Сол себепті де біз сияқты біраз ел Париж климаттық келісіміне қол қойды. Ал бұл келісімнің талаптары қатаң. Оған сәйкес «жасыл» экономикаға көшу, парниктік газдардың үлесін төмендету мақсаты тұр. Осы ретте үдеден шығуды көздеген еліміз жаңа Экологиялық кодексті қабылдамақ.
Бүгінде әзірленіп жатқан жаңа Экологиялық кодекстің тұжырымдамасы жұма күні елодада «Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы» ЗТБ Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астанадағы бағдарламалар офисінің қолдауымен өткізген дөңгелек үстелде кеңінен талқыланды. Оған Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар мен сарапшылар қоғамдастығының өкілдері, қауымдастық мүшелері және бірқатар үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Жиын «Жаңа Экологиялық кодекс – Қазақстандағы «жасыл» экономика қағидаларын сапалы түрде іске асыру құралы» тақырыбында өтті.
Жиын барысында «Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы» ЗТБ төралқа төрайымы Әлия Назарбаева, Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар офисінің басшысы, елші Дьердь Сабо, «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ басшысы Рәпіл Жошыбаев және тағы басқалар сөз сөйлеп, тұжырымдама төңірегіндегі ұсыныстарын ортаға салды.
«Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы» ЗТБ төралқа төрағасы Ә.Назарбаева соңғы кездері еліміздегі экологиялық ахуалдың төмендегінін көптеген адам сезінетінін атап өтті. Ал экологиялық мәселелерді азайтудың бірден-бір шешімі – еліміздегі заңнаманы жетілдіру. Тіпті жаңа заң қабылдаудың уақыты келді. Оған мысал, қазіргі қолданыстағы заңға 2017 жылға дейін 63 рет өзгеріс енгізіліпті. Ал бұл аз көрсеткіш емес. Сол себепті Ә.Назарбаева жаңа заңды қабылдау әлемдегі дамыған елдердің экологиялық саясатына деңгейлесуге жасалған маңызды қадам деп санады. Ал бұл заң экологиялық күрделі мәселелерді шешіп қана қоймай, жасыл экономиканың кең етек жаюына барынша ықпал етпек. Яғни, заңнама әлеуметтік факторлармен қатар, елдің экономикалық өсіміне де әсерін тигізеді.
Қауымдастықтың төралқа төрайымы жаңа кодексте «жасыл экономика» терминін бекіту керектігін атап өтті. Сондай-ақ экологиялық реттеу тәсілдерін қайта қарауды ұсынды. «Мемлекет «жасыл» экономикаға өту үшін бизнеске тиімді ынталандыру шараларын жасауы тиіс», деді Ә.Назарбаева. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» жасыл технологияларды енгізуге әрекет етіп, жасыл бизнес үшін «бір терезеге» айналуы тиіс. Сонымен қатар ол Қазақстан жаһандық және халықаралық процестердің қатысушысы және «жасыл» бастаманың қолдаушысы екенін атап өтті. Айтуынша, Париж климаттық келісімі бойынша 2030 жылға қарай парниктік газдың шығарылуын 15%-ға төмендету міндетін жүзеге асыру еліміздегі белгілі бір қатерлердің алдын алмақ.
«2020 жылдан бастап отандық бизнестің алдында жаңа талаптар туындайды. Мұндай ұлттық міндеттерді орындамау қазақстандық тауарлардың әлем нарығына шығуын шектеп, сонымен қатар басқа да экономикалық санкциялардың қабылдануына әкелуі мүмкін», деді ол. Осыған орай жаңа Экологиялық кодекске «жасыл» экономика терминін және оны жүзеге асыру принциптері мен механизмдерін заң жүзінде енгізуді, сондай-ақ үлестіру мен сату жүйесін қайта іске қосуды ұсынады.
Жиында Энергетика министрі Қ.Бозымбаев жаңа Экологиялық кодекс тұжырымдамасы 2018 жылдың маусымына дейін дайын болуы тиістігін айтты. «Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауына сәйкес ұлттық экологиялық заңнаманы өзектендіру бойынша сіздермен бірлесе үлкен жұмыс атқаруымыз қажет. Қазақстан 2016 жылы ЭЫДҰ-ның саяси құралы – Жасыл өсу туралы декларацияға қосылды. Осы декларацияның аясында біздің жұмысымыз «жасыл» инвестицияларды ынталандыру, «жасыл» өсуге және осы саладағы халықаралық ынтымақтастықты күшейтуге кедергі келтіретін механизмдерді жою арқылы «жасыл» өсу саясатын дамытуға бағытталып отыр», деді министр. Сондай-ақ ол ұлттық заңнаманы жетілдіру және оны қоршаған ортаны қорғаудың халықаралық стандарттарының бірыңғай жүйесіне енгізу бойынша мемлекет алдында жаңа мақсаттар тұрғанын атап өтті.
Министр қазіргі таңда Қазақстанда экология саласында жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдардың арасында Ә.Назарбаева басқаратын «Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы» шоғырландырушы күш саналатынын, сондай-ақ Энергетика министрлігі құзырлы орган ретінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы барлық мәселелер бойынша үкіметтік емес ұйымдармен тығыз қарым-қатынас орнатуды қалайтынын айтты.
Негізінен еліміздің заңнамасындағы экологиялық нормалардың көпшілігі, әсіресе өндірістік кәсіпорындарға қатысты талаптар әбден ескіргені белгілі. Тіпті кейбірі қоршаған ортаны қорғау шараларын толыққанды жүзеге асыруға кедергі болып отыр. Нақтысында, қолданыстағы Экологиялық кодекс аймақтардағы экологиялық мәселелерді шешуден гөрі, бюджет қаржысын көбейтуге бағытталған екен.
Өкінішке қарай, кәсіпорындардан алынған экологиялық төлемдердің басым бөлігі қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмыстарға емес, басқа салаларға жұмсалуда. Сондықтан жаңа кодексте экологиялық айыппұлдардан түскен қаражатты мақсатты пайдалану, оларды есептеу әдіснамасына, қолдану ережелеріне қатысты өзгерістер енгізіледі деген үміт бар. Бұдан бөлек, кәсіпорындарды «жасыл» технологияны енгізуге, өндірістік қалдықтарды, соның ішінде, техногенді минералды түзілімдерді қайта өңдеуге ынталандыру қажет. Ескерілуі тиіс маңызды бағыттардың қатарында өндірістік қалдықтарды басқаруды, экологиялық реттеу механизмдерін, экологиялық аудит жүйесін жетілдіру жұмыстары бар. Дөңгелек үстел барысында, міне осы мәселелер қызу талқыланды.
Бұл жаңа Экологиялық кодекстің басты міндеті – еліміздегі жасыл экономиканың үлесін арттыру болып отыр. Себебі бүгінде Қазақстанның барлық энергия балансының 1 пайызы ғана жаңғырмалы энергия көздеріне тиесілі. Ал Үкіметтің жоспарына сәйкес ол 2020 жылға қарай 3 пайызға, ал 2050 жылы 50 пайызға дейін жетуі керек.
Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»