Оған арнайы Қазақ Ұлттық өнер университетінің, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың, С.Сейфуллин атындағы Аграрлық университеттің студенттері, Оқушылар сарайы мен №3 музыкалық мектептің оқушылары және dombyra-flashmob.kz сайтында тіркелу арқылы күй тарта алатын қала тұрғындары мен қонақтары да қатыса алатындығы айтылған болатын.
Сонымен мамыражай майдың алғашқы күні Астана жұрты «Бәйтерек» монументінің алдында жиналды. Тайға мінген баладан бастап таяққа сүйенген қарияға дейін жиналды дегенді қазақ «тайлы-таяғы қалмай» дейді ғой, бұл домбыра-флешмобқа дәл солай жиналды. Бұл сөзді көрермендер ғана емес, қатысушыларға да қарата айтуға болады. Күйшілердің алды 74 жастағы ақсақал болса, кішісі 10 жастағы жеткіншек. Ал бастаушысы Астана қаласы Мәдениет және спорт басқармасының бастығы Болат Мажағұлов. Мұндайда қаланың мәдениет басқармасының басшысы қолына домбыра алып, қала тұрғындарының қақ ортасында отырғаны көзге де, көңілге де жарасымды-ақ екен.
Домбыра-флешмобқа домбыралы ақындардың арнау жырымен басталды. «Бес жүз күйші қолына домбыра алса, Бес жүз жылқы шапқандай дүбірлетіп» деп бастады Серікзат Дүйсенғазы, «Ұлдарға Құрманғазы атамыздың, Қыздарға Дина апамның жолын берсін» деп қостады Мейірбек Сұлтанхан, «Тұлпарлары тықыршып тоқтамай тұр, Болат ағам жәйменен бастай берсін» деген Мұхтар Ниязовтың жырынан кейін күй ағыны бөгеуді бұзған тасқындай ағытылып кете барды.
Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов дирижерлік жасаған оркестр Құрманғазының «Сарыарқа» күйін дүркірете жөнелді. Әр жақтан шашырай келіп жайғасқан әр адам бір сәтте бір күйді төгілте жөнелгенде шынымен де бойыңды белгісіз бір ыстық ағын кернеп кетеді екен. Бұл әсер – бөлек әсер! Бұл – қазақтың бір деммен соққан жүрегіндей, бір жүректен шыққан тілегіндей елес берген ерекше сәт!..
Тегінде, елімізде талай флеш-моб өтіп жүр ғой, бірақ бұл флешмобтың орны ерекше болды. Өйткені қазақтың тұла бойында домбыраның үні бар! Домбыраның үні қанындағы қыл пернені басып өткенде жан-жүрегі тебіренбейтін қазақ кемде-кем. Сөйтіп арғымақтай алағызып алған домбырашылар бір күймен тоқтай алмады. Кезек-кезегімен «Балбырауын», «Ерке сылқым» күйлерін төгілтіп-төгілтіп келіп, әрі қарай ауыздығын шайнап алып қашқан аттың басын «Адай» күйіне жібере салды!..
Домбыраның пернесімен шанағында ойнақтаған он саусақ шынымен де ұлы дала төсінде дүбірлеген мың сан тұлпардың тұяғындай дүркіреп тартты дегейсің! Тартты! «Адайды» тартпай күйшілердің де, тыңдаушы жұрттың да арыны басылар емес. Айқайлап, шулап ашық аспан астында теңселіп тұр!
Бұрын да мереке күндері 10-15 күйшінің басын қосып «домбыра-думан» өткізіп жұртқа қазақы һәм мерекелік көңіл күй сыйлап жүрген «Байтақ» қоғамдық қозғалысының төрағасы Жаңарған Қарабала: «Астана қаласы мәдениет және спорт басқармасының қолдауымен «Байтақ» қоғамдық қозғалысының ұйымдастыруымен өткізіп жатқан бұл шараны «Ұлы Дала үні» деп атадық. Мақсатымыз – мәдени мұрамыз бен ұлттық рухани құндылықтарымызды кең көлемде насихаттау. Алдағы уақытта мұндай флешмобты бұдан да ауқымды етіп өткізу жоспарда бар. Өзгелердің де қызығушылығын тудырып жатқан секілді. Алматыда, басқа қалаларда өткізуге қабарласып жатқандар бар», - дейді.
Ұлттық рухани құндылықтарымызды кең көлемде насихаттау деген осындай-ақ болар. Керемет күй, керемет күн! Мамыр десе дегендей, көңілді жұртқа күннің көзі де ерекше елжіреп, шуағын төкті! Қыр арқасын қыс қажаған астаналықтар арқасын күнге, кеудесін күйге төсеп ғажайып бір әсерге бөленді.
Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»