Бірінші ойында 2:1 жеңген «Реалға» өз алаңында ұтылмаса да жететін еді. Кем дегенде тең нәтиже керек. Зинедин Зидан қойған мақсатына жетіп, оның шәкірттері «Бавариямен» 2:2 тең ойнады. Алайда матч барысында неше түрлі жағдайлар орын алды. Ойынның небәрі 5-минутында Йозуа Киммих есеп ашты. Өткен ойында да осындай оқиға орын алып еді.
Тура сол сценарий бұл жолы да қайталанып, көп уақыт өтпей «Реал» таразы басын теңестірді. Ішкі біріншілікте жолы болмай жүрген Кәрім Бензема сын айтушылардың аузына қақпақ қойып әдемі гол соқты. Зиданның корольдік клубтағы жақсы көретін ойыншысы әрі Алжирден шыққан жерлесі Бензема екінші тайм бастала бере екінші голды соғып, ойынның қаһарманына айналып шыға келді. Франциялық шабуылшының бұл Чемпиондар лигасындағы 55-голы болатын.
Кездесудің 63-минутында Хамес Родригес таразы басын теңестіріп, немістерге үміт отын сыйлады. Ресми түрде «Реалдың» ойыншысы болып саналатын Хамес «Баварияға» жалға берілген еді. «Реалдың» өз ойыншысы өзіне қарсы гол соғып, соның салдарынан мадридтік клуб талай мәрте жарыстан шығып қалған-тұғын. Фернандо Морьентес пен Альваро Моратаның голдары қалың жанкүйердің есінде шығар. Ал жалпы, колумбиялық жартылай қорғаушы «Реал» үшін де және «Реалдың» өз қақпасына да гол соққан 7-ойыншы.
Зинедин Зидан «Реалға» бапкер болып келгелі бері Чемпиондар лигасының екі ойыннан тұратын текетірестерінің ешқайсысында жеңілген жоқ. Француз бапкері «Реалды» 11 мәрте плэй-офф сынынан алып шықты.
Енді Киевте өтетін финалда «Реал» әлемдік футбол тарихына тағы да бірнеше өзгерту енгізуі ықтимал. Себебі үш мәрте қатарынан Чемпиондар лигасын жеңген команда әзірге тарихта болмаған. Ал Кубок чемпиондарының жарысы тарихынан бастап алар болсақ, онда мадридтіктер 16-мәрте финалға шығып отыр. Мұндай көрсеткішті де әзірге ешбір клуб тіркей алған жоқ.
Ермұхамед МӘУЛЕН,
«Егемен Қазақстан»