Қазақстан • 03 Мамыр, 2018

Әскери шеруге дайындық деңгейі жоғары

396 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еліміз егемендік алған күннен бастап ұлттық мүддені ұлықтауға айрықша көңіл бөлініп келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – Тәуелсіз Қазақстан» деп атап өткеніндей, Отанға қызмет ету егемен еліміздің ұлы ұстанымдарының бірі ретінде қалыптасты. 

Әскери шеруге дайындық деңгейі жоғары

Ғасырлар бойы қалыптасқан жауынгерлік рух, өршіл мақсат тәуелсіздік бедерінде салтанат құрды. Ал тәуелсіз ел тарихындағы 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні қазақ ұлты үшін қашанда ерекше маңызға ие.

Әсіресе жастарға патриоттық рух беруде бәсі жоғары. Бұл күні айрықша салтанатпен өтетін республикалық әскери парадтың Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің әлеуетін көрсетеді.

Биыл құрылғанына 26 жыл толып отырған Қарулы Күштеріміздің айбыны асқақтап, мерейі артуда. Жыл сайын елімізде өтіп келе жатқан әскери шеру халқымыздың жауынгерлігін, батырлығын айғақтай түсетін айрықша салтанат. Астана қаласында өткен ай­рық­ша салтанаттың лебі егемендіктің ру­хын, тәуелсіздіктің тарихын әрдайым та­нытып келеді. Осы орайда айтулы шараны биыл Жамбыл жерінде өт­кізу жоспарланған. Бүгінгі таңда «Мәті­бұлақ» полигонында өтетін әскери па­рад­қа дайындық деңгейі жоғары. Сал­танатты шараның талапқа сай өтуіне еліміз бойынша барша әскери құры­лым­дар жұмылып, ел айбынын асыру мақ­сатында бірлесе жұмыс атқаруда. Қа­­зақ елінің бірлігі мен ынтымағын та­ны­­татын, қайсарлығы мен ерлігін әйгі­лей­­­тін шараның ел тарихындағы орыны ерек­­ше.

Жалпы, тәуелсіз еліміздің тарихында өтіп келген әскери шерулердің өзін­дік ерекшеліктері қалыптасқан. Ал Жам­был облысының Қордай ауданында өткелі отырған әскери шеруге тартылған жеке құрам мен әскери техниканың саны жөнінен де биыл өзгеше сипат алу­да. Мәселен, «Мәтібұлақ» полигонында жаяу әскер мен парадтық есептоп құрамында шамамен 3000-нан аса жау­ынгер салтанатты маршпен адымдап өте­тін болады.

Бұдан өзге, шеруге еліміздің қорғаныс өнеркәсібінің қуатын дүйім жұртқа әйгілейтін 300 техника мен Әуе қорғаныс күштерінің 30 бірлік авиациялық ұшақ­тары қатысқалы отыр. Жамбыл өңі­рінде өтетін әскери шеру кезінде қазақ­стан­дықтар алғаш рет биылғы және өткен жылдары қорғанысымыздың арсеналын толықтырған жаңа әскери техникалар мен заманауи қару-жарақ үлгілерін де тамашалай алады.

– Биылғы жылы Қордай ауданының Гвардейск әскери гарнизонында жау­ын­герлік парад өткізу жоспар­ла­нып отыр. Әсіресе жастарға пат­ри­оттық тәрбие беруде бұл салтанат­ты шараның маңызы ерекше. Әрі ше­ру барысында еліміздің қорғаныс сала­сы­ның мүмкіндігінің жоғары екенін де та­ма­шалауға болады. Мәселен «Оң­түстік» өңірлік қолбасшылығына қа­расты Қордай ауданындағы 40 Отар әс­кери базасында танк, артиллерия бригадалары жұмыс істейді. Мұнда жауынгерлік дайындық та айрықша әдіспен жоғары деңгейде өтеді. Ал биыл Отан қорғаушылар күніне жоспарланып отырған әскери шеруге қолбасшылықтан 800-ге жуық әскери азамат пен 150-ге тарта техника қатыстырылады деп жоспарлануда, – дейді «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы штаб бастығының орынбасары, подполковник Аман Тәжиев.

Бүгінде «Мәтібұлақ» полигонында Отан қорғаушылар күніне орай өтетін әс­кери шеруге дайындық жұмыстары қы­зу жүргізілуде. Еліміздің қорғаныс са­ласының қайратын танытып, қуатын көр­сететін салтанатты шараның облыс үшін ғана емес, еліміз үшін де маңызы зор.

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы