұн құрас­тыру, біліміңді баға­лауға не­гіз­делген ойлану,­ талқылау, пі­кіріңді қалыптас­тыру, оны дәлелдей және қорғай білу, пікір алмасу мен таластыру, өзгенің пікірін тыңдап, оны қабылдау, пікіріңді жазу се­кілді жеке және бірлескен жұмыс түрлері.

Баланың сабаққа белсенді­лігін арттыру үшін алдымен оқушының тұрақты танымдық қызығушылығын оятуға ты­рысамын. Оның түрлері көп. Оқу материалдарының жа­ңа­лығын жақсылап айтып бер­сең де, оқытудың жаңа формаларын пайдалансаң да, ком­пью­тер­дің көмегін, ин­тер­активті компьютерлік, муль­тимедиалық құралдарды пай­далансаң да оқушы назарын са­баққа қайтарасың. Екіншіден, сыныптағы әр оқушының жеке ерекшелігін де есепке алмай болмайды.­ Сыныпта отыз бала отыр­са, отызының сабақты қа­был­­дауы, талабы, қалпы да әртүрлі. Сондықтан   мұғалім­нің пайдаланған әдістемесі кейде ойлағандай нәтиже бере бермейтіні де осы бала ерек­ше­лігіне мән бермеуден деп білемін. Баланың та­қырыпқа қызығушылығы әр деңгейде болады.  Мұғалім қыз­метінің қиындығы да түп­теп келгенде осында жатыр. 45 минутта сы­нып­тағы әр баланың  та­­қырыпты қаншалықты тү­­сі­не алғандығын, ең бас­­­ты­сы, оған назарын сал­ған­дығын мұғалімнің аң­ға­ра алуы еңбегінің нәти­жесін көр­сетеді. Бұл үшін мұ­ға­лім­ педагогикалық әдіс-­құ­рал­­дардың барлығын мүм­кін­дігінше пайдаланғаны дұ­рыс. Мысалы, менің тәжірибемде қызық жағдайлар да  кез­де­седі. Бір оқушы өзінен жа­уап­кершілікті талап етке­ніңе қа­рай қалыптасады.  Ал бір бала мақтау сүйеді, арқа­сы­нан қағып қойсаң,  ол бар на­зарын тақырыпқа салады,  «тау қо­парады».

Ұстаз баланың ересек емес, әлі бала екенін ұмытпағаны дұрыс. Сондықтан бала қан­ша алғыр болғанымен, та­қы­рыпты  өткенде «қара­пайымнан күрделіге көшу» прин­ципін ұс­танғаны дұ­рыс деп ойлаймын, соны өзім­­нің тәжірибемде жиі қол­данамын. Осылайша оқу­шы күр­­делілігі жоғары тапсырмаларды орындауға  ынта­ланады. Баланың меселі қайт­пауы тиіс. Оқушылармен ғы­лыми жоба­ларды жасауда да осындай  әдістемелер дұ­рыс. Оқушының ынтасын жетектеп отырсаң, ол ғы­лы­ми жұмыстар жазуға, біл­сем, көрсем дегенге өзі-ақ тал­пынады. Осындай сәт­тер­де шәкіртімнің ойлануына, көз­­қарасын білдіруге батыл­дық танытуға үйретемін. Оқу­­шының көңілінде сенім ұялауы керек. Сенім жоқ жерде бала кез келген кедергіден қорқатын болады.

Қазіргі кезде дұрыс пайда­лана білсе компьютерлік, интер­активті құралдар оқу­шының сабаққа деген ынтасын оятуда көмекші құрал болады. Ал дұ­рыс пайдаланбаса, ол – кедергі. Кедергі дей­тінім, мұғалім оқу­шы­ның сабаққа, тақырыпқа, бел­гілі бір пәнге деген ынтасын оята алмаса интерактивті әдістер оны тез жалықтырады. Сол үшін бүгінгі мұғалімді қар­қыны жылдам заман ағымына ілесетін, тек кәсіби шеберлігі жоғары адам ғана емес, рухани дамыған, шығармашыл, мәдениетті, білім құндылы­ғын, оқушының жан дүниесін түсінетін ұстаз  деп тануымыз қажет.

Бүгінгі мұғалім баланың рухани ең жақын адамы бола біле ме? Әңгіменің түйіні осын­да. Өмірде жоғары же­тіс­­тікке жеткен кісілердің мек­теп­тегі ұстазын ерекше ілтипатпен еске алып, тіп­­ті көзі тірі болса, олармен қа­рым-қатынасын үзбей,  бала­сын­дай қамқорлығын көр­сетіп тұратынын көріп жүре­мін. Сондай ұстаздың ба­қытты жан екенін мойындаймын. Демек, ұстаз бен мек­теп партасында отырған шә­кірт арасында шынайы ру­хани байланыс орнаған. Мұ­ғалім баланың «бұлақ кө­зін» аша білген. Ұс­тазының өзіне деген сенімін сыйлаған шәкірт өмірде тек биіктерге ғана талпынған. Мі­не, осындай ұстаз болуды мен  бүгінгі әр мұғалімге тілер едім.

Сайран ӨМІРЖАНОВА,

№15 орта мектебі биология пәнінің жоғары санатты мұғалімі

Қостанай облысы,

Рудный қаласы