Құнды жәдігерлер орналасқан мұражайлар ұлттық құндылықтар жайлы алуан сырлар шертетін баға жетпес мәдени ошағымыз саналады. Ұлы Даланың ұлан-байтақ аумағында әлі қаншама ғажайып тарихи-мәдени ескерткіштер зерттелмей жатыр десеңші. Атамекенді тану әр өңірдің барша жұртқа ортақ қасиетті жерлерінің біртұтас желісін бір ізге келтіру арқылы жас буын бойында бабаларға деген мақтаныш сезімдерін ұялатудан басталады.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасында атап өтілгендей, туған жерге деген сүйіспеншілік білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді. Жиналғандар алдында сөйлеген сөзінде білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова бұл бағытта атқарылған іс-шаралардың жас буынның ой-өрісін кеңейтудегі, ұлттық сананы жаңғырудағы зор ықпалын атап өтті.
Былтыр облыста орналасқан 12 мұражайды 167 мың адам тамашаласа, олардың 114 мыңы – балалар. Мектептер жанында жұмыс істейтін 220 мұражайда 2395 экскурсия өткізіліп, 175 дәріс оқылған, 213 көрме ұйымдастырылған. Бұған дейін мұражай кешендеріне кіру ақылы болып келсе, енді тегін. Кең көлемде жүргізілген зерттеулер мен талдаулар негізінде киелі жерлер картасы жасалып, 19 нысан енгізілген. Олардың 6-уы – республикалық маңызға ие. 30 мыңға жуық жас өрен аса бай рухани тарихы бар еліміздің көрнекті жерлеріне саяхаттап, ғылыми-зерттеу шығармаларын жазуға атсалысқан. Жаз айларында археологиялық ескерткіштерді іздестіру, қазба жұмыстарымен айналысу жобаларына қатысу міндеттері тұр.
«Мұражай – арман шырағы, білімнің кәусар бұлағы» атты экспозиция және оқыту-тәрбие бағытында қолданылатын жәдігерлер көрмесінде оқушылар мен ұстаздар жергілікті мұражайлардың тыныс-тіршілігінен жан-жақты мағлұмат беретін құнды экспонаттар ұсынды. Ақжар ауданының жас өлкетанушылары осыдан 30 ғасыр бұрын өмір сүрген мамонттың сүйек қаңқалары табылуы жайлы қызықты деректер келтірсе, Қызылжар ауданы аумағынан кезіктірілген бизонның бас сүйегі де жиналғандардың қызығушылығын тудырды.
Бостандық мектебінің география пәнінің мұғалімі Ләззат Сәрсенбаева тынымсыз зерттеу жұмыстары нәтижесінде ауданда 40-қа жуық археологиялық ескерткіштің сақталғанын анықтаған. Ауыл маңында бітеліп қалған бұлақтың көзін ашып, кәусар суын Алматыдағы ғылыми-зерттеу институтына жіберген. Онда судың құрамы тексеріліп, адам ағзасына пайдасы дәлелденген. Отан деген қастерлі ұғымның бір бөлшегінде тәу етерлік қасиетті орындарды өскелең ұрпаққа танытуда осындай ұстаздардың жанкешті іс-әрекеттері қуантады.
Сөз арасында «Өңірдің ұлттық келбеті – тәуелсіздік айнасы», «Шырайлы аты елімнің – қасиетінде жерімнің» атты семинарлар, шығармашылық байқаулар білім мен өнердің тізгінін қатар ұстаған балғындардың туған өлкеге тағзым етудің тәлім аларлық ғибратына айналғанын айта кеткен абзал.
Мұражай қозғалысы форумы «Қазақстан–Мәңгілік Ел» хореграфиялық композицияға жалғасып, жастардың патриоттық рухын көтеруге, елімізді, жерімізді ұлықтауға бағытталған ой саларлық шығармашылық көріністермен аяқталды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы